Адам саны неге азайып жатыр?

Қар 20, 2025

Павлодар ауданына жыл басынан бері оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар, өзге мемлекеттерден қандастар көшіп келді. Соған қарамастан, аудан жұртшылығының қатары сиреп келеді.

Аудан әкімі Дидар Ибраевтың айтуынша, биыл Павлодар ауданына еңбек ресурстары артық өңірлерден мемлекеттік бағдарлама аясында
86 адам қоныс аударды. Сонымен қатар, 42 қандас өз болашағын ауданмен байланыстырып келді.

Алайда, табиғи өсімнің оң серпіні мен қоныс аударушылар қатары көбейгенімен, соңғы жылдары аудан халқы санының төмендеу үрдісі байқалуда.

— Халық санының азаю себептерін анықтау мақсатында терең талдау жүргізілуде. Оның қорытындысы негізінде жағдайды түзетуге бағытталған нақты іс-шаралар жоспары қабылданады. Қазіргі кезеңде ауылдық округ әкімдеріне және уәкілетті мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берілді. Олардың қатарында жаңа жұмыс орындарын құру, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін жағдай жасау, ауылдық жерлерде жаңа өндірістер ашуға және бизнесті дамытуға қолайлы орта қалыптастыру, отбасы институтын нығайту көші-қон үдерістеріне бақылау жүргізу сынды бағыттар бар, — деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, уәкілетті орган өкілдеріне тұрғылықты жерінен жалған тіркеуден шығару фактілерін болдырмау жөнінде тапсырмалар жүктелді.

Өз тілшіміз.

Павлодар ауданы.