Тереңкөл ауданының 95 жылдық мерейтойына орай «Асық атудан» облыстық турнир өтті. Оған Павлодар, Екібастұз, Шідерті ауылының, Баянауыл және Тереңкөл ауданының командалары қатысты.

Ойыншылар мергендігімен, ептілігімен қарсыластарынан озуға тырысты. Тартысты ойын қорытындысы бойынша Тереңкөлдің спортшылары бірінші орынды иеленді. Баянауыл ауданы – екінші, Екібастұз қаласы үшінші орынды иеленді. Командаларға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Жалпы, Тереңкөл ауданында спорт түрлерін дамытуға ден қойылуда. Облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде жеңіс тұғырынан көрініп жүргендер бар. Жуырда аудан басшылығы 26-шы облыстық спартакиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ, жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізген спортшыларға құрмет көрсетті. Ауданның спорт саласын дамытуға үлес қосқан азаматтарға да алғыс айтылды. Мәселен, ауданның Құрметті азаматы, велоспорттан КСРО спорт шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ағарту үздігі Петр Яценкоға аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Г.МАҒЖАН.