Павлодарлық шаруалар қуаңшылықтың зардабын тартамыз деп дабыл қағып отыр. Шабындықта шөп тапшы. Егіс алқабы күйіп кеткен. Бұл мәселе депутаттармен болған кездесулерде, жиындарда жиі көтеріліп жүр. Диқандар әкімдіктегілер проблемаға атүсті қарап отырғанына налиды. Осы бастан нақты шаралар қолға алынбаса, арты жақсылыққа апармайтынын айтады.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

Жиын демекші, жуырда өңірлік кәсіпкерлер палатасы аймақтардағы шаруалардың басын қосып, кездесу ұйымдастырды. Онлайн форматта қатысқандар да көп болды. Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, аграрлық компаниялардың өкілдері де шақыртылды. Талқыланған бір ғана мәселе – қуаңшылыққа байланысты өңірде төтенше жағдай жариялана ма? Кезек-кезекпен сөз алған шаруалардың дауысынан үрей сезіліп тұрды. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшылығына деген реніштері де жоқ емес. «Проблеманы жоғарыға жеткізеді» деп сеніп отырған басқарманың мамандарынан нақты жауап жоқ. Қит етсе «министрліктің құзырында» деп шығады. Тіпті, сөз арасында «шабындық жер жетерлік, халық жалқау» дегенді де айтып қалды. «Төтенше жағдайдың жариялануын қаласаңдар, заң бойынша құжаттарды реттеңдер» деп шаруалардың өздері жүгіруі керек екенін ұқтырды. Ал өздерінің қолдарында қай ауданда қанша гектар егіс алқабы күйіп кеткені туралы нақты ақпарат жоқ. Қысқасы, мұндай жағдайда басқарма басшылығы мен шаруаның сөзі бір жерден шығуы керек-тін. Егін шықпаса, мал қырылса, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі, әлеуметтік проблемалар туындайды емес пе? Онда ауыл шаруашылығы басқармасы неге жайбарақат отыр? Белгілі болғандай, Успен ауданында 37,2 мың гектар егіс алқабы күйіп кеткен. Бұл – жалпы егістің
15 пайызы. Өзге аудандарда да ахуал қиын. Шаруашылық басшысы Руслан Бақауов алдыңғы жылдары осы кезеңде 60-70 пайыз шөп әзірленгенін, биыл небары 15 пайыз дайындалғанын айтады.

– Техника тоқтап тұр. Шабатын жер жоқ. Мал басын азайтуды ойлап отырмыз. Саладағы субсидияны саралап, 2 млрд теңге бөлінеді дегенді естідік. Өзге шаруаға тиесілі демеуқаржыны басқа бағытқа жұмсау дұрыс емес. Қосымша қаражат бөлінсін, – дейді ол. Шаруалар 2 млрд теңге аз қаражат екенін айтады. «Жыл сайын облыс орталығындағы Назарбаев даңғылы көшесіндегі жолды жөндеуге 3-4 млрд теңге бөлінеді. Қуаңшылықтың салдарынан үлкен проблема туындағалы отырғанда жағдайды реттеу үшін мол қаражат бөлу артықтық етпейді», дейді шаруалар. Қысқасы, шаруалар өңірде төтенше жағдай жарияланып, шығындар өтелуін сұрап отыр. Қала берді, аграрлық компаниялардан алынған несиелердің төлем уақытын реттеу, тірідей салмақта малды экспортқа шығару мәселелері айтылды. «Жиын өткізе берудің қажеті шамалы. Бұл іске
облыс әкімі араласпаса, мәселе шешілмейтін сияқты», дейді шаруалар. Бұл ретте,  өңірлік кәсіпкерлер палатасы басшылығы шаруалармен бірге облыс әкімімен арнайы кездесіп, проблемаларды шешу жолын қарастыруды көздеп отыр.

 

Болат АМАНЖОЛОВ, облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер жөніндегі комиссияның төрағасы:

– Осы уақытқа дейін Железин, Тереңкөл, Ертіс және Ақтоғай аудандарында болып, шаруалардың мәселесіне құлақ түрдік. Қуаңшылықтың қыспаққа алғанын көзбен көрдік. Кейбір шаруашылықтарда егіс алқабының жартысы күйіп кеткен. Күнбағыс сияқты кеш өнім беретін өсімдіктердің жай-күйі әлі белгісіз. Жауын болмаса, майлы дақылдар алқабынан да өнім күту бекер. Биыл жайылымға су жайылмағандықтан тоғай шөбінен де үміт жоқ сияқты. Бума шөптің бағасы қазірдің өзінде шарықтап тұр. Бүгінде аудандарда құзырлы органдардан құралған арнайы комиссия жұмыс істеуде. Олар қуаңшылықтан зардап шеккен шаруалардың мәселесімен жеке танысып, шығын көлемін қағазға түсіруде. Жалпы, алдағы уақытта диқандар егіс алқабын сақтандыру ісіне мән берсе екен дейсің. Өкінішке қарай, бұған көбі атүсті қарайды. Қуаңшылық сияқты оқыс жағдайларда шығындары өтелетін еді. Қала-аудандарға іссапарлар жалғасуда. Біз қуаңшылық мәселесін назарда ұстайтын боламыз.