Соңғы жылдары облыста орман өрті жиілеген. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда биыл ормандағы өрт 38 пайызға көбейіп, шығын көлемі де 2,5 есеге артқан. Бұған не себеп? Мамандар қандай уәж айтады? Жалпы, облыстағы орман шаруашылығы саласының материалдық жағдайы қалай? Аталған мәселелер аппараттық жиында қаралды.

Өрт неге көбейді?

Аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен алқалы жиында орман шаруашылығын дамыту және алқаптарды қорғау мақсатында қолға алынып жатқан жұмыстар жан-жақты талқыланды. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша, осы жылдың қорытындысы бойынша өңірімізде жалпы аумағы 4 мың гектарға жуық 207 орман өрті тіркелген.

— Республика бойынша Павлодар өңірі орман өртінің саны жағынан 1-орында, аумағы бойынша 5-орында тұр. Алқаптағы өрттердің шығуына көбінесе табиғи құбылыс, яғни найзағай себеп болуда. Облыста орын алған орман өртінің 70 пайызына осы жағдай әсер еткен. Сонымен қатар, тілсіз жауға антропогендік фактор, дала өртінің орман қорының алқабына өтуі сынды жағдайлар да ықпал етуде. Осындай 24 оқиға тіркелді. Атап айтар болсақ, Железин ауданында — 6, Павлодар қаласында — 3, Аққулы ауданында — 3, Ертіс ауданында — 2, Павлодар ауданында — 2, Тереңкөл ауданында — 2, Ақсу қаласында — 1, Баянауыл ауданында 5 жағдай орын алды, — деді Әйгерім Қабылтаева. Өңір басшысы орман өртіне нақты найзағайдың себеп екенін анықтау жолдарын сұрады. Бұл сұраққа жауап берген облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев:

— Найзағай алдымен ағашқа түседі. Сол ағашта сынық, жарық немесе күйік сияқты оның белгілері қалып қояды. Жалпы, резерватта  тіркелген 133 өрттің 127-сі найзағай салдарынан болғаны анықталды. Биыл инспекторлармен 13 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде, барлығында өрттің найзағайдан шыққаны расталды, — деді. Жиында орман өртінің алдын алу жұмыстарына жергілікті әкімдіктердің атүсті қарайтыны да сөз болды.

— Әкімдіктер тарапынан дала мен орман өрттерін сөндіру бойынша бірлескен жұмыс толыққанды орындалмайды. Көп жағдайда дала өрттерін орман күзеті бірінші анықтап, орман қоры аумағына ауысуды болдырмау үшін жедел сөндіруге шығады. Жыл басынан бері орман күзетімен осындай 109 шара жүзеге асырылды. Сондай-ақ әкімдіктер жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарымен профилактикалық жұмыс-тарды нашар жүргізуде, — деді Ә.Қабылтаева. Облыс әкімі орман қорғау — ортақ іс екеніне тоқталып, бұл мәселеге барлығы жауапкершілікпен қарау керектігін қадап айтты.

Материалдық жағдай қалай?

Қуантарлығы, облысымызда орман шаруашылығы саласының материалдық-техникалық жағдайы едәуір жақсарған. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл қаржыландыру көлемі 3 есеге көбейген. Яғни, 2022 жылы орман шаруа-шылығының материалдық–техникалық жағдайын нығайтуға небары 557 млн теңге бөлінсе, ағымдағы жылы бұл мақсатқа 1,8 млрд теңге қаржы қарастырылған. Нәтижесінде, саладағы материалдық жабдықтау көрсеткіші 58 пайыздан 72 пайызға артқан.

— Облыстағы орман шаруашылықтары «КамАЗ» базасында 5 өрт сөндіру автоцистернасын, 5 шағын орман патрульдік кешенін, 33 мотоцикл, 101 рация, 11 ағаш отырғызу машинасын, 6 соқа сатып алды. Бұған қоса, тағы 5 шағын орман патрульдік кешені кешікпей жеткізіледі деп күтілуде. Ал келесі жылы 4 бірлік өрт сөндіру автоцистернасын сатып алу жоспарлануда. Осылайша, өрт сөндіру машиналарымен жарақтандыру орман орналастыру жобаларының нормативтеріне сәйкес 100 пайыз қамтылмақ, — деді Ә.Қабылтаева. Ол ендігі кезекте сатып алынған жабдықты, әсіресе үлкен техникаларды сақтау үшін тұрақ түріндегі нысандар салу қажет екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, жиында жақында Үкімет резервінен өрт сөндіру станцияларының қызметкерлеріне арнайы киім сатып алуға қаражат бөлінгені де айтылды. Осылайша, облысымызда орман қорғау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз еместігі айтылды. Әсіресе, заңсыз ағаш кесуге жол бермеу, алқаптарды зиянкестерден арылту сынды іс-шаралар жүйелі түрде жалғасын табуда. Мәселен, биыл жыл басынан бері 41 заңсыз ағаш кесу фактісі тіркелген. Бұдан келген шығын көлемі 9,7 млн теңгені құрады. Алайда бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге азайғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, осы жылы орман алқаптарына кесірін тигізетін зиянкестердің бірі — жұпсыз жібек құртының дернәсілдерін өңдеуге 140 миллионға жуық теңге бөлініп, ағаштарға химиялық өңдеу жүргізілген. Әсіресе, зиянкестерден зардап шеккен Железин ауданындағы Үрлітүп орман шаруашылығының аумағы толығымен қамтылған. Басқарма басшысы келесі жылы жұлдызқұрттан қауіп жоқ екенін алға тартты. Солай боларына біз де сенейік!

Нұржайна ШОДЫР.