Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Баянауыл ауданына қарасты Торайғыр ауылындағы тау-тастың арасында қарақұрттың қаптап кеткені жайлы бейнежазба жарияланған болатын. Мұны көрген көпшілік үрейленіп отыр. Тіпті, Баянауыл баурайына барып демалғысы келген кейбір тұрғындар бағытын басқа жаққа өзгертіп жатқан жайы бар. Сонымен, қарақұрт қайдан келуі мүмкін? Оның адамға тигізетін зияны қандай? Жалпы, бұл оқиға шындыққа жанаса ма? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Дүйім жұртты дүрліктірген бейнежазбада тастың үстінде, қуысында өрмекші тәріздес қарақұрттардың қаптап жүргені анық байқалады. Мұны демалушылардың бірі ұялы телефонына түсіріп алып, әлеуметтік желіге таратқан. Энтамолог-ғалымдардың сөзіне қарағанда, қарақұрттың көбейіп кетуінің екі себебі бар. Атап айтар болсақ, біріншіден, көктем мен жаздың басындағы құрғақшылық әсер етсе, екіншіден, аталмыш жәндіктер еліміздің оңтүстік өңірлерінен тасымалданатын түрлі жеміс-жидек, көкөніс өнімдерімен бірге келуі мүмкін.

— Негізі, қарақұрт шөл және шөлейт жерлерді, яғни, құрғақ даланы мекендейді. Өкінішке қарай, бүгінде біздің облысымыздың басым бөлігін құрғақ дала құрайды. Сондықтан адамдар абай болғаны жөн. Егер қарақұрт осы жақта пайда болса, оған логистика себеп болуы да мүмкін. Қазіргі таңда біздің аймағымызға Оңтүстік өңірлерден түрлі жеміс-жидектер мен көкөністер көп тасымалданады. Сонымен бірге еріп келуі де мүмкін, — дейді Торайғыров университетінің оқытушысы, биология ғылымының докторы Қанат Ахметов. Мамандардың айтуынша, қарақұрт – өте улы жәндік. Оның уы жыландікінен 15 есе күштірек екен. Ол шаққан адамның 10-15 минуттан кейін іші мен кеудесі қатты ауырсынып, екі аяғы жансызданып, құрысып қалу қаупі бар. Басы айналып, құсқысы келіп, терісінде қызыл дақтар пайда болуы да мүмкін. Шұғыл түрде медициналық көмек көрсетілмесе, қарақұрт шаққан ересек адам 7 күннен кейін, ал балалар 5 күнде өліп кетуі әбден мүмкін. Мұндай жағдайға жол бермес үшін сақтақ шараларын қатаң ұстанған жөн. Яғни, табиғат аясына демалуға барғанда жәндіктердің ұясы мен илеуі жоқ жерлерді таңдап, жеңі ұзын киім кию керек. Аяқ киім де жабық болуы қажет. Ал қарақұрт шағып алған жағдайда ауруды басатын дәрі және көп мөлшерде су ішкен дұрыс. Сонда у ағзадан табиғи жолмен шығарылады. Зақымдалған орынды құрамында спирті бар заттармен немесе сутегі тотығымен залалсыздандырған жөн. Сонымен қатар, жапа шеккен жанды міндетті түрде токсикология бөліміне жеткізу керек, дейді дәрігерлер. Сонымен, Торайғыр ауылында қарақұрттың қаптағаны жайлы ақпарат рас па? Ауданның атқамінерлері бұл мәлімет шындыққа жанаспайтынын алға тартуда.

— Баянауыл жерінде қарақұрт шыққаны жайлы ақпарат — жалған. Бұл туралы біз әлеуметтік желіде хабар тараттық. Қарақұрттың пайда болу фактісі ауданда тіркелген жоқ, —
дейді өңір әкімі Ардақ Кісентаев. Ал аудан әкімінің баспасөз хатшысы Әлия Жұматқызының айтуынша, Баянауылға демалушылар тарапынан қарақұрт шағып алғаны туралы шағым болмаған әрі әлгі бейнежазбаның Торайғыр ауылында түсірілгені ақиқаттан алшақ көрінеді. Мұны Торайғыр ауылының әкімі Мұхтар Молшин да растап отыр.

— Ауылымызда бұрын-соңды қарақұрт деген жәндік болған емес. Өтірік нәрсе. Бұл жағдай басқа жақта болған шығар. Әйтпегенде, оны телефонына түсірген адам елді мекеннің ішін, таудың етегін де көрсетпей ме?- дейді ол. Өкініштісі, желіде желдей ескен бейнежазбадағы қауіпті жәндіктерді көргендердің кейбірі Баянауылға баруға жүрексініп отырғандарын айтады. Солардың бірі, Павлодар қаласының тұрғыны Мәулен Әкімханов:

— Еңбек демалысына шыққаныма екі күн ғана болды. Балаларымды ертіп алып, Баянауылға демалып қайтуды жоспарлаған едім. Аталмыш оқиғадан кейін райымыздан қайттық. Фейк деп айтып жатыр. Десе де, балалар қорқып қалды. Сол үшін басқа демалыс орындарын іздестірудеміз, — дейді. Осылайша, жалған ақпараттың кейбіреулерге кесірі тиіп жатқан жайы бар. Ал ішкі істер органдарының өкілдері осы жайтқа жауапты сала мамандары тарапынан арыз түсіп, әлеуметтік желідегі ақпараттың жалған екені анықталса, оны таратушы заң алдында жауап беретінін айтады. Айтпақшы, «Жығылғанға — жұдырық» демекші, 8 шілде күні Баянауыл аудандық ауруханасына 39 жастағы әйел барып, Торайғыр көлінің демалыс айлағында бүйе шағып алғанына шағымданған. Бастапқыда ол тыныс ала алмай, арқасы мен кеудесі ауырсынып, жағдайы ауырлаған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқасқа улы емес жәндіктер мен басқа буынаяқ-тылардың шағуы деген клиникалық диагноз қойылып, медициналық көмек көрсетілген. Сондай-ақ, ол сол күні амбулаторлық емдеуге жіберілген. Бұл жағдай да елдің сеніміне селкеу түсірген көрінеді. Қалай десек те, халықтың қауіпсіздігі қашанда бірінші орында болуы тиіс. Осыны ескерген Баянауыл ауданы әкімдігінің өкілдері биыл 14 шілде күні өңірге зоология институтынан арнайы мамандар шақырып, тексеру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Осыдан 16 жыл бұрын облыс тұрғындарын әбігерге салған қарақұрт қайта оралмасын деп тілейік!

Нұржайна ШОДЫР.