Айрықша аспаптар әкелінді

Мау 12, 2025

Аудан орталығындағы музыкалық мектептің ұстаздары мен шәкірттері қуанышқа кенеліп отыр. Оларға қазақтың бірегей ұлттық аспаптары сатып алынды.

Тереңкөлдегі музыка мектебінің директоры Рустам Бейсеновтің айтуынша, өнер ордасына дабыл, жетіген, су сылдыр, асатаяқ, шіңкілдек, тай тұяқ және 6 кәсіби домбыра сатып алынған. Аудандық білім беру бөлімі тарапынан қолдау тапқан. Аспаптардан бөлек, музыка мектебінде 60 жыл болмаған музыкалық аппаратура да алынған екен.

— Ұлттық аспаптар өнерге бет бұрған балалардың жаңа тынысын ашатыны сөзсіз. Жуырда бізде этнолагерь ашылды. Мұнда ұлтымыздың салт-дәстүрін, ұлттық өнерімізді, ұлттық аспаптарымызды өскелең ұрпаққа дәріптейміз, — дейді музыка мектебінің директоры.

Шәкірттерге кәсіби білім беруге Павлодар қаласынан қатынап мықты мамандар сабақ беретін көрінеді. Музыка мектебінің филиалдары бірқатар ауылдарда жұмыс істеуде. Оларда фортепиано, жетіген, домбыра сыныптарында балаларды өнерге баулуда.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.