Ертіс ауданында екі ауылдың арасын қосатын жолдың мәселесі шешілмек. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өтті. Бюджеттік өтінім берілді.
Аудан әкімдігінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, бұған дейін бұл жол мүлдем жөндеу көрмеген. Әрі бұл мәселені ауыл тұрғындары тұрақты кездесулерде жиі көтеріп келген.
– 2021-2022 жылдары аудандық маңызы бар Голубовка-Қызылқақ автожолының 16,8 шақырымында қиыршық тас төсемінің орташа жөндеуі жасалды. Осы жылы ұзындығы 19,4 шақырым автожол учаскесін орташа жөндеуге, атап айтқанда, қиыршық тасты асфальт төсемге ауыстыру жұмыстарын жасау үшін техникалық құжаттама әзірленді, – деді әкімдікте.
Еске сала кетейік, Ертіс ауданында жалпы жолдың ұзындығы 830 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жол және елді мекендер көшелерінің жолы бар. Биыл жергілікті билік ауданның Ленин, Ынтымақ, Үлгілі және Қызылағаш ауылдарына кіреберіс жол салуға уәде берген болатын.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.