Бүгінгі таңда Ақтоғай ауданы — дамудың даңғыл жолына түскен еңселі өңірдің бірі. Жалпы, кез келген ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруын ауылдардың қарапайым инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуінен аңғарсақ, ауданда ауызсу, жол, тұрғын үй секілді мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Аймақта агроөнеркәсіп кешені алға басып, кәсіпкерліктің көкжиегі де кеңейе түсуде. Мұның барлығы да байыпты бастамалардың лайықты нәтижесі екендігі сөзсіз. Жақында аудан әкімі Қаршыға Арыновпен өндірісті-аграрлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында әңгімелестік.

— Қаршыға Зәлмұханұлы, алғашқы сұрағымызды ауданда құрылысы тұралап қалған «тіршілік көзінен» бастасақ. Мәселен, Жоламан, Шұға ауылдарындағы құрылысы екі жылға созылған су құбыры қашан қолданысқа беріледі? Ауданда таза ауызсудан тапшылық бар ма?

— Бүгінде  аудан бойынша барлық елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі тыңғылықты атқарылып келеді. Халықты ауызсумен қамту жайы жүйелі шешімін тауып, ауданның 95 пайызы ауызсудың игілігін пайдалануда. Жалпы, тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету —
жүйелі әрі белгілі бір мерзімді қажет етеді. Сондықтан жұмыстың сапасына аса мән берілуі  қажет. Жақында жұмыс сапарымен Шұға және Шілікті ауылдарын аралап қайттым. Шұға ауылында су құбырының құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта сорғы станциясын іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысанның пайдалануға берілуі 2024 жылдың желтоқсан айының соңына жоспарлануда. Сондай-ақ, Жоламан ауылында су құбыры бойынша жұмыстар аяқталу сатысында. Яғни, жауапты мердігер мекеме тарапынан су ұңғымасы қазылып, ауызсу құбырлары тартылды, су құдықшалары орнатылды. Келесі кезекте сорғы стансасын іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Аталған су құбырларын ағымдағы жылдың соңына дейін қолданысқа беру жоспарда тұр. Бұдан бөлек, шалғай да шағын ауылдарды ауызсумен қамтудың жаңа үлгісі бойынша халық саны аз шоғырланған елді мекендерге кешенді блок-модульдер орнатылған.

— Ақтоғай ауданы — ауыл шаруашылығы мен өндіріске инвестиция тарту жағынан облыс көлемінде көшбасшылардың бірі. Бұл бағытта биыл қандай жұмыстар жүргізілді?

— Аудан бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мейлінше жағдай жасалған. Сондай-ақ, мұндағы ауылшаруашылық саласы аймақтық экономиканың драйверіне айналған деп айтуға болады. Қазір ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы деректерге сәйкес жалпы көлемі 13,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 16,8 млрд теңге дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта 2024 жылға арналған инвестициялық жобалар шеңберінде Ақтоғай ауданы бойынша жалпы сомасы 5,55 млрд теңгеге 4 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл 52 тұрақты және 180 маусымдық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Солардың бірі — Жоламан ауылындағы «Ақтоғай-АГРО» тауарлы сүт фермасы өндіріс қуатын 700 бас сиырдан 1900 басқа дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Мұндағы инвестиция сомасы —
3 млрд теңгені құрайды. Жаңа
24 тұрақты жұмыс орны құрылады. Бүгінгі таңда фермадағы 4-ші мал қораның құрылысы аяқталуға жақын, қажетті құрал-жабдықтар орнатылуда. Сонымен бірге, 2025 жылға жалпы сомасы 2 450 млн теңгеге 2 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта еліміздегі суармалы алқаптарды 2,2 млн гектарға жеткізу туралы Үкіметке пәрмен берген еді. Бұл ретте Ертіс өзенін «еміп өскен» ауданда аталған бағыт бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

— Ел экономикасының негізгі драйверінің бірі – агроөнеркәсіп кешені екені мәлім. Сол себепті бұл саланы дамытуда аудан бойынша ауқымды жобалар жүзеге асуда. Бүгінде суармалы алқаптарды игеру, көлемін ұлғайту, егістікті әртараптандыру жұмыстары қарқынмен қолға алынуда. Әсіресе, астықты ауданда еңбек ететін жергілікті диқандар мемлекеттің демеуін сезініп, егістіктегі өнімдерін еселеп алып жатыр. Атап айтсақ, қазіргі уақытта «Ақтоғай-Агро» ЖШС Қожамжар ауылында ауданы 365 гектарды құрайтын суармалы учаскенің құрылысын жүргізуде. Мұндағы инвестиция көлемі 1,5 млрд теңгені құрайды. Суармалы алқапта 8 тұрақты және 50 маусымдық жұмыс орны құрылатын болады. Бүгінгі күні аталған жер учаскесі пайдалануға берілді, жалпы сомасы 300 млн теңгеге «TL» фирмасының 6 жаңбырлатқыш машинасы орнатылды. Бұдан бөлек, Қожамжар ауылында «Agro Теrrа» ЖШС ауданы 770 гектарды құрайтын суармалы учаскенің құрылысын жүргізуде. Инвестиция сомасы — 550 млн теңге. Суармалы алқапта 15 тұрақты және 80 маусымдық жұмыс орындары құрылады. Қазіргі уақытта «Valley», «TL» фирмаларының 2 жаңбырлатып суаратын және «Western», «Gengze» фирмаларының 3 суару құрылғылары сатып алынды. Учаскедегі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Бүгінгі күні пайдалануға беру актісін дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, Исантерек ауылында «Молочное село» фермерлік қожалығы ауданы 374 гектарды құрайтын суармалы учаскенің құрылысын аяқтауға жақын. Инвестиция сомасы 500 млн теңгені құрап, 10 тұрақты және 50 маусымдық жұмыс орны құрылмақ. Бүгінде жалпы сомасы 220 млн теңгеге «RKD» фирмасының 2 жаңбырлатқыш машинасы орнатылды. Сонымен қатар, 2025 жылы Әуелбек ауылында «Жангөбек» ЖШС жалпы көлемі 746 гектарды құрайтын суармалы учаске құрылысын аяқтамақ. Мұндағы инвестиция сомасы 250 млн теңгені құрайды. Суармалы алқапта 10 тұрақты және 10 маусымдық жұмыс орны құрылады. Бүгінгі күні учаскеге сумен жабдықтау құбырлары тартылып, «Noser» маркалы 4 жаңбырлатқыш техникалары орнатылды.

— Ақтоғайлықтардың жиі қозғайтын мәселесінің бірі – жол. Мәселен, Жолболды-Шілікті ауылдарының тұрғын-дары «жолдың болғанын» қалайды…

— Әрине, жол инфрақұрылымына қатысты түйткілдер аз емес. Десе де, ауданда соңғы жылдары жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Оның ішінде республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар орташа, күрделі жөндеуден өтті. Себебі ауданның сәулеті мен ажарын айшықтап тұратын басты бейнелі көрінісі осы жолдың жайы екені жасырын емес. Сән-салтанатынан бөлек, қатынастың қолайлылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі және көлік қозғалысының діттеген бағытына уақытында жетуі де
осы жол сапасына тығыз байланысты.

Бүгінде аталған Жолболды-Шілікті арасындағы жолдың жағдайы көпті алаңдатады. Шынымен де, ауыл тұрғындары үшін күз-көктем мезгілінде, жаңбырдан кейін бұл жолмен жүру киынға соғады. Қазіргі уақытта бұл автожолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Асфальтобетон» кәсіпорнымен келісімшарт жасалды. Жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың аяғына дейін тапсырылуы тиіс. Шілікті ауылының кірме жолына да қиыршықтас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Шолақсор ауылы тұрғындарының өтініші бойынша Ақтоғай-Шолақсор автожолын асфальттау жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі таңда қалған 30 шақырым (126-156 шақырым аралығы) жолға орташа жөндеу жұмыстары жоспарланды. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен қаражат қарастырылды.

— Облыс әкімі Асайын Байханов ауданда құрылысы кешеуілдеп жүріп жатқан бірқатар нысандардың жағ-
дайына қатаң ескерту жаса-ғаны есімізде. Аймақ басшысы бұл ғимараттардың қысты күні суық болатынын айтып еді. Қазір спорт кешендерінің жылумен қамтылуы қалай?

— Иә, спорт нысандарына қатысты мұндай мәселе бар. Облыс әкімі Асайын Қуандықұлымен спорт басқармасына спорт кешендерінің оқшаулауын және қаңқалық негізін қайта қарастыру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Спорт және құрылыс басқармасы салалық мемлекеттік органдар ретінде тиісті ұсынымдар береді деп ойлаймын. Біз өз тарапымыздан ауданның барлық әлеуметтік нысандарында температуралық режимді сақтауда жан-жақты қолдау көрсетеміз. Мәселен, Қараоба ауылында спорт кешенін салу бойынша «АА BUILDING» кәсіпорнымен
келісімшарт жасалды. Қазіргі уақытта спортзалдың жылу жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде.

— Құрылыс саласына «бұрылыс жасайық».  Ауданда тұрғын үй салу қарқыны қалай?

— Аудандағы құрылыстың қарқыны экономикалық даму мен әлеуметтік жағдайдың артуына өз септігін тигізетіні белгілі. Ағымдағы жылы аудан бойынша әлеуметтік нысандардың құрылысымен қатар 24 пәтерлі тұрғын үй бой көтеріп, баспана кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілуде. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 439 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта кезекте тұрғандар арасында пәтер бөлу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, 2025 жылы халықтың әлеуметтік осал топтағы азаматтарына 24 пәтерлі бір тұрғын үй салу жоспарлануда. Жалпы, 2024 жылы «Ауыл —
ел бесігі» бағдарламасы біздің ауданда іске асырылған жоқ. Ал 2025 жылы аталған бағдарлама бойынша Мүткенов ауылында 144,2 млн теңге сомасына ұзындығы 2,9 шақырымды құрайтын бес кентішілік жолдарды орташа жөндеу және 177,4 млн тенге ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылады.

— Әңгімеңізге рақмет. Ақтоғай ауданы алға баса берсін!

Сұхбаттасқан – А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.