Райгүл Нұрымқазықызы Тереңкөл ауданында бұрын-соңды болмаған кәсіп ашып, бүгінде тілі кешеуілдеген балақайларға көмегін беруде. Осыдан бірнеше жыл бұрын үлкен қызының тілі кеш шығып, кейбір дыбыстарды анық шығара алмаған екен. Баласына жәрдем іздеп, көп балалы ана облыс орталығына қатынауға мәжбүр болған. Бұлай ары-бері шапқылау оңай еместігін ұғынған ол кейін бұл қызметті кәсіпке айналдыруға жөн көреді.

— Қазір, өкінішке қарай, дамуы мен тілі кешеуілдеп жатқан балалар аз емес. Ата-ана баласының қатарынан қалмай, көшке ілескенін қалайды. Сондықтан мықты деген мамандарды іздейді. Жағдайы барлар алыс-жақындағы орталықтардың көмегіне жүгінеді. Шыны керек, барлық отбасының оған шамасы келе бермейтіні де рас. Ақыры уақыт жоғалтып алады. Тереңкөл — үлкен аудандардың бірі. Бұл ауданда да арнайы логопедиялық кабинет болуы тиіс деген ой келді. Себебі, логопед мамандар балабақшалар мен мектептерде ғана бар. Түзету орталығына күрделірек аутизм, аутистикалық спектрінде бұзушылықтары бар балалар ғана қабылданады. Осыны ескеріп, көмекке мұқтаж балаларға жәрдемдескім келді, — дейді Райгүл Фахирслямова.

Декреттік кезеңде ойына алған идеясын іске асыруға көпбалалы ана барын салды. Алдымен, Павлодар қаласындағы «Аружан» логопедиялық орталығында төрт ай білім алып, логопед мамандығын меңгерді. Кейіпке-ріміздің негізгі мамандығы — химия пәнінің мұғалімі. Былтыр логопед мамандығына оқуға түскен.

— Ойға алған соң бірден әрекетке көштім. Аудан орталы-ғындағы сауда үйлерінің бірінен арнайы кабинетті жалға алдым. Өткен жылы «Бастау» бағдарламасы арқылы бизнестің алғышарттарын оқып, сертификатқа ие болғам. Жеке кәсіпкерлігімді тіркедім. Содан соң көпбалалы ана ретінде мемлекеттік қолдауға жүгіндім. Қайтарымсыз грантқа өтініш беріп, комиссияның оң шешіміне ие болдым. Мемлекет берген қаржыға кабинетті толық жабдықтап шықтым, — дейді іскер ана.

Кабинетке арнайы жиһаз, ноутбук және қажетті керек-жарақты сатып алған. Логопедтер жиі қолданатын құралдарды ұмытқан жоқ. Мәселен, форбрейн құлаққабын алыпты. Айта кетейік, бұл — есту және сөйлеу қабілетін жаттықтыратын электронды құрал. Мұндай аппараттың микрофоны мен арнайы датчиктері болады. Одан бөлек, баланың тілі мен жақ сүйек, ерін, таңдайға логопедиялық массаж жасауға арналған зонд құралдарын да қолданады. Зондтарды стерильдеп, тазартуға арналған құрғақ ыстық ауалы шкаф сатып алған екен. Бұл шкафта құралдар термиялық өңдеуден өтеді.

— Логопед ретінде ең тиімді тәсілдерді пайдалануға тырысамын. Баламмен өзім де бұл жолдан жүріп өттім. Әрбір ата-ананың қалауын, қажетін бір кісідей білемін. Дамытушы ойыншықтарды қолдану, логопедиялық массаж жасау, артикуляциялық гимнастика арқылы балалардың кемістігін түзетуге тырысамын. Кейбірінің тілі кешеуілдеп жатса, кейбірі белгілі бір дыбыс-тарды айта алмайды. Міне, сол кемшіліктерді жойып, баланың толыққанды сөйлеп кетуіне күш саламын, — дейді Райгүл Нұрымқазықызы.

Логопед маманның айтуынша, көп жағдайда балалар ж, ш, ч, щ, с, з,ц дыбыстарын, сонорлық дыбысқа жататын р мен л дыбыстарын жиі айта алмайды. Бұл сөздік қоры бар, бірақ белгілі бір дыбыстарды айта алмайтын балаларға қатысты. Тереңкөлдік логопед балаларды 3 жастан бастап қабылдайды. Кейбір балада сөздік қор өз жасына сай келмейді. Бұл да тіл, жақ сүйегі, таңдайдағы белгілі бір бұлшықеттердің тонусы сияқты кедергілерден болады. Маман дәл осы кедергіні еңсеруге көмектеседі. Бүгінде логопедтің көмегіне 12 бала барып жүр. Аудан орталығымен қатар іргелес ауылдардан да кәсіби маманның жәрдеміне жүгініп жүргендер бар. Айтуынша, көп жағдайда 8-10 сабақтан кейін нәтиже байқалады. Жұмысын биыл сәуірде бастаған көпбалалы ананың алдына келіп, нәтиже көріп, кейбір бала түлеп ұшқан.

— Нәтиже шығаруға күш саламын. Әр бала әртүрлі. Кей-бірінікі күрделірек болуы мүмкін. Мәселен, тілдің бұлшықеттерінде тонус болса, көбірек жұмыс істеу қажет болады. Қызмет ақысын да барынша қолжетімді етіп қойдым, — дейді Райгүл ханым.

Әу баста 2000 теңгеден қабыл-дапты. Жеке кәсіпкер болғандықтан, мемлекетке төлейтін түрлі аударым, салықтарын ескеріп, қызмет құнын сәл көтерген. Қазір сабақ 2300 теңге тұрады. Қалада 4 мың теңгеден жоғары, дейді ол.

— Ісімді ептеп ілгерілетуге тырысып жүрмін. Осы орайда, ойымды іске асыруда мемлекеттік қолдаудың орны бөлек. Қайтарымсыз гранттың нәтижесінде идеямды жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. Мемлекеттің демеуінсіз қазіргідей деңгейде кәсіп жүргізу, балаларға жәрдем беру оңай болмас еді. Көпбалалы ана ретінде көрсетілген айтарлықтай көмек бұл, — дейді.

Логопед маман ата-аналарға әр баланың жас шамасына қарай сөздік қорына мән беруге кеңес береді. Мәселен, үш жасқа толған баланың сөздік қоры 100 сөзден артық болуы тиіс. Ал 4-5 жастағы балалар 4-5 сөйлемнен әңгіме құрауға жарап қалуы керек. 2 жастағы баланы да бақылап, алғашқы сөздерін айта алуына маңыз беру қажеттігін айтады.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.