Келесі жылы Аққулы ауданында бірқатар жобалар қолға алынады. Оның ішінде ауызсу, әлеуметтік нысандардың күрделі жөндеуі мен құрылысы және жол жөндеу жұмыстары қамтылған. Жуырда облыс әкімі Асайын Байханов аталмыш ауданға жұмыс сапарымен барып, аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиын барысында осы жылды қорытындылап, келесі жылы іске асырылатын жобаларды таныстырды. Сондай-ақ, тұрғындардың көкейінде жүрген мәселелерін, ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Жаңа мектеп салынады
Алдымен аймақ басшысы Тілектес ауылында осы жылдың соңында құрылысы басталатын мектептің жобасымен танысты. 90 балаға арналған білім ордасының құрылысын осы жылдың желтоқсан айынан бастап, келесі жылдың тамыз айына дейін аяқтау жоспарланған. Аталған жұмысқа жауапты «First National Construction» мердігерлік ұйымының директоры Ерқанат Жұматовтың сөзінше, желтоқсан-ақпан айларының аралығында мектептің іргетасын қалау жұмыстары жүргізілмек. Мердігер барлық жұмысты жаңа оқу жылына дейін аяқтауға уәде берді.
Жаңа мектепте оқушыларға арналған шағын орталық болады. Сондай-ақ, абаттандыру бойынша шағын футбол, баскетбол алаңдары және балалар ойын алаңы қарастырылған. Бұл бастамаға оқушылармен қатар ауыл азаматтары да дән риза.
— Соңғы 4-5 жылдан бері ауылымыз қарқынды дамып келеді. Бүгінде балаларға арналған ойын және футбол алаңдары салынды. Жуырда көтерген мәселеміз де қазіргі уақытта шешімін тапты. Осыған орай облыс және аудан әкімдігіне ризашылығым мол, — деді Тілектес ауылының тұрғыны Гүлзағира Әубәкірова.
Естеріңізде болса, осы жылдың наурыз айында 1972 жылы қамыстан қаланған білім ордасына тексеріс жұмыстары барысында мектеп апатты деп танылған болатын. Кейін аталған мәселені елді мекен тұрғындары аймақ басшысының Аққулы ауданына осы жылдың жаз айында барған жұмыс сапарында тағы көтерді. Сол уақытта облыс әкімі мәселе алдағы уақытта оң шешімін табатынын айтқан еді.
— Жаз айында сіздермен кездес-кенде бұл мәселе көп ұзамай шешілетінін айтқан болатынмын. Сондықтан сабырлық сақтап, күткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бұйырса, мектептің ашылуын да бірге атап өтеміз деп ойлаймын. Бұл мектепте білім алатын балалар болашақта адал азаматтар болып өсетініне сенімдімін! – деді Асайын Қуандықұлы.
Бүгінде Тілектес ауылындағы орта мектепте 1-11 cыныпқа дейінгі 50 бала білім алады.
Тұрғындар игілігіне берілді
Бұдан бөлек, Тілектес ауылында медициналық пункт қолданысқа берілуі салтанатты өтті. Әлеуметтік нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды. Бүгінге дейін медбикелер жергілікті тұрғындарға медициналық көмекті шағын тұрғын үйде көрсетіп келген.
Аққулы аудандық ауруханасының бас дәрігері Айдын Көпайдарованың сөзінше, жаңа медициналық нысан барлық стандартқа сай, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.
— Медициналық пунктте екі медбике балалар мен ересектерге дәрігерге дейінгі және амбулаторлық көмек көрсетеді. Аптасына бір мәрте ауданнан дәрігер келеді. Мұнда телекардиография, екі физиотерапиялық аппарат, ультрадыбысты аппарат пен танометр сияқты жабдықтар бар. Тұрғындардың көпшілігі қан қысымының жоғарылауына байланысты шағымданады. Сондай-ақ, ЖРВИ және пневмонияға шалдыққан балалар да көмекке жүгінеді, — деді бас дәрігер.
Медициналық пункттің ашыл-ғанына ауыл тұрғындары қуанышты. Олар осы игі істің басы-қасында болған азаматтарға ризашылығын білдірді.
Ал әлеуметтік нысанның жұмысымен танысып шыққан облыс әкімі ауылдық медициналық мекемелерде онкология, кардиология салаларына ерекше назар аударылатынын атап өтті.
— Бүгінде, өкінішке қарай, облысымызда онкология, жүрек ауруы секілді кеселдер өршіп тұр. Сондықтан қазіргі уақытта бірінші Павлодар қалалық ауруханасында гибдридтік оталар жасауды қолға алудамыз. Сондай-ақ, елді мекендерге де жас мамандарды тартуды жоспарлап отырмыз. Оларды ауылға тарту оңай болмас, алайда оларға барлық жағдайдың жасалуын аудан әкімдеріне тапсырдық. Бүгінгі таңда қосымша жатақхана салудамыз, – деді Асайын Байханов.
Ауылдардың әлеуеті артады
Облыс әкімінің аудан тұрғындарымен тұрақты кездесуі Тілектес ауылының мәдениет үйінде өтті. Алдымен Асайын Байханов ауданның әлеуметтік-экономикалық деңгейі жоғары екенін атап өтіп, негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Сондай-ақ, өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, келесі жылдың жоспарларымен бөлісті.
— Аққулы ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоғары. Осы жылы тартылған инвестициялар көлемі 10 млрд теңгеден асты. Аудан дамуының негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы. Биыл ауданның суармалы жерлерінің көлемі 7 мың гектарға ұлғайды. Сондай-ақ, осы жылы алғаш рет «Агросервис Аққу» ЖШС-нің 400 гектар алқабында соя егілді. Біз үшін бұл алғашқы тәжірибе болды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарақала ауылының «Айгөлек» балабақшасы және жалпы ұзындығы 4,5 шақырым болатын 4 көшесі жөнделіп, Тілектес ауылындағы орта мектептің құрылысы басталды. Ал 29 млн теңгеге 6 мектептің қазандығы толықтай ауыстырылды. Келесі жылы Шарбақты ауылындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазы, Қазантай, Тақыр елді мекендеріндегі медициналық нысандарының құрылысы аяқталуға жақын, — деді ол.
Одан бөлек, Аққулы аудандық ауруханасының су құбыры, кәріз жүйесі, жылу және жеделдету желілері күрделі жөндеуден өтеді. Облыс бюджетінің берілген бонустық трансферт есебінен 10 шағын ауылға, яғни Қызылқоғам, Әйтей, Жабағылы, Төсағаш, Тақыр, Шәмші, Бесқарағай, Майқарағай, Шақа, Қазантай елді мекеніне шағын футбол және балалар ойын алаңдары орнатылады. Сонымен қатар, Қазы, Ямышев, Жамбыл, Жаңатаң, Әйтей ауылдарының көшелерінде электр жүйелерін жаңарту және Шарбақты, Төсағаш ауылдарында трансформаторлық станциялары орнатылады.
Аудан тұрғындары 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Алайда биыл аудан орталығындағы сумен жабдықтау желісінің тозу мәселесі туындаған. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бұл мәселені кешенді түрде шешу үшін келесі жылы су құбырының жаңа тармағын салу жоспарланған. Қазіргі уақытта жергілікті билік жобаны әзірлеу бойынша тиісті дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Асайын Байхановтың сөзінше, халықтың сұранысында көше жолдарын жөндеу басым. Сондықтан облыстық қаражат есебінен Аққулы, Қазы, Майқарағай, Қарақала, Қазы, Баймолдин, Қызылқоғам, Төсағаш, Мерғалым, Шарбақты, Малыбай ауылдарының жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал келесі жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Шарбақты, Әйтей, Жаңатаң, Төсағаш, Жамбыл ауылдарының кіреберіс жолдарын және Аққулы–Қазы–Майқарағай жол учаскесін асфальттау жоспарда бар.
Тұрғындарды не толғандырады?
Кездесу барысында Шақа ауылдық округінің тұрғыны, ауылдық кеңестің мүшесі Алтын Асаубаева елді мекенде өнермен, шығармашылықпен айналысатын жастардың барын айта отырып, ауылға мәдениет үйі мен әкімшілік ғимараттың қажет екендігін алға тартты.
— Ауылымызда 500-ге жуық тұрғын тұрады. Шағын мәдениет үйі бар. Алайда ол «Ертіс орманы» табиғи резерватының жеке меншігіне тіркелген. Жақында мекеме мамандарының қызмет атқаратын орындары жетіспегендіктен, сол беріп отырған бөлмелерін босатуды сұрады. Ал бізге ауыл жастарының шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін мәдениет үйі керек, — деді ол.
Бұл мәселеге қатысты Асайын Қуандықұлы ауылдық жерлерде әлеуметтік жағдайды жақсартуға жағдайлар жасалып жатқанымен, елді мекендерде салынған мәдениет үйлері жұмыс істемейтінін атап өтті.
— Ауыл тұрғындарының сұраулары бойынша елді мекендерде мәдениет үйлері салынады. Алайда тұрғындар мәдени мекемеге жылына төрт-бес мәрте ғана жиналады. Қалған уақытта орталық жұмыс істемейді. Мәселен, 1000-ға жуық тұрғыны бар Шарбақты ауылында мәдениет үйі жоқ. Егер алдағы уақытта тұрғындардың саны азаймаса, бұл мәселені қарастыратын боламыз, – деді аймақ басшысы.
Тілектес ауылының тұрғыны Бақыт Мұхаметжанқызы облыс және аудан әкімшілігіне бүгінге дейін атқарылған жұмыстары үшін алғысын білдіріп, болашақта су құбыры мен жаңадан бой көтеретін мектептің көшесіне қашан тас жол төселетінін сұрады.
— Ауылымыз жылдан-жылға көркейіп келеді. Мектеп те салынбақ. Ендігі кезекте ауылға су құбыры қашан тартылады? Осы туралы мамандардың жауабын білгім келеді. Өткенде мектеп салынған соң көше бойына асфальт төселеді деп едіңіз. Сол орындала ма? – деді Б.Мұхаметжанқызы.
Аймақ басшысы бірінші мәселеге қатысты әр аудан билігі жобалық құжаттаманы өздері дайындап, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, облыстық бюджеттік комиссия қарайтынын айтты.
— Біз жобаларға талдау жасағанда ауылдағы тұрғындардың санына қараймыз. Тұрғындар саны 200-205 адамды құрайтын болса, міндетті түрде құжаттамалық қаражат қарастырылады. Бұл мәселенің шешімі келесі жылдың наурыз айында нақты белгілі болады, – деді Асайын Қуандықұлы.
Ал мектептің жанынан жол салуға қатысты жоба әзірленген соң қаражат бөлінетінін жеткізді.
Кездесудің соңында облыс әкімі аталған мәселелерге жауапты басқарма басшыларына бірқатар тапсырма жүктеп, келесі жылы жүзеге асырылатын жобалардың сапасы мен мерзіміне баса назар аудару керектігін атап өтті.
Айдана БОРАНБАЕВА, Тілектес ауылы, Аққулы ауданы.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.