Қазір үйде отырып-ақ табыс тапқысы келетін жастарға мол мүмкіндік берілген. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды пайдаланғандардың қатарында Майқоңыр ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Айдана Өскенбай да бар. Көпбалалы ана декреттік демалыста болса да, «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, грант жеңіп алған.
29 жастағы Айдана Өскенбай — 4 баланың анасы. Мамандығы — мұғалім. Жолдасы әскери саланың қызметкері. Декреттік демалыста отырса да, үйде түрлі ұн тағамдарын әзірлеп сатады. Жақында «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, мемлекет тарапынан 1,5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңіп алған.
— Майқоңыр ауылында бұған дейін жұмыс істеген азық-түлік дүкенін қайта жандандырдым десем болады. Ұтып алған қаражатқа тоңазытқыш, екі мұздатқыш, дүкенге қажетті сөрелер, төлем жасау құрылғыларын және таразы сатып алдым. Ауылда азық-түлік дүкені жоқ. Сондықтан тұрғындарға қажетті тағам, тауарларды сату мақсатында осы істі қолға алдым. Дүкен таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Ашылғанына бір апта ғана болса да, тұтынушылардың саны сиреген емес, — дейді жас кәсіпкер.
Атап өтерлігі, азық-түлік дүкенінде ыстық нан да сатылады. Жоғарыда атап өткеніміздей, Айдана қолдан түрлі ұн тағамдарын әзірлеуді ұнатады. Өзі пісірген ыстық нан, тоқаш, тұшпара мен самсаны да дүкен сөрелеріне орналастырған. Тұтынушылар қолдан дайындалған дайын өнімді сатып ала алады.
— Қазір мемлекет жұмыс істеймін деген адамға зор мүмкіндік сыйлап отыр. Әсіресе, әйелдер қауымына ерекше көңіл бөлінуде. Жақында ауданда «Ауыл әйелі: бірлік, даму, болашақ!» тақырыбында форум өтіп, бизнес бастап, табысқа жеткен нәзік жандылар бас қосты. Үйде отырып, кәсіп дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер баршамызға үлгі. Бала тәрбиесімен айналысып отырсам да, бағымды сынап, кәсіпке бет бұрдым. Нәтижесін уақыт көрсетеді, — дейді Айдана Өскенбай.
Қазір жас анаға балалары да қолғабыс етеді. 4-сыныпта оқитын тұңғышы бауырларына қарайласып, анасына көмек көрсетеді.
Жас кәсіпкер үйде отырған аналарды оқуға, дамуға шақырады. Бастысы, ниет пен ынта. Мақсаты айқын адамның қолынан бәрі келетінін алға тартты.
Ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуді қолға алған жас кәсіпкердің ісіне береке, табыс тілейміз!
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
Ертіс ауданы.
