Кузьмино ауылының балалары бұдан былай заманауи футбол алаңында жаттығады. Жасанды жабындысы бар жаңа алаңның ашылуы салтанатты түрде аталып өтті.
Шараға аудан әкімі Айтуған Шайхимов қатысып, барлық талапқа сай футбол алаңына алдағы уақытта балалардың спорттың бұл түрімен жан-жақты айналысуына мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
— Бұл – ауылдағы спорт инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам. Енді ауыл тұрғындары, әсіресе, «жастар» спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасайды. Жаңа алаңда жарқын жеңістер мен жоғары жетістіктер көп болсын, — деді аудан әкімі.
Тұрғындар да халқы азайып, жойылудың алдында тұрғын ауылды жандандыруға қол ұшын беріп жатқан аудан билігіне алғыс айтты. Естеріңізге сала кетейік, бұл ауылдың тұрғындары ерлі-зайыпты Иззат Қамзин мен Айжан Каркенова «Сен жалғыз емессің» жобасын қолға алып, ауылдың тынысына қан жүгірді. Яғни, бұл жоба аясында өмірдің қиын жағдайларына тап болған жандарды қабылдап, оларды баспанамен, жұмыспен қамтып, нәтижесінде бала саны азайып, жабылудың алдында тұрған мектепті аман алып қалған еді.
Г.МАҒЖАН.