Ауданда игілікті істер көп

Там 7, 2025

Биыл жаз маусымында Ақтоғай ауданында атқарылып жатқан ауқымды істер көп. Атап айтқанда, қысқы кезеңге әзірлігі, жастардың жұмыспен қамту, оқушылардың жазғы лагерін ұйымдастыру, ат спортын дамытуда ілгері істер баршылық.

Шөп шабу науқаны жүргізілуде

Қазіргі уақытта Ақтоғай ауда-нында қысқы кезеңге дайындық белсенді түрде жүргізілуде. Биылғы жылы қыстайтын мал басы 49,4 мыңды құраса, оларға азыққа жалпы қажеттілік 109,6 мың тонна шөпті құрайды деп күтілуде. Жоспар бойынша шөп шабындық алқаптардан әзірленуде. 12 мың тонна сабан мен 3 мың тонна пішенді «Ақтоғай-АГРО» фирмасы ЖШС дайындайды. Сонымен қатар, аудан шаруашылықтарында өткен жылдағы 16,0 мың тонна шөп көлеміндегі ауыспалы жем-азық қоры бар.

Жұмыс жоспарына сәйкес, шөп әзірлеу науқанына 404 техника мен 1069 құрал қолданылуы керек. Жалпы ауданы 109,4 мың гектарды құрайтын шабындықтың орташа өнімділігі гектарынан 4,4 центнерге жетуі тиіс. Ауа райының қолайлылығына орай, шөп шабу науқаны 19 күн аралығында аяқталады деп жоспарлануда.

Ақтоғай ауданына берілген өтінімдерге сәйкес ағымдағы жылдағы егін жинау мен шабындық жұмыстарын жүргізуге 2019 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бүгінде ауданның ауыл- шаруашылық құрылымдары жемшөп дайындауды өз уақытында аяқтауды көздеп отыр.

Балаларға  арналған этнолагерь

Биыл балаларға арналған жазғы лагерьдің тәрбиелік маңызы зор болды. Жоламан ауылында орналасқан «Ақтоғай» лагерінде 16 маусым мен 9 шілде аралы-ғында 100 оқушы жазғы демалыс уақыттарын өткізді. Сондай-ақ, ауданаралық лагерьлермен шектеліп қалмай, аудан атынан оқу озаттары қатарындағы 27 оқушы облыс және республикалық лагерьлерге жіберілді.

– Жаз уақытында балалар бос уақытын тиімді пайдалануы керек. Олардың жазғы лагерьде таным көкжиегін кеңейтіп, жан-жақты дамығаны дұрыс. Биыл бала тәрбиесінде ұлттық сана-сезімге мән беруді жөн көрдік. Осы орайда мектеп жанындағы лагерьлерде үш киіз үй қойылды. Онда өңірдегі қоғамдық бірлестік өкілдері сырмақ тоқу, ши тоқу, киіз басу, жүн иіру, құрақ құрау қолөнер түрлерін меңгеріп, бауырсақ пісіру сынды ұлттық өнер мен тағамдарды дайындау бойынша шеберлік сабақтары өткізілді, –
дейді Ақтоғай балалар өнер мектебі басшысының орынбасары Аңсаған Хусаин.

Сондай-ақ, балалар демалысын үйлестірушінің айтуынша, бала-лардың қауіпсіздігіне баса назар аударғандықтан, құқық қорғау және медицина қызметкерлерімен кездесу жиі ұйымдастырылып, сала қызметкерлері балаларға оқу-жаттығу сабақтарын жүргізіп, біркүндік шара өткізді.

Аудандағы балаларға арналған үйірмелер жаз уақытында да жұмыстарын жалғастыра береді. Демек, жазғы демалыстың соңына дейін оқушылар домбыра, жетіген, қобыз сынды аспаптарын үйреніп, спорт орталықтарындағы сайыстарда бақтарын сынап, күш-жігерін көрсете алады. Бүгінде аудандағы білім мен мәдениет саласының мамандары балалардың білім мен тәрбие арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін әр саланы жетілдіруде. Сонымен қатар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар аталмыш лагерьлерге тегін барады.

Жұмыспен қамтылған жастар көбеюде

Қазіргі таңда елімізде қоғамдық жұмысқа тарту, жастар практикасы, мерзімдік кәсіптік оқыту сынды бағдарламалар өз тиімділігін көрсетіп келеді. Биыл Ақтоғай ауданының мансап орталығына 559 азамат жұмыс іздеу мәселесімен келіп, 232 тұрғын жұмыспен қамтылды. 144 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

– Павлодар облысы білім беру басқармасының Ақтоғай аграрлық-техникалық колледжіне қысқа мерзімді курсқа «Ауыл-шаруашылық өндірісінің тракторшы-машинисі» мамандығына 12 адам, «Аспаз» мамандығына 4 адам оқуға жіберілді. Сондай-ақ, алдағы уақытта  аталмыш мамандыққа 3 адамды оқуға жіберу жоспарлануда.  Ал «Бастау-Бизнес» жобасындағы кәсіпкерлік негіздері бойынша 100 адам оқытылды. Enbek.kz порталында 77 адам онлайн оқытылып, білімдерін жетілдірді,  – дейді аудандық мансап орталығының бөлім басшысы Самал Жетпісова. Сондай-ақ, ауданға келетін қоныс аударушылар мен қандастарды жұмыспен қамту мақсатында бірқатар шара қолға алынуда.

 «Жасыл елдің» жемісі

Биыл колледж, университет студенттері және 10-11-сынып оқушылары қатарындағы «Таза Ақтоғай» атты алғашқы еріктілер тобы өз жұмысын бастады.

Олар ауланы жапырақтан тазарту, арамшөптерді жинау, жылыжайдағы өсімдіктерді суару сынды жұмыстармен айналысады. Сонымен қатар, орталықты көріктендірумен ғана шектелмей, көмекке мұқтаж тұрғындарға қолдау көрсетіп, 30-дан астам аулада арамшөптерді жинап, өсімдіктерді суарды.

– Тазалық марафоны аясында жастар сенбілік ұйымдастырып, аудан көшелерін қоқыстан тазартты. Ақтоғай ауданындағы экологиялық «Жасыл ел» жасақтары Ақтоғай, Мүткенов, Қараоба, Қожамжар және Жолболды округтерінде абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Ал Ақтогай ауданында балалар ойын алаңдары, саябақтарды тазалап, көріктендірді. Сондай-ақ, олар ауданның еріктілер қызметіне белсенді қатысып, «Ықылас», «Таза Ертіс», «Қамқорлық», «Таза Қазақстан» еріктілер акцияларына қатысып, бір ай аралығында 5 гектардан астам аумақты абаттандырып, волонтерлік акцияларға көмек көрсетті, – дейді жастар ісі жөніндегі инспектор  Қайырбек Тұяқ.

Жыл сайын аудан жастары арасында «Жасыл ел» қозға-лысының танымалдылығы артып, жасақтардың саны ұлғаюда.

Ат спортымен танылған

Ақтоғай ауданындағы ат спорты жылдан-жылға дамуда. Басқа аудандардан спортшыларды тарту арқылы жарыс ауқымы кеңінен тарауда. Әсіресе жас ұрпақтың патриоттық сезімі, ұлттық ойынға деген қызығушылығы арта түседі. Ойын барысында жанкүйерлердің үлгі ұстар шабандоздары пайда болуына ықпал етеді.

Бүгінде ұлттық ойындар жаңа сипатқа ие. Көкпар, бәйге, жамбы ату секілді спорт түрлері дамып, көптеген жарыстар өткізілуде. Аудандық командалар облыстық деңгейде сайыстарға қатысып, бақ сынасады.

– Ат спорты мол қаржыны талап еткенімен, ауданда барынша жарыстарды тиісті деңгейде өткізуге тырысамыз. Бәйгеден белгілі шабандоздар ат спортына қызығушылық танытатын балаларды аталмыш өнерге баулып, келешекте өтетін жарысқа дайындайды. Оған қоса, бүгінде таза қанды жылқы тұқымын асырап алып жатқан тұрғындар саны көбеюде. Өткен жылы біздің ауданда өңірлік атбегілердің қатысуымен алғаш рет таза қанды жылқылар
арасында жарыс өткізілген. Биыл бұл жануар арасындағы сайыс Баянауыл ауданында жалғасын таппақ, – дейді Ақтоғай ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Нұртазаұлы.

Салтанат ҒАББАС,

Ақтоғай ауданы.