Бірнеше аптадан соң Прииртышск елді мекеніне жолыңыз түссе, асфальтсіз, шаңы көтерілген көше көрмейсіз. Себебі, аталмыш ауылда биыл 8 көшеге тас жол төселеді.

Прииртышск ауылдық округінің әкімі Руслан Арынғазиновтің айтуынша, алты көшеге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында асфальт төселеді. Бұл — шамамен 5 шақырымдық жол. Алты көшенің төртеуінде бұрын тіпті асфальт болмаған. Ал екі көшенің тек жартысында ғана ескі тас жол болыпты. Енді олар да толық асфальтталады. Бұл мақсатқа бағдарлама шеңберінде 185 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен бонустық трансферт есебінен 1,8 шақырымдық екі көше жаңармақ. Оған 52,6 млн теңге бағытталмақ. Жол жөндеу жұмыстарын «Аза» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізеді. Мердігер ағымдағы айдың соңына дейін барлық жұмыстарды аяқтауды межелеп отыр. Облыс орталығынан 210 шақырым қашықтықтағы ауылда 630 адам тұрады.

 

Г.ТҮГЕЛБАЙ.