OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Аймағымыздың шаруалары өңірімізде төтенше жағдай режимі жария-ланбаса, «жанып» кетеміз деп дабыл қағуда. Қуаңшылықтан зардап шеккен ауыл шаруашылығы өндірушілері жанайқайларын айтып, Respublica саяси партиясына хат жолдапты. Өткен жұма күні аталмыш партияның төрағасы бастап келген республикалықтар аймақ шаруаларымен кездесіп, мәселені шешудің жолын талқылады.

 

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов қатысып, жағдайдың, шынымен де, оңай еместігін растады. Айтуынша, аймақта жоспар бойынша 1 млн 252 гектар егістік аумақ орылуы тиіс еді. Алайда, бүгінде оның 186 мың гектары толық күйіп кетуіне байланысты есептен шығарылған. Оның 153 мың гектары — дәнді дақылдар егісі. Ал сәл-пәл өсіп үлгерген алқаптан алынатын өнім көрсеткіші де көңіл көншітпейді. Яғни, орта есеппен өнімділік гектарынан 3-4 центнерден айналып отыр. Оған қоса, сапасы да нашар, 4-5-ші класты. Серік Барлыбайұлы көптеген шаруашылықтардың қаржылық міндеттемелері көп екенін атады. Сондықтан өнімсіздік оларға ауыр соққы болып отыр. Арнайы режим енгізілмесе, қаржылық ұйымдар несиенің мерзімін ұзарту кезінде оны нарықтық пайызбен жасауға мәжбүр болады. Бұл мемлекеттік субсидиялауға өзіндік кедергісін келтіретін көрінеді. Облыс басшылығы мұндай қуаңшылықтың зардабын өзге өңірлер де шегіп отырға-нын тілге тиек етті. Одан бөлек, мал азығын дайындау мәселесі де өзекті тұр. Қуаңшылықтан бөлек Ертіс өзенінің жылдағынан тым аз жайылуынан шөп дайындау қиынға соғуда. Бұрнағы жылдары шабындық жерлерден гектарынан 20-25 центнерден шөп шабылса, биыл 10 центнерге де жетпейді. Әдетте, 1,5 жылдық қажеттілікті әзірлейтін аймағымыз қазіргі таңда 600 мың тоннасын ғана жинаған. Енді тым болмағанда 1 млн тоннаға жеткізудің жолдары қарастырылуда. Ауыр ахуалға душар болғандардың бірі — Успен ауданының шаруасы Ерлан Қасенов.

— Павлодар облысында төтенше жағдай режимін жарияламаса, біз қарызға батамыз. Жауын-шашын болмаған соң еккеніміз өспей қалды. 2,5 мың гектарға егін ектім. Жартысы күйіп кетті. Өскенінің өзінде гектарынан 3 центнерден алып жатырмын. Ал біздің шығынды жабу үшін гектарынан кемінде 6 центнерден өнім алынуы тиіс еді. Сондықтан, режим жарияланса, тым болмаса, несиелерімізді төлеу мерзімін кейінге шегеру мүмкіндігіне ие болар едік, — дейді Е.Қасенов. Шаруалар төтенше жағдай режимінің жариялануынан үмітті. Партияның төрағасы Айдарбек Қожаназаров Елордаға оралысымен бірден тығырықтан тығудың жолын іздестіретінін мәлім-деді. Сондай-ақ, ол кейбір мекемелер сияқты «бәрі жақсы» деп жағдайды жасырмай, ортаға салған жергілікті атқарушы орган өкілде-рінің әрекетіне ризашылық білдірді. Бұған дейін облыс басшылығы шаруалардың өтініші бойынша төтенше жағдай жариялаудың мүмкіндіктерін қарастырған. Яғни, құзырлы мекемелермен жұмыстар жүргізілген. Алайда, экология департаменті мұндай режим жариялауға жататын жағдайлар ішінде қуаңшылықтың жоқтығын алға тратқан. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі таңда шаруалардың сұрап отырған төтенше жағдай режимін жариялау үшін республикалықтар бар күш-жігерлерін салуға бекініп отыр.

—  Мәселені көріп отырмыз. Өте күрделі. Несие беретін мекемелердің барлығы Ұлттық банктің ережелерімен жұмыс істейді. Сондықтан олар шаруалардың жағдайын түсінсе де, өздіктерінен қолдау көрсете алмайды. Қазіргі таңда Экология министрлігінің құжатында төтенше жағдайға тиісті қағидалар тізімінде құрғақшылыққа байланысты ештеңе айтылмаған. Құзырлы министрліктермен осы бағытта жұмыс жүргіземіз. Ағымдағы айда төтенше жағдай режимін жариялауға жол ашуымыз қажет. Әйтпесе, шаруалар қарызын төлей алмаса, несиелік тарихы бұзылады. Бұл дегеніңіз келешекте крдеит алу мүмкіндігінен қағылады. Ал мұндай тығырыққа тірелу олардың ауыл шаруашылығынан алыстауына әкеледі. 10 мыңдаған шаруашылықтың банкроттыққа ұшырауына жетелейді. Ірі кәсіпорындардан айырыламыз. Салдарынан жұмыссыздық белең алып, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі туындайды. Бұл біздің еліміз үшін өте қауіпті. Сондықтан осындай жағдайға жеткізбеуге парламенттегі бар күшімізді саламыз, — деді Айдарбек Асанұлы. Астанада ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржыландыратын қаржылық ұйымдармен де жұмыс жүргізілмек. Яғни, партия өкілдері қарызы бар павлодарлық шаруалардың тізімін алып, әрқайсысының жағдайына байланысты қаржы институттарымен кездесулер өткізіледі. Тағы бір айта кетерлігі, шілде айында өңірімізге келген Respublica партиясының өкілдеріне шаруалар субсидия мәселесін алға тартқан. Бүгінде бұл түйткіл оңынан шешілуде. А.Қожаназаров бірнеше апта ішінде облысымызға жетпей тұрған 9,7 млрд теңге көлеміндегі субсидия Үкімет резервінен бөлінетінін мәлім етті.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.