Екібастұздық жастар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қолдау көрсетіп, Қ.Сәтбаев атындағы каналдың санитарлық қорғау аймағындағы қалдықтарды жинады.

«АМАNАТ» партиясы Екібастұз қалалық филиалының жастар қанаты мен еріктілер бірлесіп, Шідерті кентіндегі су арнасының аумағын тазартты.

– Республикалық акция қоқыстарды тазалауға ғана бағытталмаған. Оның патриоттық, тәрбиелік мәні зор. Замандастарымызды кез келген қоғамдық тәртіпке «нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша тәрбиелеп, олардың бойында қоғамдық мәдениет қалыптастырғымыз келеді. Тыйым салынған жерлерде суға түсуге болмаса да, халық канал жағасында демалуды жалғастыруда. Жағада қалған тұрмыстық қалдықтар өңір экологиясына орасан зиян келтіруде. Сондай-ақ, тыйым салынған жерде, жабдықталмаған жағажайда немесе су қоймасында шомылу арқылы жерлестеріміз өздерінің және жақындарының өміріне қауіп төндіреді, – дейді партия өкілдері.

Екібастұздық жастар жұртшылықты туған жердің табиғатын аялауға және «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақырды.

 

Өз тілшіміз.