Мемлекеттік «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Баянауыл ауданына қарасты Құндыкөл ауылдық округінде ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды істер атқарылды. Нақтырақ айтар болсақ, биыл мектеп, мәдениет үйі, медициналық пункт күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, ауылішілік жолдар жөнделіп, көшелерге жарық шамдар орнатылды. Тұрғындар туған ауылының көз алдында көркейіп, дамып келе жатқанына дән риза.
Мерейі үстем мектеп
Ағымдағы жылы Құндыкөл ауылындағы Әлкей Марғұлан атындағы жалпы орта білім беру мектебіне 35 жыл толды. Қабырғасы қаланғалы мүлдем күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген білім ордасы бүгінде адам танымас-тай өзгерді. «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша мектептің іші мен сырты толығымен жөнделіп, жаңа жиһаздармен жабдықталды. Құндыкөл ауылдық округі әкімдігінің ақпараты бойынша бұл мақсатқа 186 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.
— Бұған дейін мектепке жыл сайын әктеу, әрлеу, сырлау сынды ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізілетін. Осы жылы білім беру мекемесі толығымен жаңартылды. Әйнектер ауыстырылды, еденге жаңа линолеум төселді. Парталар мен орындықтар да жаңадан әкелінді. Сонымен қатар, балалардың зерттеу жұмыстарымен айналысуына арналған зертханасы бар заманауи физика пәні кабинеті пайдалануға берілді. Енді химия, жаратылыстану бағытындағы пәндерге арналған осындай кабинеттер берілсе екен деген тілегіміз бар. Оқушыларымыздың қатарынан қалмай, сапалы білім алғанын қалаймыз. Қазір де шәкірттеріміздің аяқ алысы жаман емес. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі білім сындарына қатысып, марапаттарға ие болып жүрген балаларымыз баршылық. Мәселен, өткен оқу жылында Айдын Әкімбеков есімді оқушымыз жаратылыстану бағыты бойынша республикалық пән олимпиадасына қатысып, сертификат алды. Жалпы, өзім осы мектепте 31 жыл бойы еңбек етіп келемін. Ал 2006 жылдан бері, яғни 18 жыл бойы оқу ісінің меңгерушісімін. Сол уақыттан бері 10 түлегіміз «Алтын белгі» иегері атанып, 5-6 оқушымыз үздік аттестатқа қол жеткізді, — дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Еңсебаева. Оның айтуынша, жыл сайын 7-8 түлек мектеп бітіріп, оның жартысы жоғары оқу орындарына грантқа түседі екен. Айталық, ағымдағы жылы 7 түлек қиянға қанат қағып, 3 мектеп бітіруші мемлекеттік білім грантының иегері атанған.
Қазіргі таңда мұнда 0-11-сынып аралығындағы 95 оқушы мемлекеттік тілде білім алуда. Ең бастысы, ауыл мектебінде балаларға жан-жақты жағдай жасалған.
— Оқушыларымыз бір ауысымда, яғни түске дейін сабақ оқиды. Түстен кейін түрлі үйірмелер, секциялар мен қосымша дайындық сабақтарына барады. Ел ертеңі болар жеткіншектер үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасаудамыз. Айталық, күнделікті асханада ыстық тамақ беріледі. Барлық пән мұғалімі бар. Ұстаздарымыз да шеттерінен білімді. Мысалы, өткен оқу жылында 4 педагог санатын көтерді, ал 2023 жылы 13 ұстаз біліктілігін арттырды, — дейді Айгүл Еңсебаева. Тұрғындар да ауыл мектебінен талай талантты әрі білімді жас түлеп ұшқанын айтып, солармен мақтанатынын атап өтті.
Айта кетерлігі, мектеп жанында шағын орталық та жұмыс істейді. Онда 12 балғын тәрбиеленуде.
Емдеу мекемесі жаңарды
Осы жылы Құндыкөл ауылдық округіне қарасты Егіндібұлақ ауылын-дағы медициналық пункт те күрделі жөндеуден өтті. Құндыкөл ауылдық дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері Төлеутай Аденованың айтуынша, медициналық мекеменің ғимараты 1986 жылы салынған. Содан бері тек ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізіліп келген.
— Ауыл халқының денсаулығына баса көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Соның дәлеліндей, жақында Егіндібұлақ ауылындағы медпункт толығымен жөнделді.
Емдеу мекемесінің ішіне бұрын-соңды болмаған су құбыры тартылып, қол жуатын раковиналар мен жылы дәретханалар орнатылды. Бір сөзбен айтқанда, мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындарына жайлы жағдай жасалды, — дейді бас дәрігер. Оның айтуынша, аталмыш медпунктте медбике, санитарлық қызметкер және пеш жағатын жұмысшы еңбек етеді. Тұрғындар күнделікті емдеу мекемесіне келіп-кетіп, денсаулық жағдайын тексертіп отырады. Ал аяқ астынан сырқаттанып қалған жандардың үйіне медицина мамандары барып, дәрігерлік көмек көрсетеді.
— Егіндібұлақ ауылында Ләйла Жұмабекова есімді білімді медбике жұмыс істейді. Арасында өзім де барып, науқастарды қабылдаймын. Жалпы, ауылдықтардың денсаулық жағдайы жақсы. Жүкті әйелдер, кішкентай балалар мен мүгедектігі бар жандардың денсаулығы қатаң бақылауымызда. Ал арнайы есепте тұрған науқастар тегін дәрі-дәрмекпен қамтылады. Төсек тартып жатқан бір-екі жарымжан жанның үйіне барып, жағдайын тексеріп отырамыз. Жедел жәрдем көлігіміз де бар. Кейбір сырқат адамдарды аудан, облыс орталығына сол көлікпен медбикеміз апарып-әкелісіп тұрады. Әзірге ешқандай қиындық жоқ, — дейді Төлеутай Аденова.
Мәдениет үйі үлкейді
Биыл Баянауыл ауданы С.Торайғыров атындағы мәдени-сауық орталығына қарасты Құндыкөл ауылдық мәдениет үйі жаңа кейіпке енді. Аталған мекеменің директоры Жасқайрат Төлеубековтің айтуынша, мәдениет ошағына 62 жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында алғаш рет толығымен жаңартылған нысанды көрген ауылдық-
тар қуанышында шек жоқ.
— Мәдениет үйін жөндеуге 149 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Шатыры, қабырғалары, бәрі-бәрі ауыстырылды. Тіпті, ұзақ жылдар бойы терезелерін кірпішпен қалап, жауып тастаған екінші қабат та қайтадан жөнделіп, ауыл жастарына арналған теннис, бильярд залдары ашылды. Жиһаздар жаңартылып, бейнебақылау камерасы, дабыл құрылғылары орнатылды. Сондай-ақ, қол жуатын раковиналар, жылы дәретханалар қойылып, құны 16 миллион теңге тұратын 2 пеші бар модульдік қазандық сатып алынды. Алда келе жатқан Республика күні мерекесі қарсаңында 150 орындық концерттік залдың тұсауы кесіледі деген жоспар бар. Жалпы, осында түрлі мәдени іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Мектеп оқушыларына арналған «Жас қанат» атты эстрадалық ән және би, көркемсөз, басқа да үйірмелер жұмыс істейді. Бастысы, ауыл балалары мен жастарының белсенділігі жоғары, — дейді Жасқайрат Төлеубеков.
Қазіргі таңда Құндыкөл ауылдық мәдениет үйінде әдіскер мен мәдени ұйымдастырушы еңбек етеді. Мекеме директоры ауылдағы талантты балаларды өнерге баулитын кәсіби мамандарды жұмысқа қабылдайтындай мүмкіндік жасалса, нұр үстіне нұр болар еді деген ойын да жеткізді.
Тұрғындар риза!
Құндыкөл ауылдық округіндегі әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп қана қоймай, ауылішілік жолдар салынып, көшелерді жарықтандыру мәселесі де оң шешімін тапқан. Округ әкімі Қуандық Ивашевтың айтуынша, биыл Құндыкөл ауылында 215 шам, ал Егіндібұлақ ауылының көшелеріне 154 шам орнатылып, іске қосылған.
— Бүгінде біздің округте барлығы 842 адам бар. Халықтың әл-ауқаты жақсы деңгейде деп айтуға болады. Осындағы тұрғындардың 41 пайызы жұмыспен қамтылған, 19 пайызы шаруа қожалықтарын дөңгелетіп отыр, 10 пайызы өз күшімен күнін көрсе, қалған 30 пайызын зейнеткерлер мен балалар құрайды. Әзірге шешімін таппаған күрделі мәселе жоқ, — дейді Қуандық Шайхыұлы.
Ауылда атқарылып жатқан игі істерге тұрғындар да ризашылықтарын білдіруде. Солардың бірі, елді мекеннің байырғы тұрғыны, зейнеткер Бейсенбай Жангельдин:
— Мен осында 1977 жылдан бері тұрып келемін. Биыл ауылымызға айрықша мән беріліп, көркейіп жатқаны қуантады. Мәселен, бұрын көшелерде асфальт болмаған еді, қазір бұл іс шешілді. Сонымен қатар, түнде қала сияқты ауыл көшелері де жарқырап тұр. Мектебіміз, мәдениет үйіміз жөнделді. Енді шағын футбол алаңы салынады деп жоспарлануда. Халық үшін мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалып жатқаны ауылдықтарды бір серпілтіп тастады. Енді елді мекенімізде шағын өндіріс орындары ашылып, жастарға жұмыс орындары көбейсе екен деген арманымыз бар, — дейді.
Осылайша, алыстағы ауылдың ажары кіріп, ондағы тұрғындар өмірінің өзгергені қуантады.
Нұржайна ШОДЫР, Баянауыл ауданы.