Жалғасын табады

Жел 26, 2024

Тереңкөл ауылында халықтың жайлы өмірі үшін жыл сайын жан-жақты жағдай жасалуда. Соның нәтижесі болар, аудан әкімі Азамат Маңғұтовтың халықпен кездесуінде айтарлықтай күрделі мәселе көтерілмепті.

Ұсыныстардан бөлек, тұрғындар қаңғыбас иттерге қатысты ахуалға алаңдаушылық танытқан көрінеді. Балалар қауіпсіздігі үшін шара қолдануды сұрапты.

Жалпы, биыл аудан орталығында елді мекенді көріктендіруге байланысты біраз жобалар іске асқан. Тереңкөл ауылдық округінің әкімі Ризабек Айтмағамбетовтің айтуынша, биыл жалпы ұзындығы 4,5 шақырымдық 9 ауылішілік жол жөнделген. Сонымен қатар, округке қарасты Юбилейное ауылының кіреберіс жолы асфальтталған. Қ.Оспанова атындағы мектеп ауласына шағын футбол алаңы орнатылды. Алдағы жылы аудан орталығындағы қалған екі мектеп ауласында да осындай алаң ашылады. Тереңкөл ауылының көшелеріне тағы 25 жол белгісі орнатылып, жасанды кедергілер, жол сызықтары реттелген. Саябақтар абаттандырылып, қоқыс тастайтын орын тазартылған. Көшелерге 250 жарықшам орнатылған.

2025 жылға аудан орталығын абаттандырудың ауқымды жобалары жалғасын таппақ. Нақтысы, жағажайды қалпына келтіру, Оқушылар үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Торайғыров көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу көзделіпті. Бұл жұмыстарға қаражат қарастырылып қойған.

 

Г.МАҒЖАН.