Ақсу қаласындағы Абай атындағы орта мектеп оқушыларының қуанышында шек жоқ. Себебі мұнда балалар көптен бері күткен кең көлемді стадион салынды.
Аталмыш оқу орны «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында бой көтерген болатын. Алайда сол уақытта мектеп жанынан стадион қарастырылмаған-ды. Биыл облыс әкімдігі мен ERG компаниясы арасында жасалған меморандум аясында бұрын-соңды болмаған стадион салынды. Мұнда балалардың жаттығуы, дене шынықтыруы үшін қажеттінің барлығы бар. Айталық, Абай мектебінің стадионындағы қоршалған футбол алаңы көлемі жағынан қалалық «Достық» стадионынан кейін екінші орында тұр. Мұндағы жасыл алаң аулалар мен өзге білім беру мекемелері жанындағы сияқты шағын емес, толыққанды етіп салынған. Оған қоса, стадионда жүгіруге арналған жолақ, волейбол, баскетбол алаңы, тренажерлер кешенімен қамтылған гимнастикалық алаң бар. Жан-жағы толығымен жарықтандырылған.
Стадионның ашылу салтанатына қатысқан қала әкімінің орынбасары Әйгерім Әбенова жаңа стадион балалардың спортпен айналысуына мол мүмкіндік беретініне сенім білдіріп, оқушыларға алдағы сайыстарда жеңіс тіледі.
Өз тілшіміз.