«Tasqyn» жүйесі қолданылады

Ақп 20, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Елімізде Tasqyn су тасқынын болжау және модельдеу жүйесі өндірістік қолданысқа берілді. Бұл өзара ақпарат алмасып, жедел хабарлар жіберуге қолайлы. Сондай-ақ елімізде көктемдегі мол суды жинап алып, жазда қуаңшылықта пайдалануда көздейтін су қоймаларын жаңадан салу, ескілерін жаңарту бойынша Президент тапсырмасы іске асырылуда.

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша аппарат кеңесінде мәлімдеді. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі таңда өзендердің 128 учаскесіндегі 142 су бекеті бойынша су тасқынын модельдеу жүргізіледі. «ҚазСуШар» филиалдары мен бассейндік инспекциялардың 114 маманы су бекеттері бойынша деректерге күнделікті талдау жасайды және оны жүйеге енгізеді.

Tasqyn жүйесі жаһандық GloFAS су тасқыны жөнінде ескерту жүйесіне біріктірілген. Tasqyn 2025 жылдың су тасқыны кезеңіне соңғы болжамды наурыз айының басында береді.

«Су тасқынына ел ішіндегі дайындықтан бөлек, біз көрші мемлекеттердегі әріптестерімізбен де тұрақты байланыстамыз. Ақпарат алмасу жедел жүреді. Көктемгі су тасқынын қабылдауға қоймаларда бос орын дайындау үшін су тастау жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда еліміздің су қоймалары 13 млрд текше метр су қабылдай алады», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Осыған дейін биыл жергілікті экожүйені сақтау үшін 2,5 млрд текше метр су жіберілетіні туралы хабарланған болатын.

2024 жылы осы мақсатта 1,5 млрд текше метр су жіберілді. Мысалы, Қызылорда облысының көлдер жүйесін сақтауға 889 млн текше метр, Павлодар облысының Шідерті өзенінің сағаларына 87,5 млн текше метр, Теңіз–Қорғалжын мемлекеттік қорығының көлдерінің экологиялық жағдайын жақсарту үшін Нұра өзеніне 29,7 млн текше метр су жіберілді.

Ақтөбе облысының Елек өзеніне 90 млн текше метр су жіберілді. Түркістан облысының су шаруашылығы нысандарынан 144 млн текше метр, ал Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы «ҚазСуШар» филиалының нысандарынан 133 млн текше метр су жіберілді.

— Біздің министрлік 219 көлді суға толтыруды, 204,2 мың гектардан астам шабындық алқап пен 5,23 мың гектар орманды жерді сумен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл су көздеріне жақын орналасқан аудандардағы экологиялық жағдайды және сумен жабдықтауды жақсартады. Барлық іс-шараларды жүзеге асыру құрғақшылық қаупін азайтуға, жем-шөп алқаптарының сапасын жақсартуға, ауыл шаруашылығы мен жергілікті экожүйенің тұрақты дамуына тиімді ықпал етеді, — деді Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаментінің директоры Құдайберген Қорғанбаев.

Жалпы, Президент тапсырмасы бойынша көктемдегі су тасқыны мен қуаңшылықтың алдын алатын су қоймалары салыну қолға алынған. Алдағы 3 жылда 42 жаңа су қоймасы салынады. Гидро нысандар екі бағытта пайдаланылады. Шамадан тыс қар немесе жаңбыр суы текке жерге сіңіп кетпей жиналады. Сосын жаздыгүні егіс алқаптарына айдалады, яғни тасқынмен бірге қуаңшылықтың да алдын алуға көмек.

Сондай-ақ қазір қолданыстағы 37 су қоймасы қалпына келтіріледі деп жоспарланған.

– Біз жақын арада кешенді жоспарды бекіттік. Оның ішінде 42 жаңа су қойма салу. 37 су қойманы реконструкциядан өткізу. Сол су қоймалар су тасқынына қарсы әдейі пайдаланылады. Екіншіден, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады, — деді Су ресурс-тары және ирригация министрінің бірінші орынбасары Болат Бекнияз.

Айтуынша, құрылыс жұмыстары 2028 жылға дейін аяқталуы тиіс. Бұған дейін еліміздің солтүстік, батыс, орталық және шығыс өңірлеріндегі су қоймалары көктемде тасқын суды қабылдауға дайын болу үшін жаппай су жіберіп жатқаны хабарланды.

Әзірлеген — Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

Сурет газет мұрағатынан алынды.