ҚР Президентінің Жарлығымен аудан тұрғыны, көпбалалы ана — Лия Губар «Алтын алқа» төсбелгісімен марапатталды. Алтын құрсақты анаға мемлекеттік награданы аудан әкімі табыс етті.

Аудан әкімі Нұрболат Мақашевтің айтуынша, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған өз Жолдауларында ана мен бала жағдайына, еліміздің демографиялық ахуалына айрықша көңіл бөледі.

— «Алтын алқа» мемлекеттік наградасын Губар Лия Николаевнаға табыс еттім.  Көпбалалы ана жұбайымен бірге жеті бала тәрбиелеп отыр. Балаларына білім алуға және еңбекке деген сүйіспеншілікті баулып, жеке қосалқы шаруашылықты да дамытып келеді. Отбасыңызға ырыс-береке, зор денсаулық, барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін, — деді аудан әкімі.

Айта кетейік, «Алтын алқа», «Күміс алқа» — көпбалалы аналарды марапаттайтын награда, алты, жеті немесе одан да көп баласы бар аналарға беріледі. 1995 жылы 12 желтоқсандағы №2676 санды «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградалары туралы» Заңымен бекітілді. Жібек бауға тағылған алқада алақанда аяланған сәбидің бейнесі және күн шапағы бейнеленіп, айшықты өрнекпен көмкерілген.

А.МҰҚЫШЕВ.