Айман ЗЕЙНУЛИНА, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, желтоқсаншы:
Тән жарасы жазылса да, жан жарасы жазылмаған, сол бір желтоқсан ызғарының есіп өткен лебіне де қырық жылға тақапты.
Иә, ол кезде қайғы мен қасіретке толы желтоқсанда біздің бәріміз де ойы толыға, тілі шыға қоймаған сәбиге ұқсас едік. 17-18 желтоқсан елімізге ақ пен қараны аңғартқан күн болды. Бұл күн аңсап жеткен Тәуелсіздік күні болды.
Қазақ үшін әділет сапары оңай болған жоқ. Көп қырылдық, тілді ұмыта бастадық, «айналайын» деген сөзден айырылып қала жаздап, қазық қозғалар шақта есімізді жиғандай болдық…
1986 жылы мен Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының соңғы курсының студенті едім. 17 желтоқсанда алаңға шыққан жастар легінің тең жартысы кім десе, өздеріңізге белгілі қыздар болды. Түнгі 11-ге дейін алаңда болып, жатақханаға келсек, факультет деканы құрметті ұстазымыз, белгілі ғалым С.М.Исаев, кураторымыз М.Х.Шаяхметова, басқа да ұстаздарымыз қорқынышүреймен қарсы алып, тексеруден өткізіп, жатақхананы бекіттіріп, жауып тастады. Ертесінде саппен сабаққа барып, сол тәртіппен кері жатақханаға қайтарды. Бірақ, «алаңда не болып жатыр?..» деген ой әрбіріміздің санамызда тұрды. Тобымызбен жаппай алаңға кетіп қалдық. Кешке қарай ұрып-соғудың астында қалып, суық суға малшынып, қашып келе жатқанымызда Фурманов көшесінің бойында бір жігіттің басы жарылып, ыңырсып жатқанын көрдік. Тастап кетуге қимай, оны АШИ-дың №8 жатақханасына кіргізіп кетейік деген оймен бұрыла бергенімізде алдымыздан 5-6 милиция жасақшылары шыға келді. Ұрып-соғып, автобусқа отырғызып, Фрунзе ауданының ішкі істер бөліміне апарды. Жауап алып, бізді қоя берді. Таңғы 4-5-те жатақханаға келдік. Бойымызда үрей, бірақ, пәленің көкесі алда екенін қайдан білейік…
Күнде бізді таңғы 10-нан түнгі 22.00-ге дейін жабық көлікпен «Қазақ КСР прокуратурасы» деген жазуы бар үйге әкеледі. Қ.Рысқұлбеков, Ж.Тәшенов, Күзембаев істерінің (Савицкийдің өлімі туралы материал) қазақ тіліне аудару, қылмыстық оқиғаларды ойлап тауып, қосып жазу сияқты жұмысын берді. Салтанат Қожахметова, Жанар Рүстемова, Гүлбарам Тұрлыбекова көзімізде жас, қолымыз дірілдеп, медициналық сөздікті аударып отырып, жазу жазғанбыз. Салтанат марқұм шыншыл, бірбеткей еді, ол жігіттерге сатқындық жасап жатқанымызды айтып, бұл жұмыстан бас тартуымыз керектігін айтты. Әрине, ол әрекетіміз кейін өзімізді де жазалауға негіз болды. «Ұлтшыл, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы» деген хат ауылымызға да жолданып үлгерген. Бірақ, сол кездегі кафедра меңгерушісі, көрнекті ғалым С.Исаев ұстамдылықпен, әкелік жүрегімен бізді қызғыштай қорғап, аман алып қалды. Түнде ұйқы, күндіз күлкіден айырылып, алты ай түрме аузында жүріп, институтты тәмамдадық…
Туған елге – Павлодарға оралып, бала кезімдегі арман туын тіккендей болдым. Олай дейтінім, Павлодар педагогикалық институтында тіл жанашыры болған профессор Е.Өтебаевтың ұйымдастыруымен қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы ашылды. Оқу орындары, мектеп, балабақшада қазақ бөлімдері ашылып, ана тілін меңгеру науқанына кірісіп кеттік.
«Ерлік жасадық» деп мақтанбай-ақ қояйық, бірақ, сол желтоқсан ызғары тиген тән мен жанды қарайтқан күннің азабы бүгінгі күннің жеңісі болды. Мен сол үшін бақыттымын!