2024 жылы елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі іске асты. Яғни, декларация-лаудың алғашқы екі кезеңіне қатысқан азаматтардан бөлек биыл заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және жеке кәсіпкерлер, олардың жұбайлары есеп беруі тиіс еді. Бұл науқан ағымдағы жылдың 16 қыркүйегінде түйінделуі керек болатын. Алайда, түрлі себептермен қажетті есеп-қисапты тапсырмағандар табылды. Жалпы, аймағымызда қанша адам міндетті декларацияны толтырмаған? Енді оларға қандай шара қолданылады? Осы және өзге де сұрақтарға облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Руслан Рахымберді жауап берді.
— Руслан Қайыргелдіұлы, облысымызда декларация тапсыру жағдайына тоқтал-саңыз. Қазіргі уақытқа дейін қанша адам міндетті есепті толтырып үлгерді?
— Биыл аймағымызда декларациялаудың 3 кезеңі шеңберінде заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыптары) санатына жататын 67 846 жеке тұлға активтер мен міндеттемелер туралы декларациясын, яғни, 250 нысанын ұсынуы тиіс еді. Қазіргі таңда олардың ішінде 58 604 жеке тұлға немесе 86,4 пайызы декларация тапсырды. Яғни, 9 242 азамат немесе 13,6 пайызы тиісті есепті әлі толтырған жоқ. Сонымен бірге, жалпыға бірдей декларациялаудың алғашқы екі кезеңінің қатысушылары да биыл есеп берді. Атап айтсақ, мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы кәсіпорындардың қызметкерлері, олардың жұбайлары да 270 нысанды декларация тапсыруға міндеттелді. Облыста 116 382 жеке тұлға кірістерін көрсетуі тиіс еді. Бүгінде 105 692 адам есеп тапсырды. Әлі 11 мыңға жуық азамат декларация толтыруы тиіс. Осылайша, декларациялаудың үш кезеңі бойынша аймағымызда жиырма мыңға жуық жеке тұлға кірісі мен мүлкі туралы есеп беруі тиіс.
— Декларация тапсырудан бас тартудың себебі не деп ойлайсыздар?
— Қазіргі уақытта декларацияны тапсырудан бас тарту деректері тіркелген жоқ. Уақытылы тапсырылмауының басты себебі — міндеттеменің барын кейбір азаматтардың білмеуі.
— Осы ретте, тапсырмағандармен қандай жұмыс жүргізілуде? Міндетті есеп бермегендерге қандай шара қолданылады?
— Декларация тапсырмаған 19 932 жеке тұлғаға салық есептілігін ұсынбағаны туралы хабарламалар жіберілді. Хабарламаны алған сәттен бастап 30 жұмыс күні ішінде мұндай адамдар декларацияны толтыруы немесе түсініктеме беру арқылы олқылықты жоюы қажет. Мұндай салық төлеушілерге Салық кодексінің 118 бабы 1-тармағының 1-тармақшасында көзделген шара қолданылады. Яғни, банктік шоттары бойынша шығыс операциялары бұғатталады. Ол азамат есеп бергенге дейін бұл операциялар уақытша тоқтатыла тұрады.
Сонымен қатар, декларацияны ұсынбағаны, декларацияда толық емес, анық емес мәліметтерді көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет ескерту жасалады. Ал бұзу-шылықтар ескертілгеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған жағдайда, декларацияны ұсынбағаны үшін 15 айлық есептік көрсеткіш (55 380 теңге) мөлшерінде, декларацияда толық емес, анық емес мәліметтерді көрсеткені үшін 3 айлық есептік көрсеткіш (11 076 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Мұндай шаралар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 272-бабында көрсетілген.
— Ескерту хабарламалары қалай жолдануда? Хабарлама электрондық поштаға ма әлде ұялы телефонына түсе ме?
— Салық есептілігін ұсынбағаны туралы хабарламалар бірқатар тәсілмен жіберіледі. Электрондық цифрлық қолтаңбасы бар немесе «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген болса, онда салық төлеуші кабинеті веб-қосымшасына және «электрондық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушының кабинетіне электрондық тәсілмен жіберіледі. Бұл ретте «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік нөміріне қысқа мәтіндік хабар жолданады. Ал ЭЦҚ-сы жоқ әрі «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелмегендерге пошта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хат жібереміз. Ал декларацияны қағаз түрінде тапсырғысы келетіндер Халыққа қызмет көрсету орталығына баруына болады. Сондай-ақ пошта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен де есеп беругежол ашық. Электронды түрде декларацияны салық төлеушінің кабинеті (cabinet.kgd.gov.kz), «Электронды үкімет» порталы (egov.kz) және «е-Salyq Azamat», «eGov mobile», «Halyk Bank», «Kaspi Bank», Банк «ЦентрКредит» мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға рұқсат.
Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қаңтарынан азаматтардың қалған санатын, яғни кәмелет жасына толған азаматтардан бастап, жалпыға бірдей декларациялаудың төртінші кезеңі басталады.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.