Атқарылған іс аз емес

Шіл 31, 2025

Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов тұрғындармен тұрақты түрде кездесуде. Соның барысында атқарылған істерді баяндап, алдағы уақытқа белгіленген жоба-жоспарлармен бөліседі.

Сондай кездесулердің бірі Ақсу қаласы мен Ақсу шағын ауданының тұрғындарымен өтті. Жүздесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері мен алдағы мақсат-міндеттер жөнінде баяндалды.

Болатбек Кәрімұлының айтуынша, биыл халықтың өмір сүру сапасын арттыру мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асуда. Атап айтқанда, жеті елді мекен және Ақсу шағын ауданында жалпы ұзындығы 9,3 шақырым болатын кіреберіс жолдар жөнделді. Сарышығанақ ауылында ішкі жолдар, жарық желілері де қалпына келтірілді.

Сол сияқты Ақсу қаласындағы №3, 5 және 8 шағын аудандарда жылу жүйелері қайта жабдықталуда. Шаһардағы 16 ауланың аумағы абаттандырылып, балаларға арналған жаңа ойын алаңдары да салынып жатыр.

Болатбек Шәріпов жүзеге асқан осы және өзге де жұмыстарға тоқталып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Кей мәселелерді назарға алды. Сондай-ақ, азаматтарға жеке қабылдау өткізіп, бірқатар өтініштер бойынша нақты жағдайды зерделеу үшін оқиға орындарына барып қайтты.

Өз тілшіміз.