Мейлі қалада, далада электр жарығынсыз тіршілікті елестету қазіргі өркениет заманында мүмкін емес. Сол жарықтың әр шаңыраққа, әр мекемеге үздіксіз жетіп, жалп етіп сөнбеуіне, жарқ етіп жанып тұруына жауапты жандар бар, олар – электриктер. Міне, осы маңызды мамандықты өміріне серік еткен азаматтардың бірі – Ербол Теміров.

 

Мектептен кейін ауыл шаруашылығы мамандығын меңгеруді жөн көреді. Сөйтіп, Красноармейка ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түседі.

– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдың орта шенінде ауылшаруашылығы саласының ұйымдастырушы-технологы мамандығын оқып шықтым. Мен оқу бітіргенде ауылдарда шаруашылықтар ыдырап, алған мамандығым жарамсыз болып қалды. Күн көру үшін басқа кәсіп меңгеруге тура келді. Содан Тереңкөл орталығындағы училищеде элект-риктің бір жылдық курсын бітірдім. Еңбек биржасы арқылы 1999 жылы аудандық электр станциясына жолдамамен жұмысқа орналастым, – дейді алғашқы еңбек жолын еске алған Ербол Айтжанұлы.

Алғашында контролер қызметін атқарады. Яғни, үй-үйді аралап, электр есептеуіш құралдарының көрсеткіштерін жазып алады. Есептеуіш құралдарының жарамдық мерзімін де тексеру міндетінде болды. Әр ісіне жауаппен қарайтын маманға қызметтің келесі сатысы сеніммен тапсырылады. Осы жолы Ербол Айтжанұлы электр желілеріне қызмет көрсететін электр-монтер атанады. Яғни, күннің суығына да, ыстығына да қарамай электр бағандарына мініп, ақаулы аумақты жөндеуге міндеттелді.

– Бұл шақта жағдай қиын еді. Шалғай ауылдарда электр сымдарын ұрлау деректері жиі тіркелетін. Қолды болғанын қалпына келтіріп үлгермейтінбіз. Инженерлеріміз арнайы көлікпен сым ұрланған жерге барып, полиция шақырып, қанша метрлік сымның жоқтығын тіркеп, ары қарай әрекет жасайтынбыз. Тоқсаныншы жылдың ортасына дейін жарық жиі сөніп қалатын болса, кейін сымның ұрлануы үлкен мәселе болған еді, – дейді еңбегі елеулі электрик.

2008 жылы тәжірибелі мамандар зейнетке шығып, олардың ізін жалғастыру біздің кейіпкерімізге бұйырыпты. Яғни, жедел-диспетчерлік қызметіндегі электрмонтер лауазымына ауысады. Бұл қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі, жедел-жылжымалы бригада құрамымен жарық сөніп қалған аумаққа шұғыл жетуі тиіс. Ербол Теміров Тереңкөл ауданының орта-лығы мен оған іргелес ауылдық елді мекендердің тұрғындарын күні-түні жарықпен қамтуға жауапты болды. Тұтынушылардың талабы – жарықтың барынша жылдам қосылуы. Міне, осы талапқа сай еңбек ету электрик мамандардан қажырлықты, білгірлікті қажет етеді. Тоққа түсіп қалмай, тұтынушының да тілегін жылдам орындау оңай шаруа емес, дейді білікті маман.

2013 жылы елеулі еңбегі ескеріліп, жедел-диспетчерлік қызметтің кезекші диспетчері қызметін атқаруға кіріседі. Бұл – екінің бірінің қолына тапсырыла бермейтін жауапты лауазым. Ербол Айтжанұлы саланың барлық сатысынан өткендіктен осындай міндет сеніммен тапсырылып отыр. Айтуынша, диспетчер тек телефон қоңырауына жауап бермейді. Ол мамандарды ақау анықталған аумаққа жедел жолдауға да жауапты. Ал мұндай кезде маманнан зор жауапкершілік талап етіледі. Себебі, ол қызметкерлерін қандай аумаққа аттандырып жатқанын, қаншалықты қауіпсіз екенін тереңінен ұғына алуы тиіс. Желідегі ақауды жою үшін қай тұстағы құрылғыны тоқтан ажырату қажеттігін, қай тұсты оқшаулау керектігін де білуі қажет. Ал мұндай ахуалды түсіне алмаған адам қызметкерлерінің де қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды. Ширек ғасырға жуық электрик ретінде еңбек етіп жүрген жаннан мамандар тапшылығы жайын да сұрадық. Айтуынша, бұл сала үшін мамандар жетіспеушілігі – өте өзекті мәселе.

– Жастар жағы бұл мамандыққа аса келе қоймайды. Келгеннің өзінде бір жыл тәжірибе жинақтап, ірі энергетикалық кәсіпорындарға, зауыттарға, яғни жалақысы жоғары жерге кетуге асығады. Дегенмен, бізде де соңғы уақытта еңбекақыны біртіндеп көтеруге мән берілуде. Ал электрмен жабдықтау мәселе-сіне келсек, электр желілерінің, құрылғылардың тозу көрсеткіші жыл санап артуда. Соңғы уақытта қатты желде жарықтан ажырап қалған сәттер орын алуда. Жыл сайын кіші-гірім аумақтарды ауыстырғанмен ол аздық етеді. Білуімше, биыл ауданымызда электр желілеріне қатысты айтарлықтай іс қолға алынбақшы. Жобасы әзірленуде. Сондықтан әр жылда жалғасын тапса, әжептеуір өзгеріс болар еді, – деп Ербол Айтжанұлы саладағы кейбір мәселелерді алға тартты.

Диспетчерлік қызметте жарық сөнген сәтте хабарласқан тұтынушылардың ренішін минуттап естуге тура келетінін де жасыр-майды. Мұндайда мамандардың тәулік бойы жұмыс істеп, ақауды жоюға әрекет етіп жатқанын сабырмен түсіндіруге тырысатынын айтады.

Әріптестері де Ербол Теміровтің еңбегін оң бағалап отыр. Ол өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға тырысатынын айрықша атап өтті.

– Ербол Айтжанұлы – біздің сауатты, жауапты, өз ісіне адал маманымыз. Апаттардың алдын алуға, тұтынушыларға қажетті электр тоғының кернеуін қысқа мерзімде беруге қажетті шараларды жедел әрі сауатты қабылдай алады, – дейді әріптесі Олег Александрович.

Айта кетерлігі, білікті маманның жары Айжан да аталмыш станцияда еңбек етеді. Ұлы Әділхан әкесінің ізін қуып, электрик мамандығын меңгеріпті. Бүгінде облыс орталығындағы кәсіпорындардың бірінде кезекші электрик қызметінде.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.