Cyбұрқақтар сән қосты

Мам 29, 2025

Жаз келсе, жан жадырайды. Күн шуағы құшағына алған шақта қала көшелері де тіршілік лебімен тыныстап, ерекше әрге бөленеді. Ал сол көркем көріністің ажарын айшықтайтын нысанның бірі — субұрқақтар.

Қазіргі таңда Павлодар қаласында 22 субұрқақ жұмыс істеп тұр. Олардың басым көпшілігі жарық, дыбыс жүйесімен жарақталып, музыкалық инсталляцияға айналған. Сәулеттік нысандарды күтіп-ұстап, оларға үздіксіз қызмет ету үшін 19 субұрқақ Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қарасты «Коммунсервис» мекемесінің балансына берілген. Қалғаны – жекеменшік иелігінде.

Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл субұрқақтар 10 сәуірден бастап іске қосылған. Олардың жұмыс уақыты күн сайын таңғы 9.00-10.00ден кешкі 21.00-22.00 аралығын қамтиды. Ал мереке күндері түнгі 23.00-ге дейін ұзартылып, тұрғындарға ерекше әсер сыйлайды. Субұрқақтар дүйсенбі күні іске қосылмайды. Себебі, апта басы – санитарлық күн. Сонымен қатар сыртқы ауа райы қолайсыз болған жағдайда субұрқақтар уақытша жұмысын тоқтатады. Қазіргі таңда қаладағы екі нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Орталық жағалау және «Каскад» субұрқақтарында тастар ауыстырылып, көріктендіру шаралары қолға алынған.

Қала тұрғындары үшін өткен жылы жасалған тамаша тарту – Ломов пен академик Сәтбаев көшелерінің қиылысында қайта жанданған субұрқақ. Бұл нысан 1990 жылдары жұмысын тоқтатып, ұзақ уақыт бойы ескерусіз қалған еді. Субұрқақ 2024 жылы заманауи технологиямен жаңғырып, музыкалық және жарық жүйесімен толықты. Су, жарық, дыбыс – бәрі бір ырғаққа түсіп, адам назарын бейжай қалдырмайтын эстетикалық туындыға айналды. Қаланың көркін келтірген субұрқақтардың қайта жандануы тұрғындар көңілінен де шыққан тәрізді.

— Ломов пен академик Сәтбаев көшелері қиылысындағы субұрқақтың қайта іске қосылғанын көріп, қуандым.  Кешкісін балалармен бірге серуендеп, осы субұрқақтың маңына келеміз. Жарығы, су дыбысы -бәрі көңілге тыныштық сыйлайды. Қаланы көркейткен жақсы бастама деп ойлаймын, — дейді қала тұрғыны Айгүл Төлеуқызы.

Субұрқақ – тек қаланың көркін келтіретін сәулет нысаны емес, ол – көңілдің көркі. Қаланың тынысын, тұрғындардың көңіл-күйін дәл осы сарқыраған су үні бейнелейтіндей болып көрінеді.

Әдемі КӘУКЕН, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті.