Көктем келісімен диқандар дала жұмыстарына кірісіп, ауа райының қолайлы әр сәтін ұтымды пайдаланып қалуға тырысуда. Күн жылына ауыл-аймақта құрылыс, жөндеу жұмыстары да қызды. Яғни, күздің қара суығына дейін жоспарлы істерді біржақты етуге күш салынуда. Міне, осындай облыс үшін маңызды жұмыстардың барысымен танысу мақсатында аймақ басшысы Асайын Байханов Успен және Шарбақты аудандарына арнайы барды. Шаруалармен, мердігерлермен тілдесіп, тиісті тапсырмалар берді.

 

Еш кедергі жоқ 

Алдымен аймақ басшысы успендік «Анна» шаруа қожалығының егіс алқабына аялдады. Аталмыш шаруашылық 12,6 мың гектарға дән егеді. Басым бөлігі – дәнді және майлы дақылдар. Одан бөлек, қарақұмық пен судан шөбі өсіріледі. Тұқыммен де толық қамтылған. Ылғалды да уақытылы жауып үлгерген. Өткен жылдан сабақ алған шаруа ылғал жауып, егістікті арамшөптен арылтуға мән берген. Шаруашылық басшысы С.Саруджиди алдағы жылға 600 гектарлық суармалы алқапты айналымға қосуға ниетті. Жоба құны 2,4 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда құжаттары әзірленуде. Ол үшін екі су қоймасы мен жерасты суын тартатын 10 шақты ұңғыма салынады. Қаржының 400 млн теңгесін шаруа өзі салуға әзір.
2 млрд теңгені мемлекеттік қаржы институттары арқылы алуды көздеп отыр. Бұл алқапқа жем-шөп дақылдарын егіп, мал басын көбейтпек. Қазіргі таңда 200 бас ақбас сиыры бар. Енді олардың санын 600-800-ге дейін жеткізуді жоспарлауда. Яғни, алдымен ол үшін жем-шөп қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Облыс әкімі Асайын Байханов диқандардың ішінде мал шаруашылығын қатар алып жүргісі келетіндер некен-саяқ екенін, сондықтан мұндай жобаға қолдау болатынын мәлім етті.

Жалпы биыл Успен ауданында 249,6 мың гектарға егін егіледі. Былтырғыдан қарағанда егістік 600 гектарға ұлғайған. Аудан әкімі Н.Мақашев алқаптарды әртараптандыру мақсатында бидай егісі азайтылып, есесіне қарақұмық 2 мың гектарға артыпты. Майлы дақылдар дәні себілетін егіс те өскен. Жем-шөп алқабы 1,4 пайызға артқан. Шаруалар техникаларын жаңартуға ден қойған. Өткен жылғы субсидиялары толық өтелген. Тұқыммен қамтылыпты. 3686 тонна жеңілдетілген жанаржағармай жеткізіліпті. Егін егу — науқаны маусымның алғашқы онкүндігінде аяқталады деп болжануда.

Аймақ басшысы барған «Егімбай» және «Алдияр» шаруашылықтарының да басшылары көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге еш кедергінің жоқтығын айтты.

 

Жайсыздық жойылады

Успен ауданында жол жөндеу де қарқын алған. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы И.Беймнің мәлімдеуінше, қазіргі таңда Чернорецк-Ольгин-Успенка-Шарбақты жолының 15 шақы-рымына орташа жөндеу жүргізілуде. Бұл аралық қанағаттанарлықсыз жағдайда болған. Жөндеуде ресайклинг әдісі қолданылуда. Шілдеде толық аяқталады. Ауданда облыстық маңыздағы 40 шақырымдық Павловка-Галицкое авто жолының 15 километрі де жөндеуді қажет етеді. Аталған аралықты ретке келтіру келесі жылға жоспарланып отыр. Бұл жоба іске асса, аудандағы жолдар
қанағаттанарлық қалыпқа келеді.

— Маңызды мәселелерді шешуге әрдайым мән беру керек. Соның бірі – жолдың жайы. Жайсыз жол ауылдардан тұрғындардың қалаға бет алуына итермелейтін факторлардың бірі. Жол бойы сервисіне де маңыз беру керек, — деді облыс әкімі.

Ауданда ауылішілік, кіреберіс жолдар да ретке келтірілуде. Мәселен, облыс бюджетінен бөлінген бонустық трансферттер есебінен Тимирязево, Галицкое, Константиновка ауылдарында, аудан орталығында көшелер асфальтталуда.

 

Кешіктірмеу керек

Облыс әкімі ауданда құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүріп жатқан әлеуметтік нысандарға барды. Успенка ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде. Құрылысы былтыр жыл соңында басталған. «Промжилстройкомплекс» ЖШС бас инженері Г.Тихонов құрылыс қараша айының соңында аяқталатынын айтты. Облыс әкімі А.Байханов күздің қара суығына қалдырмай, жеделдетіп, оқушылардың алғашқы тоқсанының соңында қолданысқа беруді тапсырды. Мұнда балалар спорттың 6 түрімен айналыспақ.

Ал Қоңырөзек ауылында мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде. Мердігер фирма «Namys Stroy» ЖШС білім ордасының ішкі жұмыстарына жауапты. Яғни, терезе жақтауларын, еденін, есіктерін ауыстырып, әрлейді. Мектептің сыртқы жұмыстарын жүргізуді жеңіп алған «Адина СтройПроект» фирмасы ауланы абаттандырып, кеспетас төсейді. Қоршауын ауыстырып, балалар ойын алаңын орнатады. Мектептің сыртын қаптайды. Қос мердігер де жұмыстарды тамызда толық аяқтайтындарын уәде етті. Бұл мектептің шатыры 2022 жылы ауыстырылыпты. Алайда білім ордасының басшысы кейбір тұстан су ағатынын айтты. Аймақ басшысы себебін анықтап, мердігерден кінә болса, кемшілікті жойсын, деді.

 

Көңнен — тыңайтқыш

Аймақ басшысы «Галицкое» ЖШС-нің жаңа жобаларымен де танысты. Аталмыш кәсіпорын қазіргі таңда суармалы алқап аумағын кеңейтпек. Былтыр басталған жоба аясында 250 текше метрді құрайтын су қоймасы жасалған. Серіктестік басшысы А.Касицын бұл жоба арқылы
553 гектар алқап суарылатынын айтты. Бүгінде 4 ұңғыма қазылған. Тағы біреуі қарастырылады. Өткен жылы жазда егістікті суарып та үлгерген. Осылайша, аталмыш шаруашылықта суармалы алқап көлемі 1600 гектарға жетеді. Келесі жылы тағы 452 гектар егістікті суару жобасын қолға алмақ. Бұл алқаптарда көкөніс өсіруге ниетті. Сәйкесінше, көкөніс қоймасын салмақ. Дақылдың бұл түріне көшуінің өзіндік себебі барын айтты. Яғни, көктемде салған көкөністі күзде жинап, бірден табысын алуға болады, дейді. Ал мал өсіруден кірістің келуі өте ұзақ уақытқа созылатынын жасырмады. Облыс әкімі айдалада, өзен-көлден алыс аумақта су қоймасын ұйымдастыру бірегей бастама екенін атап өтті. Асайын Қуандықұлы кәсіпкерге су қоймасын қоршауды тапсырды. Себебі, су қоймасы жол бойында орналасқан, тереңдігі 6,5 метр, түскен адамның шығу мүмкіндігі жоқ. Былтыр аталмыш ауданда су қоймасында орын алған қайғылы оқиғаны еске салды.

Кәсіпорынның тағы бір тың жобасы — көңнен тыңайтқыш алу. Яғни, малдың қиы арнайы құбырлар арқылы барлық мал қорасынан өңделетін цехқа құйылады. Осы жерде арнайы құрылғымен өңделіп, тыңайтқышқа айналады. Тағы да құбыр арқылы бірден алқапқа жөнелтіледі. Аймақ басшысы қалдықсыз өнеркәсіп құру жобасына оң бағасын берді.

Кәсіпкер бірегей жобалардан бөлек, қызметкерлерін баспанамен қамтуға ден қойған. Галицкое ауылында 16 үй тұрғызылмақ. Қазіргі таңда екі үйдің құрылысы аяқталған. Бюджет қаражатына бұл аумаққа электр, жылу, су желілері тартылған. Жол салынуда. Бұл ауылда екі көшеде 1,5 шақырымдық жол асфальтталуда.

 

 Асфальтсіз көше қалмайды

Шарбақты ауданында да айтарлықтай жаңалықтар орын алуда. Аймақ басшысының сапары барысында соған куә болдық. Мәселен, аудан орталығында ешқашан тас жолы болмаған көшелерге асфальт төселуде. Шарбақты ауданының әкімі С.Иманқұловтың мәлімдеуінше, аудандық маңыздағы Шарбақты-Северный бағытының 7,3 шақырымына, Сахновка ауылына апаратын 15 шақырымдық жолға орташа жөндеу жүргізілуде. Екіншісі толық аяқталған.  Арбиген, Хмельницкое, Шегірен ауылдарының кіреберіс жолдары да орташа жөндеуден өтеді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шегірен елді мекенінің көшелерінде 3,3 шақырымдық жол асфальт-талады. Тағы бір қуантарлығы, аймақ басшысының бастамасымен бөлінген бонустық трансферттер есебінен ауданда Орловка, Алексеевка, Заборовка ауылдарының ішкі және кіре-беріс жолдарына асфальт төселуде. Жобалар маусым айының аяғына қарай аяқталатынын мәлім етті.

Аудан орталығында жалпы ұзындығы 63,5 шақырымдық 50 көше бар. Биылғы жұмыстарды қосқанда 51 шақырымы асфальтталған болады. Тағы 12,5 шақырымдық 16 көшеге тас жол төселсе, аудан орталығында асфальтталмаған жол қалмайды. Аудан басшысының айтуынша, бұл көшелерге жобалық-сметалық құжаттар әзірленуда. Облыс әкімі Асайын Байханов қалған 16 көшеге тас жол төсеп, көшелердің асфальтталу көрсеткішін 100 пайызға жеткізуді қолға алу қажеттігін айтты.

 

Алқапта — алып техникалар

Астықты аудан Шарбақтыда да шаруалар көктемнің қолайлы күндерін сәтті пайдаланып қалуға қарбалас тірлікте екенін көрдік. Мәселен, «Заря» шаруашылығында себілетін тұқымды дайындау, түрлі преператтармен өңдеп, өнімді болуы үшін барлық алғышарттар жасалуда. Шаруашылық басшысы С.Белявский тұқымның ең сапалысын таңдағанын атап өтті. Егістіктің түрлі ауруларына, арамшөптер мен зиянкес-терге төтеп беретін технологияларды, тыңайытқыштарды тиімді пайдалануға мән беруде. Өткен жылы берілуі тиіс субсидиялардың бәрін алған. Тіпті, биылғы гербицидтер мен тұқымға берілетін субсидияға құжат тапсырып қойыпты. Аталмыш шаруашылықта қуаңшылыққа байланысты былтыр сұлы мен бидайдың шығымы төмен болғанымен, тары егістігінен гектарынан 16 центнер өнім алған. Майлы дақылды да гектарынан
орташа есеппен 9 центнер жинапты.

«Ива» ЖШС де техникасын сайлап, алқапта қызу жұмыста. Директоры Ерболат Мұқатаев көктемгі ылғал 1,5 айға жетеді деген болжам жасап отыр.

Аудан әкімінің мәліметінше, биыл 206,8 мың гектарға егін егіледі. Былтырғы деңгейде. Басым бөлігі, яғни, 186,9 мың гектарына бидай дәні себіледі. Майлы дақылдар алқабы 1 мың гектарға ұлғайтылмақ. Диқандар құрғақшылыққа төзімді мақсары дәнін егуді қолға алып отыр. Малдың жем-шөбін екі шаруашылық егетін көрінеді. Осы ретте, әлеуметтік жауапкершілік танытып отырған шаруашылықты айтпасқа болмас. Шарбақтылық «Никром» ЖШС директоры Валерий Сорокин 300 гектарға еркекшөп егіп, сол егістікті толығымен тұрғындар игілігіне бермек. Биыл бидай егіп, үстінен 2 сантиметрлік қашық-тықпен еркекшөп егеді екен. Күзде бидайды орып алған соң, еркекшөп жайқалып, келесі жылы
малдың жайылымына жайлы болмақ.

Ауданда шаруалар техника паркін жаңартуға көңіл бөлуде. Биыл диқандар 17 жаңа техника сатып алыпты. Оның тоғызын өз қаражаттарына алған. Тыңайытқыш, тұқым, жанаржағармай жеткілікті көлемде жеткізілген.

Қай шаруашылыққа барсақ та, диқандар ескі техникадан гөрі өнімділігі жоғары заманауи кешендерге басымдық беретіні, көліктерді жаңарту арқылы жақсы нәтижеге жетуге болатынын терең түсінгені байқалады. Облыс әкімі шаруалар үшін билік тарапынан барлық тиісті міндеттемелер орындалғанын, енді егіс науқаны сәтті аяқталып, күз өнімді болып, былтырғы ахуалдан кейін шаруалардың қалыпқа келуі жеңіл өтуін тіледі.

 

Мектеп жаңарады

Аймақ басшысы Арбаиген ауылында салынып жатқан медици-налық пункт құрылысын да тексерді. 150 шаршы метрлік ғимараттың қазіргі таңда іргетасы мен қабырғалары қалануда. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Қ.Сәтиев нысанның құрылысы шілде айының ортасында аяқталатынын мәлім етті. 289 адам тұратын ауыл тұрғындарына бір медбике қызмет көрсетеді. Медициналық пунктте медбикеден бөлек санитар маман жұмыс істейді. Сонымен бірге, ғимарат электрмен жылытылатындықтан электрик маманы қызметке қабылданады.

Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында мәдениет үйі мен мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Мәдениет үйінің құрылысы 70 пайызға жөнделген. Мұнда терезелері мен едені, жылыту құрылғылары, шатыры, электр желісі толық ауыстырылады. Тұрғындардың сұранысы бойынша мәдениет үйінің жертөлесіне ас беру рәсімдерін өткізуге арналған асхана жабдықталмақ. Аймақ басшысы мердігерге асығыстық танытып, сапасын төмендетіп алмауды ескертті.

Ауылдың мектебіне биыл қыркүйекте 50 жыл толады. Осы уақытта білім ордасы ешқашан күрделі жөндеу көрмеген. Бір қуантарлығы, аталмыш мектепте оқушылар саны көп. Бүгінде 151 оқушы білім алады, оған қоса, шағын орталықта 30 бүлдіршін тәрбиеленуде. Оқушы санының артуына көші-қон бағдарламасы септігін тигізіпті. 2019 жылы ауылға оңтүстіктен 45 отбасы қоныс аударған.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ. Успен, Шарбақты  аудандары.