Photo Valeriy BUGAYEV

Жуырда аймақ басшысы аудандарды аралап, іссапармен Шарбақты ауданының Арбаиген ауылына аялдады. Жоспарлы жұмысы аяқталып, енді көлікке беттеген кезінде ауылдың тұрғындарының бірі кездесіп, облыс әкіміне өзі туған ауылындағы өздерістерге балаша қуанып, «біздегі жағдай Астанадан кем емес» деп айтқаны бар-ды. Елді мекенде не бар, не жоғын да тізбектеп үлгерді. Туған өлкесі үшін көңілі бөлек екенін білдірді. Қазіргі мақсаты ауылына оңтүстіктен тұрғындарды тартып, өзі 45 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан білім ордасында оқушылар қатары артқанын қалайтынын айтты. Өзінің қара басының қамын емес, халқының жағдайына алаңдаған анаға, ұлағатты ұстазға мен де ерекше сүйсіндім. Кейін аты-жөнін, байланыс нөмірін тауып, сұхбатқа тартқан едім. Ол – аталмыш ауылдың тумасы, ардагер ұстаз, ауыл белсендісі Мәдина Есжанова.

– Мәдина Қорғанқызы, ауылыңыздағы өзгерістерге балаша қуанғаныңызды көрдік. Соған қарағанда бұл жаңалықтарды көптен күткенге ұқсайсыз…

– Біздің ауылдағы өзгерістер көп жыл ауыл тумасы, елордалық кәсіпкер Мұрат Әбешевтің демеушілігімен орын алып келді. Көздің жауын алатын, балалар кірсе, шыққысы келмейтін заманауи алаң салып берді. Биыл жасыл жабындысын тағы ауыстырды. Жанына қыста сырғанақ та орнатты. Түнде жанып тұратын қызылды-жасылды шамдары да ауылымызға көрік беріп тұр. Одан бөлек, дәмхана салып берді. Ауылдастарымыздың ас беру, тойы осында өтеді. Содан ауданымызға былтыр жаңадан тағайындалған әкім Сержан Мерғалымұлы келгенде «ауылымыздағы өзгерістердің бәрі өзімізден өсіп-өнген кәсіпкер азаматтың үлесінен орын алып жатыр, енді бюджеттен қолдау болуы керек» деп бұйымтайымды жеткізген едім. Уәде берілді, биыл орындалуда. Ауылымызда стандартқа сай медициналық пункт құрылысы жүріп жатыр, футбол алаңы салынады. Кіреберіс жолымызға асфальт төселуде. Осы оң өзгерістерге қуанып, облыс әкіміне «Астанадан кем емес» деп айтқан едім.

– Жасырын емес, көп адам қара басының қамын күйттеп кетеді. Ортақ іске келгенде кірісіп кететіндер некен-саяқ. Сіздің бойыңыздағы мұндай патриоттық сезім қайдан қалыптасты?

– Әкеме тартқан болармын. Анам қарапайым үй шаруасында болды. Әкем Қорған 53 жыл өмірін білім саласына арнаған. Осы ауылдың тумасы, әлі де туған өлкесінде тұрып жатыр. 90-ға таяса да, ауылына алаңдап отырады. Кезінде ауымызда халық санының артуына байланысты 11 жылдық мектеп керектігін ауылдан шыққан депутат Байтемір Досмұхановқа хат беріп, ол депутаттар сессияларының бірінде тікелей Дінмұхамед Қонаевқа жеткізіпті. Сөйтіп, қазақтар шоғырланған ауылға жаңа мектеп салу жөнінде шешім қабылданыпты. 1988 жылы қазіргі мектебіміз бой көтерген еді. Әкем әр жылдары әкім-қаралардың есігін қағып, ауылына керек-жараққа өтінім білдіріп, ауылдастарының талап-тілегін жеткізумен жүретін. Кейбір азаматтар әкімдер келсе, жолатпауға тырысатын кездер болды. Онда да аймақ басшысы аялдаған орындарда ебін тауып, елді мекен тұрғындарының бұйым-тайын білдіріп жүретін. 1983 жылы ауылдағы клуб жанып кетіп, отыз жыл мәдениет ошағынсыз күн кештік. 10 жыл көтеріп жүріп, Ғабдул Уахит Хазірет кесенесіне барған облыс әкімін ауылымызға ертіп әкеліп, әкеміз мәдениет үйінің қажеттілігін көрсете білді. Сөйтіп, 2013 жылы мәдениет үйі салынды. Міне, сол әкемнің ісін жалғастырып жатқан жайым бар. Бойыма әке қанымен сіңген болар бұл қасиет. Қазір «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасынан кейін көп өзгеріс орын алуда. Талап-тілегімізді тікелей жеткізе аламыз. Халықпен санасады.

Ауылым өзіме ыстық. Осында білім алдым. 1980 жылы Павлодар педагогикалық институтын физика-математика пәнінің мұғалімі ретінде бітіріп, өз мектебімде еңбек жолымды бастадым. Оңғарбай есімді сыныптасыммен отау құрдық. Табан аудармай 44 жыл жұмыс істедім. 12 жыл қатардағы мұғалім, 5 жыл тәрбие ісінің меңгерушісі, 1997-2017 жылдар аралығында директорлық қызмет атқардым. Басшылық қызмет берілген жыл елімізде тоқырау кезеңі еді ғой. Мұғалімдер жалақының тұрақсыздығынан сауда-саттық салаларына кете бастаған шақ. Ұстаздарды ұстап қалу мәселесі тұрды. Біздің мектептен бірде-біреуін жібермедім. Тазалыққа қажетті шүберек, сабынның өзін алатын ақша жоқ. Оларды үйден әкеліп, амалдадық. Жарық жиі сөніп, тәуліктеп болмайтын. Бірде 6 тәулік жарық жоқ, ауылдастарымнан жанар-жағармай сұрап, мотормен жарықтандырдық. Бұл жағдайлар біреуге ертегідей естілер. Алайда, біз өткен жол осы еді…

– Қазір ахуал оңалды. Алайда, шалғай ауылдарда халық санының азаюынан оқушылар қатары да сирегені рас. Бұл мәселені қалай шешпек керек?

– Екі мыңыншы жылдардың басына дейін халық табыс көзін іздеп қалалық мекендерге қоныс аударғаны рас. Жастарды қызық-тыратын дүние қалмады. Соның салдары қазір сезіліп отыр. Мекте-бімізде бүгінде небары 32 оқушы. Қатарын көбейтуге септігін тигізетін бірден-бір бағдарлама – оңтүстіктен солтүстікке қоныстандыру жобасы деп білемін. Аудан әкіміне де осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімді айтқанмын. Тіпті, аудан басшылығы маған оңтүстікке барып келсеңіз деп те айтты. Бізге былтыр 4 отбасы көшіп келді. Тағы бір отбасы қоныс аудармақ.

– Бір өңірден екіншісіне қоныс аудару оңай емес. Жаңа мекенге сіңісіп кету деген бар. Мемлекеттің материалдық көмегінен бөлек, жергілікті тұрғындардың да қолдауы қажет екені сөзсіз…

– Әлбетте, бізден де қолдаудың қажеттігін білеміз. Көшіп келгендерге қазақылығымызды танытып, ерулігімізді беріп, кезек-кезек қонаққа шақырып, дастарханымызды жайып жатырмыз. Бұйымтайлары болса, тыңдап, билікке жеткізіп те жүрміз. Көбінде маған келіп, талап-тілектерін құзырлы органға айтып берсеңіз деп қолқа салады. Сөздерін жерге тастамаймын. Қазіргі таңда ер азаматтар орман шаруашылығына жұмысқа орналасты. Әйелдері сиырын сауып, құрт-майын айырып, тіршілік етіп жатыр. Жағдайлары жаман емес. Олар да оңтүстіктегі туыс-туған, дос-жарандарын шақыруда. Он шақты отбасы көшуге дайын көрінеді. Тек бізде сатылатын үй жоқтың қасы. Бірнеше үй ретке келтіруді қажет етеді. Аудан басшылығы жергілікті бюджет есебінен оларды жөндеуді уәде еткен болатын. Жалпы, ауылымызда екі пәтерлі бірнеше үй салынса да деген тілегіміз бар.  Он отбасы келсе, қаншама оқушы қосылар еді.

– Ауылыңыздың бар-жоғын түгендеп жүреді екенсіз. Тағы қандай бұйымтайыңыз бар?

– Медициналық пункт салынса, әлеуметтік нысандарымыз түген-деледі. Бірақ 1983 жылы салынған мектебімізге күрделі жөндеу қажет. Есік-терезесі, алдындағы асфальті тозып тұр. Бір кездері мектепте жылыжайымыз болды. Жолдасым Оңғарбай биология пәнінен сабақ беретін. Осы жылыжайда оқушылар дән егіп, оның өсіп-өні процесін бақылайтын. Көктемде көкөністердің көшетін отырғызып, сатып, соған қажетті шелек, тырнауыш құралдарын сатып алатынбыз. Еңбекке баулуға өте жақсы жоба еді. Сол жылыжай қалпына келтірілсе деген тілегім бар. Мұны да айтып жүрмін. Жалпы, ауылдың мәселесін көтеруден жалықпаймын. Бір мәселені көтер-
сем, соны соңына дейін жеткізгім келіп тұрады. Бойымда күш-қуатымның барында халқым үшін қажетті әрекеттер жасай бермекпін. Ешқашан бас пайдамды ойламаппын. Материалдық байлыққа қызықпаппын. Мектепті өз үйімдей көрдім. Жетпегенін үйімнен тасыдым. Дүние емес, кітап сатып аламын. Жоғын ауыл, мектеп кітапханаларынан алып оқимын. Қолымдағы кітапты өзгеге сыйлау акцияларынан да қалыспаймын.

– Талай жыл ұстаздық етіп келесіз. Қазіргі білім жүйесіндегі өзгерістерге ойыңызды білсек…

– Көп реформа болып жатыр. Заман талабы болар. Дегенмен, біздің кездегімен әрдайым салыстырып отырамын. Қазіргі ұстаздардың сабаққа көңіл бөлетін уақытын түрлі есептер мен құжаттар алып қойып жатқан сияқты көрінеді. Біресе аттестациялауға дайындалады, біресе портфолио жинайды. Фото-бейне есептері тағы бар. Қағазбастылықты азайту айтылғанымен, меніңше, соншалықты ол орындала қойған жоқ. Жалпы, тестілеуден өтпей қалған мұғалімге бұл өте үлкен күйзеліс болады. Ұстаздыққа деген көңілін суытып тастай ма деп тағы алаңдаймын.

Зейнетке шықсам да, ұстаздық жолымды жалғастырып келемін. Негізгі пәнімнен бөлек, тәрбиенің бір бағытын жүргізіп келемін. Яғни, балаларға халық педагогикасы негізінде ұлттық құндылықтары-мызды дәріптеп келемін. Атақты ағартушыларымыздың мерейтойларына арнап, танымдық, сынып, тәрбие сағаттарын өткізіп, үлгі етуге мән беремін. Білім беруде тәрбиенің орнын ұмытпауымыз керек. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтылмаса керек.

– Жалпы, мұғалім қандай болуы керек?

– Ең алдымен, балаға мейірімді болуы керек. Алдына келген оқушының басынан сипап, «халің қалай, балам?» деп жылы сөз арнай білуі керек. Әрбір ұстаз осындай қамқорлық, жылулық бере білсе, қоғамда қатыгез ұрпақ қалыптаспайды. Мейірім дәнін себуден жалықпауымыз керек. Біздің буын өмірінің жазы өтіп, қысы қалды ғой. Десе де, бойда қуат болғанда білгенімізбен бөліскіміз кеп тұрады. Меніңше, аға буын ұстаздардың еңбек жолын, тәжірибесін жас мамандарға таныстырған жөн деп білемін. Талай қиындықтан өтсек те, мамандығымызға адал болдық. Директорлық кезімде бір жылдары аз қамтылған отбасыларға берілетін киім-кешекке қаржы бөлінбей қалды. Содан көпбалалы отбасының бес оқушысы киетін киімі болмай, мектепке келмей қалды. Жеңіл-желпі киімін, аяқ киімдерін алып беріп, мектепке әкелгенім бар. Мұндай қамқорлық әр баланың, ата-ананың жүрегінде мәңгілікке қалады. Оларға мұндай оқиға кейін өзгеге көмектесуге септігін тигізуі ықтимал.

– Ал енді ана, әже ретінде бала тәрбиесінде неге мән бересіз?

– Балалар – ел болашағы. Олардың тәрбиелі, білімді болғаны абзал. Бала – ел болашағы. Ол алдымен тәрбиелі, білімді болғаны абзал. Қазақылығымызды сақтаса екен деймін. Ұлтымыз жойылмай, ұлттық құндылықтарымыз дәріп-теліп, жалғасын тапқанын қалаймын. Бүгінгі буын ұлттық кодымыздан айырылмаса деймін. Осыған мән беремін. Біздің ауыл – қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл. Ұлттық тәрбиемен өсірдік балаларымызды. Жолдасым Оңғарбай екеуіміз Ғафур және Айымгүл есімді ұл-қыз өсірдік. Ұрпағымыздың адал, таза болуына мән бердік. Ұлым да мұғалімдік жолды таңдады. Информатикадан Павлодар қаласында сабақ береді. Қызым медициналық мекемеде еңбек етеді. Ең бастысы, адам болыңдар деп отырамыз. Қазіргі таңда немере-жиендеріміздің тәрбиесіне де араласып тұрамыз. Қазақы ортадан тәлім алсын деп арасында ауылға алып кетеміз.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде де ауылдастарымды ұйыс-тырып, ұлттық тәрбие, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге ден қоямыз. «Әжемнің ертегісі» атты аудандық  сайыста бірінші орын алдық. Бұл да – ауызбіршіліктің, ұйымшылдық нәтижесі. Әркім өзінің әрекетімен бүгінгі буынға үлгі болуы керек. Өз басым салауатты өмір салтын ұстанамын. 65 жасқа келсем де, таңғы жаттығуымды ұмытпаймын. Турникке де тартылып тұрамын. Алпыстан асқан шағымда жеңіл атлетикадан жеңімпаз атандым. Баскетбол жарысына да белсене қатыстым.

– Ауыл десе, көңіліңіз бөлек екенін аңғардық…

– Ауылдың өмірін ешқашан қалаға алмастыра алмайтын шығармын. Ауылымнан алыстасам, тынысым тарылады. Әсіресе, қалада көпке тұрақтай алмаймын. Туған өлкемнің таза ауасын, көгалын, жасыл орманын аңсап тұрамын. Ақ көңіл ауылдасымды көргім кеп тұрады. Қаланың қарбаласына ары кетсе екі күнге шыдаймын. Ауылымыздың бар байлығы – қазақылық. Қытайдан келген ағайындарымыз сол қазақылығымызды сақтап қалғанымызды айтып, таңданыс білдіргені бар. Облысымызда орыстілді орта басым деген оймен келсе керек. Ал бізде – қазақы орта. Оның сыры аға буынның ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарға мән беріп, біздің буынға табыстай білуінде, оны сәтті жалғастыра алуымызда деп түсіндіріп жатамыз. Енді халқымыздың саны артып, ауылымыз көркейе берсе дейміз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.