Photo Valeriy BUGAYEV

Аймақ басшысының аудандарға жұмыс сапары жалғасуда. Кезекті сапармен облыс әкімі Асайын Байханов Успен және Шарбақты аудандарына барды. Егін алқаптарын аралап, күзгі жиын-терім жұмыстарының барысымен танысты. Қос ауданның шаруаларының көңілі тоқ екені аңғарылды. Себебі, ауа райының оң қабағы диқандарды мол өнімге кенелтіп отыр.

Топырақты тоздырмау керек

Алдымен аймақ басшысы Успен ауданының егістіктеріне аялдады. Аудан әкімі Нұрболат Мақашевтің мәлімдеуінше, биыл 248,7 мың гектарға егін егілген. Оның 147,1 мың гектарын бидай алқаптары алып жатыр. Успендік диқандар биыл қарақұмық егістігін 2 мыңға гектарға өсіріп, 28 мың гектарды құраған. Майлы дақылдар егісі 42 мың гектардан 74,7 мың гектарға жеткізілген. Майлы дақылдардың 98 пайызы – күнбағыс. Осы орайда, облыс әкімі алдағы жылы майлы дақылдар алқабын әртараптандыруды тапсырды. Биыл 300 гектарға диқандар зығыр өсімдігін егіп, өнімін жинап та үлгеріпті. Успен ауданында жалпы орташа өнімділік — гектарынан 11 центнер. Былтырғы 4,2 центнерден екі есеге артық. Көктемгі және күзгі науқан жұмыстарына шаруаларға 3,6 млрд теңге несие беріліпті. 3743 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінген. Бүгінде дәнді дақылдардың 41 пайызы жиналып, 63,9 мың тонна түсім алынған. Ауа райы қолайлы болса, шаруалар қазан айының бірінші онкүндігінде астық жинауды аяқтауды жоспарлап отыр.

Успен ауданының шаруалары биыл 248 мың гектарға небары 4700 тонна тыңайтқыш қолданған. Аймақ басшысы бұл көрсеткіш аздық ететінін ескертті.

— Тыңайтқышты кеңінен қолдануды диқандарға түсін-діру жұмыстарын жүргізу керек. Көбейтпесек, жердің құнарлығы төмендеп кетеді. Жеріміз болашақ ұрпаққа да қызмет етуін қамтамасыз етуіміз керек. Экономикалық тұрғыдан диқандарға ауыр тиюі мүмкін. Алайда, биылғыдай өнімді жылы табыстың он пайызын болсын дәл осы тыңайтқыштарға бағыттау қажет. Жерге қамқорлық жасалғаны абзал. Өзіне тиесілі жерге қамқорлық танытатындарға жер үлесті-руде басымдық беру тетіктерін қарастыру артық болмайды, — деді аймақ басшысы.

Айлықты арттырса…

Облыс әкімі успендік «Мәнсүр» шаруашылығының күнбағыс алқабына арнайы барды. Бұл егістікте егіншілікке енді бет бұрған жас диқан еңбек етеді. Шаруашылық басшысы Адамзат Абзалов биылғы өнімділікке қарай қарамағындағылардың айлығын 40 пайызға өсіріпті. Жаңа техникалар сатып алған. Астық кептіргішке өтінім беріп қойыпты. Күзгі жиын-терім оң нәтижелі болатынына үмітті.

«Нұрлан и К» шаруашылығының басшысы Нияз Бақтыбеков те 2 мың гектарлық алқабынан биыл күнбағыс жинайды. Орташа шығымдылық гектарынан 15 центнерден алуда. Кейбір бөліктерінде 20 центнерге жететін көрінеді. Диқан әлі де кеңейгісі келеді. Бірақ, бос жердің жоқтығынан өзінің иелігіндегі алқапты тиімді пайдалануға ниетті.  Айтуынша, жұмысшыларын да жалақы жағынан жарылқап отыр. Аймақ басшысы әрбір диқанға жалдамалы жұмыскерлердің айлығын арттырудың маңызын айрықша айтып берді.

— Диқанның өнімі жақсы болғанда, ол жалдамалы жұмысшының да қалтасында сезілуі тиіс. Сезілмесе, ауылда еңбек ететін адам қалмайды. Урбанизация үрдісі жүріп жатыр. Жастар қалаға ұмтылуда. Істің адамдарын алып қалу үшін айлығы лайықты болуы тиіс. Біз билік тарапынан ауылдардың инфрақұрылымын түгендеп берсек, шаруалар халықты еңбекпен, лайықты жалақымен қамтуға күш салуы керек, — деді Асайын Қуандықұлы.

Жемге деп жүгері еккен

Ал «Галицкое» ЖШС биыл суармалы алқап көлемін 553 гектарға арттырған. Осылайша, мұнда жалпы суармалы егістік ауданы 1600 гектарға жетіпті. Келесі жылы тағы 450 гектарлық суармалы алқапты игеру жобасы әзірленіпті. Серіктестік басшысы Александр Касицыннің мәлімдеуінше, малдың жем азығы толығымен суармалы алқапқа егілген. Мәселен, 1 мың гектарға жүгері өсіріліпті. Сапалы азық алуға ден қойған. Себебі, шаруашылықта бүгінде мал басы 5 мыңнан асыпты. Оның 1200 басы – сауылатын сиыр. Шаруа суармалы алқапқа көкөніс егуге де көшкен.

— Көкөніс егуді бастадық. Биыл 80 гектарға картоп, 50 гектарға сәбіз ектік. Себебі, қымбат жобаларды жүзеге асырғанда несиелік қаржы алынады. Оны қайтару керек. Суармалы алқапты толық жем-шөпке қалдырсақ, табыстың ет пен сүт арқылы қайтуы тым ұзақ. Ал көкөністі мамырда егіп, қыркүйекте жинап, қарашада сатуға болады. Яғни, ақша айналымы жылдам. Алдағы уақытта көкөніс алқабын арттырмақпыз. Ол үшін тағы бір 6 тонналық көкөніс қоймасын саламыз. Қазіргі 6 тоннналық қойма бізге аздық етіп отыр, — дейді А.Касицын.

Жалпы, бұл серіктестік биыл 25 мың гектарға дәнді дақылдар еккен. Бүгінде 50 пайызын жинап алған. Орташа өнімділік – гектарынан 12-13 центнер. Диқан бұдан да жоғары алуға дәмелі болғанын жасырмады. Бірақ, шілдедегі шіліңгір ыстық дәннің дәл жетілген тұсында өнімділікке кері әсерін тигізіпті. Десе де, биылғы шығымдылыққа риза.

Өсім бар

Бұдан кейін облыс әкімі Шарбақты ауданы шаруаларының ахуалына құлақ асты. Алқаптарды аралап, жетіліп, жинауға әзір тұрған өнімді көріп қайтты. Аудан әкімі айтуынша, биыл 206,8 мың гектарға егін егілген. Оның 133,1 мың гектарын дәнді дақылдар алып жатыр. Оның 44 пайызы жиналған. Орташа өнімділік гектарынан 11,9 центнерді құраған. Ағымдағы жылы майлы дақылдар алқабы 11 мың гектарға ұлғайыпты. Қарақұмық егістігі 4,3 мың гектарға артқан. Тары егістігі 5,7 мың гектарға өскен. Майлы дақылдар ішінде биыл бірінші рет 900 гектарға сафлор өнімі өсірілген.

Диқандар техникаларын жаңартуды тоқтатпаған. 2024 жылы аудан диқандары 10 техника сатып алыпты. Дала жұмыстарына 3362 тонна жанар-жағармай бөлініпті.

Аймақ басшысы «Победа» ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасы мен қырманына барды. Серіктестік басшысы Владимир Поляков биылғы жиын-терім жұмыстарының барысын таныстырды. Қоймада сәбізді іріктеу жұмыстары қызған. Қырманға дәнді дақылдар қабылдау басталған.

Өңірімізде жол салумен айналысатын кәсіпкер Тимур Серікпаев биыл егіншілікте де ебін байқап көруді жөн көрген. Туған өлкесінде 550 гектарға бидай егіпті. Алқап тозған болса да, тиімді технологияларды қолданып, гектарынан 15 центнерден өнім алуда. Бірінші жыл бірден мол өнім алу оған ары қарай сенім ұялатқан көрінеді. Әлі де кеңеюді көздеп отыр. Келесі жылы күнбағыс дәнін сеппек.

Аймақ басшысы «Никром» шаруашылығының тәжіри-белік алқабына да аялдады. Шаруа қожалығының басшысы Валерий Сорокиннің айтуынша, 40 гектарға күнбағыстың 39 сұрпы егіліпті. Оларды тәжірибеден өткізіп, қайсысы өңіріміздің ауа райына сай өнімді екені анықталады. Дән жиналған соң әрқайсысы өлшеніп, сапасы да назарға алынбақ. Бұл шаруашылық биыл 33,8 млн теңге субсидия алған. Техника паркі де жаңа комбайнмен толыққан.

«Зерно» шаруа қожалығының басшысы Құсайын Букаевтың да биылғы өнімділікке көңілі толып отыр. 5,5 мың гектарға егін еккен. Оның 3,5 мың гектары – бидай алқабы. Қазір оның 1,5 гектарынан өнім жинаған. Қарақұмықты гектарынан 12-16 центнер шамасында алуда. Диқан 21 адамды еңбекпен қамтып отыр. Лизингке техника алған. Жас шаруашылық кеңеймек ниетте.

Облыс әкіміне әрбір шаруа мемлекеттің қолдауын жан-жақты алып жатқандарын атап өтті.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,

Успен, Шарбақты аудандары.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.