Әр ата-ана баласының жан-жақты дамығанын қалайды. Білімді болумен қатар өнерлі, денесі шымыр болып қалыптасқанына көңіл бөледі. Баланың бойына жастайынан сіңірген дағды мәңгілікке сақталатынын біледі. Сондықтан ұл-қызын түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға тасиды. Баласының икемін байқап көреді. Қалауына құлақ асады. Сөйтіп, соңында ұл-қызының жанына жақын, қолынан келетін өнер мен спорттың бір түріне барынша тереңінен баулуға көшеді. Бұрын мұның бәрі ақылы еді. Шамасы жеткендер баласын жетелеп, жан-жақты етуге жанын салса, қазіргі таңда Artsport атты мемлекеттік бағдарламаның арқасында өнер мен спорты тегін үйреніп, жаттығуға мүмкіндік берілді. Елімізде былтыр 560 мыңнан астам бала спорттық және шығармашылық бағытта қамтылған. Осылайша, балаларды қосымша біліммен қамту аясы кеңи түсті. Осы ретте, тегін шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларына қалай тіркелуге болады? Аймағымызда өнер мен спорттың қай түрлеріне тегін жазылуға болады? Осы және өзге де сауалдарға облыстық «Saryarqa samaly» газетінің Инстаграм парақшасында өткен тікелей желі барысында жауап берілді. Тікелей желі қонақтары — облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Талғат Сәкен және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Салтанат Хасенова. Тікелей байланысқа шыққан оқырмандар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауап алды. Сондай-ақ, онлайн желіге дейін де оқырмандар сұрақтарын жіберген еді.

Тілші сауалы:

— Алдымен, Artsport бағдар-ламасынан бейхабар ата-аналарға платформада қалай тіркеліп, үйірмені қалай таңдайтынын түсіндіріп берсеңіздер.

Талғат СӘКЕН:

— Біріншіден, artsport.edu.kz сайтына кіру керек. Алдымен, тіркелу қажет. Платформада «Ата-аналар үшін», «Жаттықтырушылар үшін», «Жеткізушілер үшін» деген үш тармақ көрсетілген. Электронды-цифрлық қолтаңбамен ата-ана ретінде верификациядан өту керек. Содан соң «Ата-аналар үшін» деген тармақтан «Менің балаларым» бөліміне балаңыздың аты-жөнін, жеке сәйкестендіру нөмірін дұрыс жазу арқылы бағдарламаға қосасыз. Одан әрі қарай балаңыздың барғысы келетін бағытын, шығармашылық үйірме немесе секцияның түрін таңдау қажет. Ол үшін платформада өзіңіз тұратын облысты белгілеп, бағытты таңдайсыз. Яғни, спорттық па, шығармашылық па, соны айқындап алу қажет. Содан соң нақты спорттың немесе өнердің бір түрін белгілеп, бассаңыз, сіз көрсеткен аймақта мұндай қанша үйірме, секция бары картада көрініп тұрады. Солардың ішінен өнім берушінің, яғни, ұйымның профилін қарап шығуға болады. Өзіңізге жақынын немесе қалағанын белгілеп, кезекке тұрасыз. Балаға ваучер (орын) беруді күту кезегі «менің өтінімдерім» бөлімінде көрсетіледі. Ваучер берілген жағдайда 10 жұмыс күні ішінде таңдаған ұйымға барып, қажетті құжаттарды тапсырып, өнім берушімен келісімшарт жасайсыз. Кейде ваучерге қаражат болса, кезек күтпей бірден қабылдануыңыз да мүмкін.

 

Тілші сауалы:

— Аймағымызда шығарма-шылық және спорт бағытында бағдарлама аясында қанша үйірме, секция жұмыс істейді:

Салтанат ХАСЕНОВА:

— Облыста шығармашылық
35 бағыт бар. Яғни, 219 үйірме жұмыс істейді. Оның 35 пайызы ауылдық елді мекенде орналасқан. Түрлеріне тоқталсақ, бидің саналуан түрі бар. Олар – ұлттық билер, балет, заманауи билер, хореографиялық ансамбль, бал билерінің үйірмелері жұмыс істейді. Бейнелеу өнерінің үйірмелері сурет салу, графика, көркем фотосурет бағыттарын қамтиды. Сәндік-қолданбалы шығармашылық үйірмелерінің қатысушылары тоқу, кесте тігу, бисер өру, ағаш оюдың қыр-сырын үйренеді. Театр және кино бағытында актерлік өнер және сахналық сөйлеу, компьютерлік графика, анимация және мультипликация жанрларын жан-жақты меңгереді. Бейнетүсірілім және монтаждау мүмкіндіктерін де үйренуге болады. Тағы бір тармақ – заманауи АРТ-индустрия үйірмелері. Мұндай үйірмелердің шәкірттері визаж, грим жасау, киімдерді үлгілеу, пішу, тігуді оқиды. Флористика, икебана өнерлерін бойына сіңіреді. Вокалдық үйірмелерде экстрадалық ән шырқап, хормен ән айтады. Халық әні бағытындағы үйірмелерде халық әндерін нақышына келтіре орындауды оқытады. Аспаптық орындаушылық бағытына сұраныс жоғары. Мұнда мамандар балаларға пернелі, ішекті, эстрадалық, ұрмалы-соқпалы аспаптарда ойнаудың барлық айла-тәсілін үйретеді. Музей ісі бағыты бойынша өлкетану, гид, археология деп бөлінеді. Әдеби үйірмелерде поэзия, проза, көркем оқу, шешендік өнері қамтылған.

Талғат СӘКЕН:

— Спорт саласында 27 спорттық бағытта тегін секциялар ашылған. Облыс көлемінде шамамен 650-ге жуық секция бар. 5 бағыт бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған секциялар жұмыс істейді. Бізде балалар көп баратын спорт түрлері ішінде футбол көш бастап тұр. Мұнда аймағымыздың 4000-ға жуық баласы жаттығады. Волейболмен 1200 бала айналысса, үштікті жүзу спорты, дзюдо, таэквондо түйіндеп тұр. Олардың әрқайсысына 1000-нан астам балғын барып жүр. Одан бөлек,  спорттық гимнас-тика, үстел теннисі, бокс, шахмат, еркін күрес, көркем гимнастика, үлкен теннис, баскетбол, қазақ күресі, каратэ, спорттық би, хоккей, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, жеңіл атлетика, грек- рим күресіне де қызығушылық бар. Мүмкіндігі шектеулі балаларға бейімделген жүзу, бочча, үстел теннисі, футбол, бадминтон секция-лары ашық. Одан бөлек, тірек-қозғалыс аппараты зақымданған балғындарға отырып ойнайтын волейбол, жеңіл атлетика, үстел теннисі, шахмат және басқа да түрлері қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жүзу секциялары Екібастұз бен Павлодар қаласында ғана бар.

 

Тілші сауалы:

— Бұл үйірме-секциялар қанша баланы қосымша біліммен қамтып отыр?

Талғат СӘКЕН:

—  Спорт секцияларына қазіргі таңда 13 594 бала барып жүр. Биыл  5 мың балаға ваучер үлес-
тірілді. Қалғандары — бағдарлама басталғаннан бері спортпен айналысып жүргендер. Балалардың футбол, волейбол, баскетбол спорттық ойын түрлеріне қызы-ғушылықтары басым. Жүзу мен үлкен тенниске деген сұраныс та артып келеді. Жалпы, әр спорт түріне кезекте тұрғандар бар. Мәселен, бүгінде бүкіл спорт түрлеріне  5781 бала кезекте тұр. Сұранысқа сай жыл сайын бағыттар, секциялар саны артып келеді. Мысалы, бағдарлама іске қосылған 2021 жылы облыста 6538 бала 20 бағыт бойынша қабылданды. Араға жыл салып өрендер қатары 9 мыңнан асты. Бұл жылы 23 бағытпен қамтылды. Былтыр 25 бағыт бойынша
11 509 бала жаттықты. Биыл тағы екі бағыт қосылды.

Салтанат Хасенова:

—  Шығармашылық үйірмелерге барып, өнерін шыңдауға ниет танытушылар қатары аз емес. Бүгінде облыста 7489 бала тегін өнер үйірмелерге қатысады. Оның 600-ден астамына ваучер биыл берілді. Шығармашылық бағытта оқушылар би, аспаппен орындауды жиі таңдайды. Қазіргі таңда 1700-ден аса бала шығармашылық үйірмелерге кезегін күтуде. Үйірмелердің де саны өсуде. 2021-2022 жылдармен салыстырғанда екі есеге өсті. Басында 100-ден аса үйірме жұмыс істеген еді.

 

Тілші сауалы:

— Бағдарламаның жұмыс істеуі өңірлердің қарастыратын қаржысына байланысты екенін білеміз. Осы ретте, облысымызда бұл бағытқа қанша қаржы бөлінуде?

Талғат СӘКЕН:

— Жылда бала саны өскен сайын сәйкесінше қаржыландыру да артады. Мен спорттық бағытқа тоқталсам, 2021 жылы 355 млн теңге бөлінсе, 2022 жылы 1 млрд 807 млн теңге қарастырылды. Былтыр 2 млрд 14 млн теңге жұмсалды. Биыл облыста 2 млрд 751 млн теңге бөлініп отыр. Айта кету керек, бағдарлама жан басына шағып есептеледі. Сондай-ақ, айлық есептік көрсеткішке байланған. Демек, бұл көрсеткіш өссе, қаржы көлемі де көбейеді.

 

Тілші сауалы:

Қатысушылардың жас шамасына шектеу бар ма?

Талғат СӘКЕН:

— Әр спорт түріне қабылдауға қойылатын жастық шектеу бар.  Кейбір спортқа балалар 5 жастан бара алса, кейбіріне 9-10 жаста ғана қабылдайды. Мәселен, баскетбол, волейболға 9 жаста барады. Хоккей, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, спорттық гимнастика, көркем гимнастика, жүзу, үлкен теннис, үстел теннисі сияқты спорт түрлеріне 4-6 жас аралығында алады. Ал бала 18 жасқа толғанда бағдарламадан шығарылады.  Жалпы, бағдарламаға баланы тіркегенде оның жас шамасы сол спорт түріне сай келмесе, платформа оны қабылдамайды.

 

Нұрлан:

Ұлым бір спорттық, бір шығармашылық бағытқа барса дегенмін. Бірақ, олай болмайды екен. Бірақ, таныстарымның кейбір баласы екеуіне де тегін барып жүр. Неге?

Талғат СӘКЕН:

— Платформаның қазіргі талабы бойынша балалар тек бір ғана секцияға немесе үйірмеге баруына рұқсат. Яғни, не спорттық, не шығармашылық бағытты таңдайды. Бұл өзгеріс 2022 жылы енгізілді. Бұл дегеніңіз, бағдарлама еліміз бойынша барынша көбірек баланы қамтуды мақсат етті. Сондықтан бір балаға бір ваучер ғана беріледі. Ал 2022 жылы жаңа ережеге дейін тіркеліп, екі үйірмеге барып жүргендер әрі қарай жалғастыра береді. Демек, танысыңыздың баласы сол ереже шықпай тұрып тіркеліп, қатысып жүрген болуы керек.

 

Тілші сауалы:

— Ал бала бір секцияға, үйірмеге қанша уақыт (жыл) бара алады?

Салтанат ХАСЕНОВА:

— Үйірмеге бір тіркеліп, барып жүрген өрен өзі шығып кеткенге дейін қатысып жүре береді. Яғни, өзге өңірге қоныс аударса немесе қалауы басқа бағыт болса, ата-анасы өтініш беріп, шығуына болады. Сонымен қатар, 18 жасқа толғандар платформадан шығарылады. Өнім беруші (қызметті ұсынып отырған кәсіпкер) өзі жаттықтыратын, өнерге баулитын балалардың жас шамасын біледі. 18 жасқа толса, өзі реттеп отырады. Егер жасына қарамай оператор мекемеге, яғни бізге табелін тапсырып қойса, біз бұл баланың қатысқан сабақтарын қаржыландыра алмаймыз. Сондықтан өнім берушілер өздері ол жағын қадағалап отырады.

 

 Айман:

Ауылда тұрамын. Қызымды қалаға үйірмелерге аптасына екі рет апарып тұрғым келеді. Бізге тегін үйірмеге қатысу үшін қалада тұрғылықты тіркеу қажет пе?

Салтанат ХАСЕНОВА:

— Балаңыз ұлттық білім берудің деректер базасында тіркелген болса болғаны. Ол базаға балабақшаға немесе мектепке баратын балалардың мәліметтері енгізіледі. Ең бастысы, облысымыздың аумағында тұруы тиіс. Ауылдан қаладағы үйірмеге келуіне жол ашық. Әу баста, бағдарлама қабылданғанда үйірме-секциялардың іргеде болуына мән берілді. Қазір бұл талап алынып тасталған.

 

Тілші сауалы:

Секциялардың санын кім белгілейді? Қаладағы шағын аудандардың әрбірінде болуы қадағалана ма?

Талғат СӘКЕН:

— Осыншама секция болу керек деп біз белгілемейміз. Әр спорт түрінде бір топта қанша бала болуы керек деген өзіндік ережелері бар. Мысалы, баскетбол сияқты топтық спорт түрлеріне бір секцияда 21 баладан аспауы керек деген талап қойылады. Бокс, дзюдо сынды жекелеген спорт түрлеріне 12 баладан қабылданады. Бір айта кетерлігі, секциялар жаттықтырушыларға қойылатын заңдық талапқа да сүйенеміз. Бір жаттықтырушыны бір ғана ұйымда 8 сағаттық жұмыс күнімен есептесек, бір айда 170-180 балаға дейін жаттықтыруға рұқсат етіледі. Ал бірнеше мекемеде еңбек етсе, мұндай көлемде шәкірт тәрбиелеуге рұқсат етілмейді. Бұл — енді еліміздің Еңбек кодексіне сәйкес қолданылатын ереже. Әйтпесе, Artsport бағдарламасында мұндай талап көрсетілмеген. Бұл бір адамға түсетін жүктемені реттеу, сабақтың сапалы өтуі үшін жасалып отыр. Өнім берушілердің өтініштері негізінде секциялар ашылады. Біз тек бір ғимараттың спорттың бір түрінен екі ұйымның ашуына жол бермеуге тырысамыз. Яғни, ол спорт түрінің өзге шағын ауданда құрылғанын құптаймыз. Платформада спорттың бір түрін өзіңіз тұратын аймақтан таңдап қалсаңыз, картада бұл спорт бойынша қай жерде қанша ұйым жұмыс істейтіні шығады. Соған сай екінші өнім берушінің өтінімін қанағаттандырарда осы жағдай қарастырылады.

Павлодар қаласында спорттық секциялар ашқан 66 өнім беруші тіркелген. Екібастұзда — 19, Ақсуда – 10. Аудандар арасында ең көбі Павлодар ауданында жұмыс істейді. Мұнда 8 кәсіпкер балаларды мемлекеттік бағдарлама аясында спортпен тегін айналысуына мүмкіндік беріп отыр. Баяна-уылда – 6, Аққулыда –
4, Шарбақты, Тереңкөл, Ақтоғай аудандарының әрқайсысына үш кәсіпкерден осы бағытта жұмыс істеуде. Железин, Май аудандарында – 2, Успенде 1 өнім беруші балалардың тегін қосымша біліммен қамтылуына үлес қосуда.

 

 Тілші сауалы:

— Ваучер жылына неше рет үлестіріледі?

Салтанат ХАСЕНОВА:

— Ваучер бюджет қаражатының үнемделуіне қарай үлестіріледі. Яғни, кей бала белгілі бір себептермен үйірмеден кетіп қалса, орын босаса, қаржы да үнемделеді. Сол қаражат есебінен жаңа ваучерлер беріледі. Жаңа ваучердің пайда болғаны туралы біз ertis_madenieti парақшасында жариялап отырамыз. Бір ескеретіні, ваучер кезекте тұрғандарға беріледі. Платформада ваучер үлестіруге оператор мекеменің еш қатысы жоқ. Біз тек бос орынды ашамыз. Ары қарай бағдарлама кезекте тұрғандарға береді.

 

Арман:

— Ұлымды биыл қаңтар айында «Азбука плаванияға» кезекке қойған едім. Бірақ, қазір платформада ваучерге ешқандай кезекке тұрмағанымды көрсетіп тұр. Сонда ол кезегім қайда кетті? Ұлым осы бағдарлама бойынша акробатикаға баратын. Қазір бір ай болды бармайды. Жүзуге ауысайық дегеміз.

Талғат СӘКЕН:

— Бағдарламаның талабы бойынша бір балаға тек бір ваучер беріледі. Сіздің ұлыңыз акробатикаға барып жүрген. Сондықтан, платформа өз талабына сәйкес бұрыннан қолында ваучері болғандықтан оны атвоматты түрде кезектен алып тастаған. Қазір акробатикадан шығып кетсеңіздер, жүзуге қайтадан тіркелуге болады.

 

Тілші сауалы:

Бір балаға бір секцияның құны айына шамамен қанша болады? Кәсіпкердің қосымша білім беруге жасайтын жағдайына қарай айқындала ма?

— Өнім берушінің жағдайына қарай қалыптастырылмайды. Құны нарықтық баға негізінде түзіледі. Бір бала айына 12 сабаққа қатыса алады. Яғни, бағдарлама айына тек 12 сабаққа ғана қаржы қарастырады. Әр спорт түріне қарай құны да әртүрлі. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған спорт секцияларына бір балаға айына 24-26 мың теңге бөлінеді. Шахматты алсақ, 14-17 мың шамасында.

 

Құралай:

Қызымды жыл басында домбыра үйірмесіне кезекке қойғанмын. Алайда, жуырда қарасам, кезекте жоқсыздар деп көрсетіп тұр. Неліктен кезек жойылып кеткен?

Салтанат ХАСЕНОВА:

— Artsport бағдарламасының өзіндік талабы шыққан. Балаңызды кезекке қойғанннан кейін оны растап отыру қажет. Мұндай растау шаралары ақпан және тамыз айларында жүргізіледі. Кезегін растамағандар автоматты түрде бағдарламадан жойылады. Бұл — нақты баратын балаларды айқындау үшін қолға алынып отырған қадам. Себебі, кейбір балалар өзге қалаға қоныс аударады немесе қалауы өзгеріп, бұл үйірмеге бармайтын болады. Бірақ, ол кезекте тұра берсе, нақты барғысы келетіндерге кедергі болады. Ал нақты баратын балаңызды растауды ұмытып кетсеңіз, кезекке қайта тұруыңыз қажет. Әлбетте, кезегіңіз қайтадан кешеуілдеп қалады. Сол үшін барынша мұқият болып, уақытылы растап отырған жөн. Мәселен, қазір тамыз айының 31-іне дейін растау кезеңі жүріп жатыр. Осы аралықта кезегін растамағандар
1 қыркүйекте кезектен түсіп қалады.

 

Тілші сауалы:

— Сұранысы төмен немесе балалар жиі кетіп қалатын, оқыту деңгейі төмен үйірмелерді анықтап, оларды жабу жайында мәселе қарала ма?

Талғат СӘКЕН:

— Мұндай мәселе көтерілген емес. Мұндай секциялар да кездескен жоқ. Әр балаға ақша бөлінетіндіктен кәсіпкерлер де оларды барынша ұстап қалуға, қызықтыруға күш салады. Өнім беруші белгілі бір себептерге байланысты секцияны жабуды ұйғарса, бізге хат жазады. Жалпы, бағдарлама басталғаннан бері аймағымызда былтыр жүргізілген тексеріс негізінде екі спорттық секция жабылды. Себебі, олар облыста жоқ және секцияға бармаған балаларды тіркеп алғаны анықталды. Яғни, жасанды түрде бала санын көбейтіп көрсеткен. Заң бұзғандар мемлекеттен заңсыз алған ақшаны кері қайтарды. Айта кетерлігі, платформаға енгізілген өзгерістерге байланысты қазір мұндай әрекетке жол берілмейді. Өйткені, жаңа талап бойынша платформада ата-ананың электронды-цифрлық қолтаңбасы қажет етіледі. Сонымен қатар, бағдарлама ұлттық білім берудің деректер базасымен байланыстырылды.

 

Тілші сауалы:

Үйірмелерге бөлінетін қаражат – бюджеттікі. Сәйкесінше, қаржының мақсатты жұмсалуы қадағаланатын болар. Жалпы, секцияларға, үйірмелерге балалардың баруы, қатысу деңгейі қаншалықты жиі тексеріледі?

Талғат СӘКЕН:

— Ата-аналар Artsport платформасында баласының барған-бармағанын әр айдың соңында растап отырады. Электронды-цифрлық қолтаңба арқылы расталады. Өнім берушілер ай сайын жаттығуын, үйірмелерін өткізеді. Сосын әр айдың 20-сынан кейін платформа табель ашады. Өнім беруші оны толтырады. Яғни, әр баланың барған күндерін белгілейді. Айдың соңында ата-анаға электронды табель қол қоюға ұсынылғанда ата-аналар баласының бармаған күндерін «бармады» деп көрсетуін өнім берушіден талап етуге болады. Ал ауырса, оны медициналық анықтамамен бекітуі тиіс.

Түйін:

 

Осылайша, елімізде қолға алынған бағдарлама балалардың бос уақытын тиімді өткізуге өзіндік үлесін қосып келеді. Мәселен, аймағымызда 21 мыңнан астам өрен өнер мен спорттық дағдыларын тегін меңгеруге мүмкіндік алып отыр. Бұл да — мемлекеттің болашаққа салып жатқан инвестициясы. Білімді, өнерлі әрі дені сау ұрпақ елдің ертеңі емес пе?! Сондықтан Қазақстан бойынша қолға алынған бастаманың түпкі нәтижесі оңынан болуы үшін ата-аналар тарапынан да қадағалау болуы қажет сияқты. Себебі, баланың нақты барған-бармағанын қол қойып, растайтын — ата-ана. Осы ретте, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына да жауапкершілікті сезінуі керек. Бір анығы, уақытылы әрі орынды ойлап табылған бағдарлама. Қолы жетпей жүрген жерлерге ұл-қызын апаруға ата-анаға мүмкіндік берді.

 

«Тікелей желіні» жүргізген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.