Аудан орталығынан 84 шақырым қашықтықта орналасқан Веселая роща ауылында футболдан екі команда жаттығады. Балалар мен жастар командалары елді мекендегі футбол алаңынан шықпайтын көрінеді.

Көрші ауылдармен түрлі турнир де аталмыш ауылдың алаңында жиі өткізіледі екен. Сондықтан болар, ауылдағы алаң оларға шыдас бермейді. Ала доп ойнауға құмар ауыл жастарына жағдай жасау үшін биыл шағын футбол алаңы жаңартылыпты. Ауылдық округ әкімі Аманжол Борамбаевтың айтуынша, облыстық бюджеттен бөлінген бонустық трансферт есебінен 4,5 млн теңге бөлініп, футбол алаңының жасанды жабындысы, қоршауының бір бөлігі, есігі жаңартылыпты. Сонымен қатар, екі қақпа мен торы да жаңартылған.

Бонустық трансферт есебінен елді мекенде жүзеге асқан тағы бір жоба – бейнебақылау камералары. Ауылдың кіреберісіне, көшелерге, тұйық көшелерге дейін барлығы 30 камера орнатылыпты. Бұл қауіпсіздік үшін қолға алынған. Бұл мақсатқа 5 млн теңге жұмсалған.

Г.МАҒЖАН.