Бір айдан соң аймағымыздың алқаптарында көктемгі егіс жұмыстары қыза түседі. Әр диқан жауапты кезеңге қазірдің өзінде дайындығын пысықтап, жоспарын түзуде. Железиндіктер үшін де бұл науқанның жөні бөлек. Өйткені, аталмыш өңір үшін экономиканың негізгі көзі — дәл осы агроөнеркәсіп кешені.
Демек, аудан тұрғындарының әл-ауқатына тікелей әсер ететін секторға селқос қарауға болмайды. Былтыр Жер-ана, ауа райы жылы шырай танытып, шаруалардың есебі түгел. Алайда, диқандар тоқмейілсімей әр жылдан ырыздығын күтеді. Бұл мол өнім еңбекпен ғана келетінін де жақсы біледі.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, ауданда
346 шаруашылық, қожалық жұмыс істейді. Солардың ішінде 122 ауыл шаруашылығы құрылымы егінші-лікпен айналысады.
— Биыл көктемгі егіс жұмыста-рына әзірлік жүріп жатыр. Қазірдің өзінде ауданымызға 4183 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Операторлық қызметтерді қосқанда 1 тонна дизельді отынның құны 291 мың теңге немесе литрі 244 теңге болады. Операторлар ретінде «LF TRADE», «ТК Парнас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері айқындалды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арзандатылған дизель отын GozAgro.kz ақпараттық жүйесі арқылы сатылады. Ағымдағы жылы егіс алқабы 208,3 мың гектар болады деп көзделіп отыр. Былтыр шаруалар 204,9 мың гектар алқапқа дән септі. Яғни, өткен жылғыдан егістік ауданы 3,4 мың гектарға ұлғайды, — аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Қаңтарбаев.
Әдеттегідей, егін алқабының басым бөлігін дәнді дақылдар алып жатыр. 146,2 мың гектарға железиндік диқандар дәнді дақылдар егуді жоспарлауда. Дақылдардың түрлеріне келсек, 102 мың гектарға бидай, 26,1 мың гектарға арпа, 9,9 мың гектарға сұлы, 500 гектарға тары, 7,5 мың гектарға қарақұмық тұқымы себіледі. Аудан шаруалары 1 мың гектарға дәнді-бұршақты дақыл егуді жөн көріпті. Былтыр диқандар бұршақты дақылдарды 1,9 мың гектарға еккен екен. Майлы дақылдар егілетін алқап көлемі де аз емес. Биыл железиннің шаруа қожалықтары 32,5 мың гектарға майлы дақыл дәнін себуді жоспарлауда. Оның басым бөлігі, нақөтысы 27 мың гектары — күнбағыс. 3,8 мың гектарға зығыр, 700 гектарға рапс және 700 гектарға қыша егіледі. Майлы дақылдардың өзге де түрлеріне — 300 гектар тиесілі.
Железин ауданының топырағында өскен картопты көпшілік жақсы бағалайды. 2025 жылы бұл өнімге де көңіл бөлінген. Былтырғыдай аумаққа, яғни, 1,9 мың гектарға картоп тұқымы салынады. Ауданда егіншілікпен қатар мал шаруашылығының өрісі кеңуде. Сәйкесінше, малдың азығына жем-шөп дақылдарын егу ұмыт қалған жоқ. 26,5 мың гектарда дәл осы мал азығы өсірілмек.
Бауыржан Қаңтарбаев көктемгі дала жұмыстарына техника да дайындалғанын атап өтті. 511 трактор егін егу науқанында жұмыс істемейді. 70 шақтысы шын табанды, 80-і К-700 маркалы алып тракторлар болса, 38-і — тұқым себетін кешендер. 304 трактор жер жырту жұмыстарына тартылады.
Тұқым қоры да ойластырылған көрінеді. Аталмыш аудан шаруаларына көктемгі егіске дәнді дақылдар бойынша 17 575 тонна тұқым қажет. Майлы дақылдардың 267 тонна тұқымы, көкөніс дақыл-дарының 5640 тонна, біржылдық шөптердің 142 тонна тұқымы керек. Аудандық бөлімдегілер бүгінде тұқыммен 100 пайыз қамтамасыз етілгенін мәлім етті.
Ғылыми негізде Железин ауданына Жол картасы бойынша минералды тыңайтқыштардың қажеттілік көлемі айқындалған. 17 147 тонна тыңайтқыш пайдаланылуы тиіс. Яғни, 6676 тонна азот, 8027 тонна фосфор, 2444 тонна калий тыңайтқыштары болуы керек.
Айта кетейік, жыл сайын елімізде агроөнеркәсіп кешеніне мемлекеттік қолдау артып келеді. Мұндай көмектен железиндіктер де кенде емес көрінеді. Мәселен, өткен жылы шаруаларға субсидиялаудың әртүрлі бағдарламалары аясында 1,4 млрд теңге бөлінген. 2,7 млрд теңге сомасына несие берілген.
Шаруалар техника паркін де жаңартуға мән беруде. Былтыр жалпы сомасы 10,5 млрд теңгеге 335 ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығы сатып алыныпты. Олардың ішінде 138-ін шаруалар өз қаражаттарына сатып алса, қалғанын әртүрлі лизингтік және қаржылық ұйымдар арқылы алған.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.