Биыл жаңбыр жаумай, қуаңшылық болуы салдарынан ауылдағы ағайын мал азығынсыз қала ма деген қауіп бар. Десе де, Ақтоғай ауданының билігі жағдай қалыпты екенін алға тартады. Мұнда шөп шабу науқаны шілде айының соңы мен тамыз айында басталмақ. Сондықтан биыл мәселе болмауы тиіс.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов әзірге алаңдауға еш себеп жоқ екенін атап өтті.

— Аудандағы ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің негізгі үлесі жазық далада жұмысын ширатып отыр. Сол себепті олар шөпсіз қалмайды. Жақында жаңбыр жауып, шөп жақсы өсе бастады. Сонда да шағын шаруа қожалықтардың бюджеттен жем-шөп дайындауын субсидия-лау үшін құжаттар жинаймыз. Қысқы кезеңге дайындалуда мәселелер болмауы керек, — деді Қ.Арынов.

Қаршыға Зәлмұқанұлының сөзінше, бүгінде ауданда барлық меншік нысанындағы шаруашы-лықта мал басын көбейту және ауыл шаруашылығы жануарларының тұқымдық өнімнің сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде.

— Ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі бағыттары — астық өндірісі, ет-сүт шаруашылығы және шалғайдағы жылқы шаруашылығы. Егіс алқабы 71,2 мың гектарды немесе өткен жылмен салыстырғанда 114,3 пайызға өсуді құрады. Барлық көктемгі дала жұмысы белгіленген мерзімде аяқталды. Ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстардың барлық түрлерінің саны өсуде. Биыл 4 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, — дейді ол.

Сонымен қатар, Қаршыға Арынов тұрғындарды таза ауызсумен қамту мәселесіне тоқталды. Бүгінде аудандағы 31 елді мекеннің 12-сінде орталықтандырылған су жүйесі бар. Яғни, елді мекендердің 38,7 пайызы сапалы суды пайдаланады.
— Ал 18 елді мекенде, бұл дегеніңіз ауылдардың 58,1 пайызында біріктірілген блок-модуль жұмыс істеп тұр. Тек Жаңатап ауылының азаматтары әзірше құдықтың суын ішеді. Биыл осы және тағы 5 ауылда жеңілдетілген су құбырының құрылысы жүріп жатыр. Сол сияқты Жалаулыда орталықтандырылған су жүйесінің құбырлары тартылуда. Осы 7 жоба жүзеге асқан кезде орталықтандырылған сумен қамтылған ауылдардың үлесі 61,3 пайызға, ал сапалы суды пайдалана алатын тұрғындардың саны 100 пайызға жетеді. Бүгінде Беловод топтық су құбырынан Ақтоғай ауылына дейін қосылатын сорғы станциялары мен резервуарлары бар су құбыры желісін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, — деді аудан басшысы.

Айта кетейік, биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қараоба ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу және Әуелбек ауылының мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Құрылыс жұмыстары осы жылдың тамыз және қыркүйек айларында аяқталады.

Айдана БОРАНБАЕВА.