Апаттық жағдайда тұр

Мам 29, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Баянауыл ауданы Майқайың кентіндегі балалар музыка мектебінің ғимараты апаттық жағдайда тұр. Сол сияқты аудан орталығындағы балабақша соңғы бес жыл бойы қаңырап, балаларды қабылдауға қауқарсыз болып отыр. Ауданда қордаланып қалған мұндай мәселелер қашан және қалай шешілмек? Өңірдегі басты туристік аймақтың жазғы кезең алдындағы дайындығы қалай?

Жаңа мектеп салынады

Аймақ басшысы Асайын Байханов Баянауыл ауданына жұмыс сапары барысында осы және өзекті мәсе-лелердің жай-күйімен танысып, әрқайсысына қатысты нақты тапсырмаларды берді. Айталық, Майқайың кентінде 1958 жылы салынған балалар музыка мектебі бар. Алайда қалқанша жақтауы бар екі қабатты ғимарат апаттық жағдайда деп танылған әрі қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Сондықтан оны бұзып, орнына жаңа, заманауи оқу кешенін жобалау туралы шешім қабылданды. Ал музыка мектебіндегі домбыра, фортепиано, вокал, поэзия, ағаш ою, бейнелеу өнері үйірмелеріне қатысатын 313 бала бүгінде Майқайың-дағы «Кенші» мәдениет үйінің ғимаратында шығармашылықпен айналысуда. Облыс әкімі бейінді басқар-маларға Баянауыл ауданының Майқайың кентінде және Ақтоғай ауданының Ақтоғай ауылында ауданы 1000 шаршы метр болатын жаңа музыка мектептерін салу жобасын әзірлеуді тапсырды.

Одан кейін Асайын Байханов кенттің жылу, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері нысандарының жай-күйімен танысты. Кенттегі кәріз желілерінің жалпы ұзындығы 13 шақырымды, жылу желілері
8,3 шақырымды құрайды. Бұған дейін аймақ басшысының тапсырмасымен техникалық аудит жүргізіліп, нәтижесінде кәріз желілерінің 69 пайызы және жылу желілерінің 65 пайызы тозғаны анықталды. Сондықтан жұмыстарды кезең-кезеңімен орындай отырып, жылумен жабдықтау жүйесін қайта қалпына келтіру, су бұру жүйесін санациялау әдісімен жөндеу үшін тиісті құжаттарды әзірлеу тапсырылды.

Photo Valeriy BUGAYEV

Инфрақұрылымдық түйткіл аудан орталығында да бар. Баянауыл ауылында 2014 жылы салынған балабақша соңғы бес жыл дересінде бос тұр. Себебі, жерасты суы көтеріле береді. Ал сараптамалық жұмыстар бұл ғимаратты әзірше апаттық жағдайда деп таныған жоқ. Ендігі ретте балабақшаның жұмысын қалпына келтіріп, аудан орталығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету үшін жерасты суын бұру жобасын әзірлеу керек. Сонда ғана ғимаратты қайта жаңартуға мүмкіндік туады. Аймақ басшысы осыған байланысты тапсырмалар берді.

Туристік маусымға дайын ба?

Асайын Байханов Баянауыл ауданына сапары барысында жазғы туристік маусымға дайындық мәселесіне ерекше мән берді. Аудан басшысы Ардақ Кісентаевтың айтуынша, қазіргі уақытта ауданда жалпы сыйымдылығы 5 мыңнан асатын 54 демалыс үйі бар. Жол бойындағы қызмет көрсету нысандары да жұмыс істейді. Жазғы кезеңде Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр демалыс аймақтарында қосымша тамақтану орындары мен сауда павильондарын ашу жоспарлануда. 14 туристік маршрут әзірленіп, іске қосылуға дайын. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық қызметтер толық дайын. Бейнебақылау камералары орнатылып, су айдындарында құтқару бекеттері ұйымдастырылды. Туристік инфрақұрылымды одан әрі дамыту үшін шамамен 568 млн теңгеге Сабындыкөл көлінің жағалау аймағын абаттандыру көзделген. Жоба бойынша кіреберіс топтары, шағын архитектуралық формалар орнатылып, бақылау алаңдары ұйым-дастырылады. Сондай-ақ, Баянауыл ауылында 1 млрд теңгеге жуық қаражатқа өлкетану мұражайы орналасатын визит-орталықтың құрылысы жүргізілуде. Бұл бастамалар Жасыбай көліне түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.

Торайғыр ауылындағы қара қанды-ағаш өсетін бірегей табиғи нысан — «Әулие бұлақ» бұлағының аумағын абаттандыруға да ерекше назар аударылды. Жұмыстар аясында жуынатын кабинкалар, отыратын орындар қойылып, экологиялық туризмді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Сондай-ақ, облыс әкімі жүздеген жыл бұрын табиғи күштердің әсерінен пайда болған сакралды орын — Кемпіртас жартасына барды. Жартастың жанында қола дәуірінің археологиялық ескерткіштері — Андронов мәдениетінің қабірлері мен қоныстары орналасқан. Аймақ басшысы осы табиғи ескерткішке апаратын жолды асфальттауға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, ауданда жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың қатарында жыл бойы жұмыс істейтін «Березовая роща» демалыс үйінің, Баянауылға кіре беріс жердегі жанар-жағармай құю бекетінің жанындағы қызмет көрсету аймағының, «Сабындыкөл Плаза» демалыс базасының, әлеуметтік нысандары бар мәдени орталықтың және «Факел» демалыс аймағындағы қонақүйлердің құрылысы бар.

Асайын Байханов сапар барысында құрылысы жүргізіліп жатқан «Березовая роща» қонақүй кешені мен демалыс аймағының аумағындағы ашық бассейн алаңына барды. Қазіргі уақытта бірінші және екінші блоктар, сондай-ақ SPA аймағы бар жабық бассейннің құрылысы аяқталды. Нысанда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада ашық бассейн салу жоспарланған.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Баянауыл ауылында ауданы 2 мың шаршы метрден асатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын тексерді. Одан кейін Сабындыкөл көлінде жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Қазір онда кіреберіс жолды, жарықтандыруды, фотоаймақтарды жайластырумен бақылау алаңының құрылысы, жағажайды абаттандыру жұмыстары басталды. Биыл оның аумағында жайлы шатырлар, жатын орындар, тақтайдан жасалған жолдар, киім ауыстыруға, жуынуға арналған орындар, дәретханалар үшін заманауи кабиналар және басқа да қажетті инфрақұрылым элементтері пайда болады.

Баянауыл ауданында туристік маусым 14 маусымда ресми түрде ашылмақ. Облыс әкімі жазғы маусымның сәтті басталуын қамтамасыз ету үшін ауданның инфрақұрылым нысандары бойынша барлық дайындық жұмыстарын 10 маусымға дейін аяқтау қажет екенін қатаң ескертті.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ,

Баянауыл ауданы.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.