Күз мезгілінің берекелі болуы — шаруалар үшін үлкен қуаныш. Жаз бойы бел жазбай еңбек еткен облыс шаруагерлері егін жинау науқанын аяқтауға жақын. Диқандардың ақ егіске орақ салып, егін-жайды жинауға кіріскеніне екі айдың жүзінен асты. Биыл өңірде егін жинау алаңы шамамен 1,3 млн гектарды құрайды. Кең алқаптардағы егінді уақтылы жинап алу үшін білек сыбана жұмысқа кіріскен шаруалардың жай-күйі қалай? Биылғы өнімділік қанша? Қамбалар астыққа толды ма?

Алқаптардағы ағымдағы жағдай

Бүгінгі таңда облыста жиын-терім жұмыстары аяқталуға жақын. Облыстық ауыл шаруа-шылығы басқармасының баспасөз қызметінің деректері бойынша, бүгінгі таңда дәнді дақылдар 895,4 мың гектар (94 пайыз) алқапта жиналды, орташа өнімділігі гектарына 4,3 центрді құрайды. Оның ішінде 421,9 тонна дақыл қамбаға құйылды. Сондай-ақ, картоп 24,7 мың гектар (100 пайыз) алаңда жиналды, жалпы түсімі 782,3 мың тонна, орташа өнімділігі гектарына 324 центнерді құрайды. Ал көкөністер 8,8 мың гектар (98 пайыз) алаңда жиналды, жалпы түсімі – 248,6 мың тонна, орташа өнімділігі гектарына 386 центнерді құрады. Облыстың астықты аудандарынан бидай бастыруды бүгінгі таңда Шарбақты ауданы ғана аяқтады. Ал ең жоғары бидай шығымдылығы Успен ауданында тіркелді. Онда гектарына бес жарым центнерден астық жинауда. Жалпы, облыс бойынша орташа көрсеткіш 3,9 центнерді құрайды. Ал жалпы облыс бойынша қазіргі кезде 600 мың гектардан астам жерден бидай орылып, 96 пайызы бастырылды. Сондай-ақ, осы уақытта 126 мың гектар алқаптан арпа жиналды. Бұл дақылдың өнімділігі гектарына 4,7 центнерді құрайды. Ал қарақұмық егістік алқабының 94 пайызында, яғни 46 мың гектардан астам жерде бастырылған. Бұл дақылдың жалпы өнімі 23 мың тоннадан асып, орташа өнімділігі гектарына 5 центнерді құрады. Бұл гектарына 8 центнерден қарақұмық алған Шарбақты ауданы мен 5,1 центнерден өнім жинаған Успен ауданының жоғарғы көрсеткіштеріне байланысты екенін айта кеткен жөн. Себебі басқа аймақтарда қара-құмық шығымдылығы айтарлықтай төмен. Бұдан бөлек, облыста картоп жинау жұмыстары да аяқталуға жақындап келеді. Бүгінгі таңда 24 690 гектардың 24 100 гектарында картоп қазылып, 782 мың тонна жинап алынды. Бұл өткен жылғы 775 мың тоннаны құраған рекордтық көрсеткіштен де жоғары. Алайда соңғы күндері ауа райының қолайсыздығына байланысты майлы дақылдарды жинау жұмыстары сәл бәсеңдеп қалды. Негізгі майлы дақыл – күнбағыс 54,5 мың гектардан жиналды, бұл барлық егістік алқаптарының 26 пайызын ғана құрайды. Осылайша 31 170 тонна күнбағыс тұқымы бастырылып, оның орташа өнімділігі гектарына 6 центнерді құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 центнерге аз.

Жиналғанды сақтау — маңызды

Ал енді осы мол астықты дер кезінде жинап, сақтап, кептіріп, игілікке асыру да — ұшан-теңіз жұмыс. Биылғы ауа райының ерекшеліктеріне байланысты жиналған астықты кептіріп, сақтау мәселесі де үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Яғни, егістік алқаптарынан егін жинау жұмыстарынан бөлек, қазіргі уақытта жергілікті диқандардың алдында жаңа егіннің астығын жетік өңдеуді және сақтауды тиімді ұйымдастыру міндеті тұр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімов өңірде жалпы сыйымдылығы 277,3 мың тонна 6 элеватор жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Оның ішінде «Жолқұдық элеваторы» ЖШС 65 мың тонна, «АТО Шарбақты элеваторы» ЖШС 48,5 мың тонна, «Павлодар нива» ЖШС 50 мың тонна,  «Арго» фирмасы ЖШС 30 мың тонна, «Ертіс Агро» ӘКК ЖШС 46,8 мың тонна және  «Group KSM» ЖШС 37,0 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік береді.

— Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 261 бірлік қойма үй-жайлары (сыйымдылығы 912 мың тонна) бар.  Сондай-ақ, облыста 82 бірлік астық кептіру жабдығы (тәулігіне 1651 тонна), 196 бірлік астықты тазартуға арналған жабдық (тәулігіне 6072 тонна) бар. Ал картоп пен көкөніс өнімдерін сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 495 мың тонна болатын 149 көкөніс қоймасы бар. Оның ішінде сыйымдылығы 455 мың тонна болатын 130 бірлік заманауи жабдықтармен, сыйымдылығы 58 мың тонна болатын 13 тоңазытқышпен жабдықталған, — деді Е.Мүрсәлімов. Сонымен қатар, бөлім басшысы биыл  облыс алқап-тарындағы шығымдылық деңгейінің әр түрлі болуына бірнеше себеп әсер еткенін атап өтті. Оның сөзінше, балл бонитет, ауыспалы егістік және де осы егінді еккен кездегі барлық технологиялардың сақталуы өзінің әсерін тигізеді.

— Облыстағы  кейбір алқап-тарда дәнді дақылдардың 1 гектарынан 10-15 центнер өнім алынса, енді кейбіреулерінде 7-8 центнерден сәл ғана асады. Ал, облыстағы орташа көрсеткіш 13 центнер шамасында. Бұдан бөлек, биылғы бидайда ылғал көп. Сондықтан шаруалар астықты дұрыс кептіруге күш салмақ. Диқандар үшін бұл артық шығынды талап етеді, — деді ол.

Алтынбек Мұқышев.