Елімізде ChatGPT нейрожелісі пайда болғалы жасанды интеллект көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Оның көмегімен әп-сәтте мақала, дипломдық жұмыс жазуға болады. Тіпті, адамның орнына есеп шешіп, код жазып, мәтінге жауап береді. Одан бөлек, сурет салатын, видео жасайтын, видеодағы адамды кез келген тілде сөйлетіп беретін сервистері бар. Десе де, мамандар оның адамзатқа қауіпті тұстары да бар екендігін айтады. ChatGPT деген не? Оның адамзатқа төндіретін қаупі қандай? Нейрожелі болашақта қызметкерлердің орнын баса ала ма? Осы және өзге де мәселелерді «Алаңның» талқысына салып көрдік.
Магеррам МАГЕРРАМОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (пікір интернеттен алынды):
— Бүгінде білім беру жүйесі жасанды интелектіні жиі қолданады. Оның ішінде мектеп және жоғары оқу орындары тапсырмаларының жауабын дайындап, романдардың қысқаша мазмұнын жасап беретін ChatGPT нейрожелісі аса танымал.
Өкінішке қарай, білім алудағы бұл әдістің кесірінен балалар сыни тұрғыдан ойлана алмай, күрделі сұрақтардың жауабын өзі шешіп таба алмауы мүмкін. Осындай қарқынмен біз елдің интеллектуалды келешегінен айырыламыз. Мұндай мәселе өзге мемлекеттерде де орын алуда. Мәселен, Аустралия мен АҚШ-тың кейбір штаттарында әлеуметтік желіні пайдалануда адамдардың жас шектеулерін қарастыратын заң қабылдаған. Мұндай заң біздің елімізде де қабылданғаны жөн деп санаймын.
Ықылас ОРАЗБАЙҰЛЫ, ІТ саласының маманы:
— ChatGPT алғашқы нұсқасы жарияланғаннан бастап оған назарым ауды. 4-5 айдан бері қолданып келемін. Әсіресе, GPT-4 нұсқасы жарияланғаннан кейін тіпті көп пайдаланатын болдым. Автоматты аудару жүйесінің өзі Google аудармашыдан жақсы аударады. Мен сурет сызу, мақала жаздыру, кітаптарды, мақалаларды мазмұндау секілді мүмкіндіктерін көп пайдаланамын. 1 минутқа жетпейтін уақытта адамның көңілі толатын көркем фотоны дайындап береді. Мен оған қазақи фотолар да сыздырып көрдім.
Қазақша айтқан сөзді түсінуі мен жауап беруінде қиындықтар кездеседі. Бұл жағын алдағы уақытта жақсартады деп ойлаймын. Өйткені, ChatGPT айфон секілді жаңаланып отырады, кемелденіп отырады. Келешекте ол экран арқылы тікелей жүздесіп, сізбен сұхбаттасатын деңгейге жетуі мүмкін. Сіздің көңіл-күйіңізді де эмоцияңыз арқылы сезіп, біліп отыратын болады. Жасанды сана қоғамның әр саласына толық мүмкіндігі мен ықпал еткенде, қаншама маман жұмыссыз қалуы мүмкін. Дегенмен, бұл кәсіби мамандар мен технологиялар жетіспейтін мамандықтар үшін аса қажетті қосымша деп ойлаймын.
Арайлым НҰРЖАНҚЫЗЫ, бастауыш сынып мұғалімі:
– ChatGPT нейрожелісінің мүмкіндіктері мол. Мәселен, оқу жүйесінде нейрожеліні виртуалды көмекші ретінде пайдалануға болады. Бұл оқу процесінің барынша жеңіл өтуіне және білім беру ресурстарының ыңғайлы болуына жағдай жасайды. Дегенмен нейрожелінің өзіне тән кемшіліктері мен артықшылықтары бар. Кемшіліктеріне келетін болсақ, нейрожелі мәтінді талдау мен студенттің білімін бағалауда қателіктер жібереді. Мәселен, қазақ тілінде орфографиялық қателіктер жіберіп, сөйлемдер бір-бірімен байланыспай қалуы әбден мүмкін. Кейде сұрақ қазақ тілінде қойылғанымен, жауап тек қазақ тілінде емес, ағылшын және орыс тілінде аралас беріледі. Ал артықшылықтарына келетін болсақ, кез келген сұраққа жауап табуға болады.
Алғашында адамзат жасанды зердені өз өмірін оңтайландыру, жұмысын жеңілдету құралы ретінде ойлап тапқанын ұмытпаған жөн. Сондықтан жаңа заманның кез келген жаңалығын орынды пайдалансақ, адам баласына жақсылық әкелетіні сөзсіз.
«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.