Шарбақты ауданында медицина мамандары тапшы. Мәселен, қазіргі таңда өңірдегі Галкин, Шалдай, Александровка елді мекендерінде жалпы тәжірибе дәрігері жоқ. Сондай-ақ, аудан орталығындағы ауруханада да онколог, фтизиатр, оториноларинголог және ультрадыбыстық диагностика жасайтын мамандар жетіспейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған «Шарбақты ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы» атты көшпелі баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Аудан әкімі Сержан Иманқұловтың айтуынша, ағымдағы жылы Шарбақтыға он шақты жас дәрігер келіп, еңбек етуде. Оларға мемлекет тарапынан тиісті әлеуметтік көмектер көрсетілген. Соған қарамастан, маман тапшылығы мәселесі әлі де өткір тұрған жайы бар. Сөз басында айтып өткеніміздей, бірнеше ауылдағы амбулаторияда дәрігер жоқ, салалық мамандар да жетіспейді. Бұл жағдай жергілікті тұрғындар үшін қиындық тудыруда. Биыл ауданда туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші төмендегенімен, қан айналым жүйесі және онкологиялық аурулардың өсуі байқалады.
Ауданның білім беру саласында алға басу бар екенін атап өткен жөн. Бүгінде өңірдегі 3-6 жас аралығындағы балғындар 100 пайыз, ал 2-6 жас аралығындағы балалар 99 пайыз мектепалды біліммен қамтылған.
— Шарбақты ауданы бойынша 6 жасқа дейінгі 894 бала бар, оның ішінде 3-6 жас аралығындағы 657 балғын балабақшаға орналасты. Мектеп жасындағы 2 800 оқушы бар. Жалпы, өңірде 6 қазақ, 6 аралас және 12 орыс тілінде оқытатын мектеп жұмыс істейді. Сонымен қатар, аудандағы 22 мектепте мүмкіндігі шектеулі 94 балаға инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған. Барлық білім беру мекемесі компьютерлермен қамтамасыз етілген. Олардың жалпы саны 1490 бірлікті құрайды, яғни бір компьютерге 2 оқушыдан келеді, — дейді аудан әкімі. Оның айтуынша, осы оқу жылының басында өңірге 12 жас педагог жұмыс істеуге келген. Олар математика, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәндерінен сабақ беруде. Қазіргі таңда ауданның білім беру ұйымдарында бос жұмыс орны жоқ.
Жұмыспен қамту саласында да көп іс тындырылуда. Мәселен, биыл жыл басынан бері бос жұмыс орындарына 497 адам орналастырылған. Ал «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына 65 жас, қоғамдық жұмыстарға 206 жұмыссыз азамат қатысқан. Жалпы, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құрайды. Сондай-ақ, тұрмысы нашар 64 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұл мақсатқа қазынадан 26,2 млн теңге төленген.
Ауданда егін, мал шаруашылығы саласының жұмысы да дұрыс жолға қойылған. Ағымдағы жылдың алғашқы 11 айындағы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 29534,5 млн теңгені құраған. Қуантарлығы, биыл Шарбақты өңірі астық жинауда рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. Сондай-ақ, қысқы мал азығы да жеткілікті деңгейде жиналды, дейді өңір басшысы.
Экономика секторында да даму бар екені байқалады. Осы жылдың
1 қарашасына дейінгі жағдай бойынша өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 5320,4 млн теңгені құрағанын атап өткен жөн. Бұдан бөлек, құрылыс, тұрғын үй саласында да көп жұмыс атқарылып, оң нәтижеге қол жеткен.
Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау мәселелері де толық шешімін тапқан.
Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға және орташа жөндеуге 1 308,3 млн теңге қарастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар да өз деңгейінде қолға алынуда.
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мәселесіне де жіті назар аударылуда. Осы мақсатта 7 ауылдық округте 11 учаскелік полиция инспекторы, 31 полицияның қоғамдық көмекшісі жұмыс істеуде. Үстіміздегі жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында 78 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда едәуір азайған көрінеді.
Соңғы жылдары Шарбақтыға қоныс аударушылар қатары артқан.
— Биыл жоспар бойынша 55 отбасы, яғни 188 адам (оның 21 отбасы қандастар, 34 отбасы ішкі қоныс аударушылар) көшіп келуі тиіс болған. Қазіргі күні ауданға 38 отбасы (177 адам) қоныс аударды. Олардың қатарында 63 қандас, 114 ішкі қоныс аударушылар бар. Жыл соңына дейін тағы 3 отбасы, яғни 14 адам келеді деп күтілуде. Осылайша, осы жылға белгіленген жоспар толық орындалады, — дейді Сержан Иманқұлов. Сондай-ақ, ол алыс-жақыннан ауданға көшіп келушілерге барынша қолдау көрсетіліп, баспана сатып алуы үшін мемлекет тарапынан ұтқырлық сертификаты берілетінін және отбасындағы әр адамға материалдық көмек қарастырылғанын атап өтті.
Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі баспасөз мәслихатынан кейін ауданға келіп, табысты еңбек етіп жатқан жас мамандармен кездесу өтті. Олар ауылдағы жаңа өмірлері, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау шаралары жайлы айтып, қатарластарын да елді мекендерде еңбек етуге шақырды.
Нұржайна ШОДЫР, Шарбақты ауданы.