Железин аудандық әкімдігінде өткен жиында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер сөз болды. Оған аудан әкімінің орынбасары Райхан Усина, ауылдық округ әкімдері мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Роман Пак 2026 жылдан басталып енгізілетін жаңалықтар мен өзгерістерді баяндады. Осы ретте, ол жүйе халықты қолжетімді әрі сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етудегі негізгі тетік болып қалатынын атап өтті. Аурухана басшылығының мәліметінше, сақтандырылған азаматтар профилактикалық тексерулер мен кеңестерден бастап, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекке дейін кеңейтілген қызметтерді ала алады. Сонымен қатар, 2026 жылы енгізілетін жаңашылдықтарға тоқталды. Мәселен, аз қамтылған тұрғындар мен ресми түрде тіркелген жұмыссыз азаматтарға МӘМС жүйесі қолдау білдіреді. Нақтысы, олар үшін жарнаны жергілікті атқарушы органдар төлейді. Бұл медициналық қызметтерге қолжетімділікті арттыруға және әлеуметтік осал топтарға түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Жиынға қатысушыларға сақтандыру мәртебесін сақтау жеңілдейтіні де айтылды. Яғни, алдыңғы кезеңдерде үздіксіз төленіп келсе, төлем уақытша үзілген жағдайда алты айға дейін күшінде болады.
Г.МАҒЖАН.
Железин ауданы.
