Железин ауданы — облысымыздың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан өңір. Мұнда тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылуда. Бұған ауданға жұмыс сапары барысында тағы бір мәрте көз жеткіздік. Аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтып, жолдарды жөндеу, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру, кәсіпкерлікті дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың үлесі зор. Жергілікті билік осы бағдарламаларды халыққа жан-жақты түсіндіру арқылы оң нәтижеге жетіп отыр.
Әлеуметтік нысандар жаңғыруда
Еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендер «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының жемісін көруде. Железин ауданының Веселая роща ауылдық округінде де аталмыш мемлекеттік бағдарлама табысты жүзеге асырылуда. Веселая роща ауылдық округінің әкімі Нұрхан Құлмағамбетовтің айтуынша, мұнда мемлекет қолдауымен ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған үш жоба қолға алынған. Веселая роща ауылының көшелерінде жолдар жөнделіп, ауылдың орта мектебіне ішінара күрделі жөндеу жүргізілген. Ауылдық мәдениет үйіне де күрделі жөндеу жасалуда. Биыл Веселая роща орта мектебі ғимаратының шатыры жөнделіп, желдету шахталары салынды. Білім ошағының жылыту және желдету желілері жаңартылып, су құбыры, кәріз жүйелері, электр жабдықтары жаңартылып, автоматты өрт дабылы орнатылған. Жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін «ЛОГОТЕК.КZ» ЖШС-мен 163 млн 586,7 мың теңге сомасына шарт жасалған. Нәтижесінде мектептің шатыры жөнделіп, бұрынғы асбест-цементті қаңыртырлардың орнына заманауи шатыр және аспалы суағарлар орнатылған. Мектептің ескі шойын радиаторлары мен құбырлары алмастырылып, жаңа жүйенің жылыту маусымына дайындығы тексерілді. Сонымен қатар, мырышталған құбырлардан 250 м өрт су құбыры жүргізіліп, өрт сөндіруге арналған құрал-жабдықтары бар 6 өрт сөндіру шкафы орнатылған. Мектептің ескі кәріз жүйесі де жаңартылып, қолданыстағы 2 септик қалпына келтіріліп, кеңейтілген. Оған қоса 9 қолжуғыш, электр су жылытқышы бар 2 душ орнатылған. Сондай-ақ, су құбыры мен кәрізді қалпына келтіру жұмыстары толық орындалып, 4 желдету шахтасының құрылысы аяқталды. Веселая роща ауылдық округінің әкімі Нұрхан Құлмағамбетовтің сөзіне сүйенсек, жөндеу жұмыстары барысында нысанның электр жабдықтары мен шамдары жаңартылып, мектептің жарық беру жүйесі жақсара түскен. Веселая роща орта мектебінде күрделі жөндеу бойынша жоспарланған жұмыстардың 98 пайызы орындалған. Мектептің ішкі әрлеу жұмыстары аяқталған соң, оның сыртқы келбетін жақсарту жолдары да қарастырылмақ. Қазіргі таңда Веселая роща ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеу жұмыстарын мердігер ұйым – «Град Строй Сервис» ЖШС жүргізуде. Жалпы сомасы 104 млн теңгеге ғимарат шатыры, терезелері ауыстырылып, жылыту жүйесі ауыстырылды. Сонымен қатар, электр сымдары тартылыпты. Кіреберіс есіктер орнатылып, плиткалар және кавроландар төселіп, көрермендерге арналған орындықтар орнатылған. Ағымдағы жылдың 15 қазанына дейін ауылдық мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарын толық аяқтау жоспарлануда. Ал 2024 жылы
«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша Прииртышск ауылындағы мәдениет үйі мен кентішілік жолдарды жөндеу жоспарланған. Биыл Веселая роща ауылдық округінің орталығындағы Баян батыр, Абай, Целинная, Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, Жеңістің 40 жылдығы көшелерінің жалпы ұзындығы 3461 км жолы орташа жөндеуден өтті. Жалпы сомасы 113 780 мың теңге болатын жобаны «Дорстрой» ЖШС мердігерлік ұйымы жүзеге асырды. Сонымен қатар, металл сигналдық бағаналары бар 7 металл су өткізгіш орнатылған. Барлық көшелерде жол қозғалысы белгілері орнатылып, жолдың жүру бөлігінің белгілері жазылған. Айта кетейік, жақында облыс әкімі Железин ауданына сапары барысында облыстың ТҮКШ басқармасымен бірлесіп Железинка-Веселая Роща автожолының 32 шақырымын асфальттау жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл жоба жүзеге асырылған соң бүгінгі күні Тереңкөл ауылы арқылы айналып өтуге мәжбүр болып отырған ауыл тұрғындарының аудан орталығына дейінгі жолы 2 есеге дейін қысқартылмақ.
Кәсіп бастауға жол
Железин ауданының жергілікті билік өкілдері мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға зор көңіл бөлуде. Аудан тұрғындарын «Ауыл аманаты» бағдарламасымен таныстырып, кәсіп бастауға жол ашатын жаңа бағдарламаның қыр-сырын түсіндіру нәтижесінде тиімді бағдарламаға қатысып, бақ сынаушылар қарасы көбеюде. Железин ауданының Веселая роща ауылдық округіне қарасты Славяновка ауылының тұрғыны Жолдыбай Ахметов жеңілдетілген несие алу арқылы жеке кәсіп ашуға берілген мүмкіндігін пайдалануға шешім қабылдаған. 2016 жылдан бастап жылқы өсірумен айналысатын іскер азамат еңбекқорлығымен, жауап-кершілігімен ел аузында. Биыл жылқы өсіруге ниеттен-
ген Жолдыбай Мәдениетұлы — ауданда «Ауыл аманаты» бағдар-ламасына қатысқан алғашқы үміткерлердің бірі. Ол жеке кәсібін дөңгелетуге 8,6 миллион теңге жеңілдетілген несие ресімдеді. Қазіргі уақытта осы қаражатқа 18 жылқы сатып алып, бағдарлама талабына сай 2 жұмыс орнын ашып отыр. Жалпы, қолынан іс келетін жандар үшін ауылдарды дамытып, отандық агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасының берері мол.
Сапалы ауызсу беріледі
Железин ауданында ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Осы мақсатта биыл ауданның Моисеевка, Есқара, Береговое және Петропавловка елді мекендерінде жеңілдетілген су құбырларын пайдалануға беру жоспарлануда. Осы жобаларды іске асыру үшін 1 339 645 мың теңге, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферт есебінен 583 792 мың теңге, облыстық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен 755 853 мың теңге бөлінген. Жеңілдетілген су құбырының құрылысы Есқара, Береговое, Петропавловка ауылдарында қарағандылық «Life Stroy Invest» ЖШС-мен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Траншея-
ларды әзірлеу, полиэтилен құбырларын дәнекерлеу және төсеу, су құбырларын орнату бойынша жұмыстар орындалды және барлық абоненттерге қосылды. Жоспарлы жұмыстың басым бөлігі орындалған Есқара ауылының тұрғындары көп ұзамай сапалы ауызсумен қамтылады. Бүгінде 2 км құбыр төселген траншея қазылып, 2 км полиэтилен құбырлары дәнекерленген. Сонымен қатар, 17 байқау құдығы орнатылған. Береговое ауылында жоспар-ланған жұмыстың 95 пайызы орындалыпты. Нақтылай айтқанда, 4,4 км траншея қазылып, құбырлар төселген, 20 құдық, 14 гидрант орнатылып, 4,2 км полиэтилен құбырын дәнекерлеу жұмысы жүргізілген. Осылайша ауылдың 82 абонентіне су құбыры жеткізілді. Жоба құны – 355,1 миллион теңге. «Life Stroy Invest» ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізсе, «Әсем-Құрылыс» ЖШС-мен техникалық қадағалауды іске асырады. Нысанды 15 қазанда пайдалануға беру жоспарланған. Ал, Моисеевка ауылында жеңілдетілген су құбырының құрылысын «Әлем-құрылыс Корпорациясы» ЖШС жүзеге асыруда. 2022 жылдың қыркүйегінде басталған су құбыры желісін салу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда жоспардағы 5,9 км құбыр желісінің 4,5 км-і салынды. Үш резервуарға шұңқыр қазылып, қажетті жұмыстар жүргізілді.
Жылумен жабдықтау — жауапты іс
Екі жылға жоспарланған Железин ауданының орталығында жылу желілері мен құрылыстарды қайта жаңарту жобасын іске асыруға ағымдағы жылға облыстық бюджеттен 292 715 мың теңге қарастырылған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына жауапты мердігер – «КазЕвроСтрой» ЖШС. Жобада ұзындығы 3,8 км жылу желілерін қалпына келтіру, оның ішінде Тәуелсіздік, Желтоқсан, Дари Асанов, Абай, А.Молдағұлова көшелеріндегі жылу желілерінің ұзындығын 1,8 км және құбырдың 37 торабын ұлғайту көзделген. Қазіргі уақытта траншеяларды қазу және құбырларды бөлшектеу бойынша жұмыстар орындалды, сондай-ақ жылу камераларын немесе жылу тораптарын орнату бойынша жұмыстар орындалды. Жылу желілерінің құбырларын монтаждау және траншеяларды қайта толтыру бойынша жұмыстар орындалған. Қазіргі уақытта қазандық-тарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталығында Железинка ауылында №1 қазандық жылу желілері мен құрылыстарын қайта жаңарту бойынша жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде мұнда 2 км құбыр жаңартылып, жаңа 1,8 км желілер салынған. Бұл қосымша 40-тан астам абонентті жылуға қосуға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыруға ағымдағы жылға облыстық бюджеттен 292,7 миллион теңге қарастырылған. Бүгінде траншея әзірленіп, темірбетон науалар мен қақпақтар бөлшектелді. Полиуретанды көбік құбырлары әкелінді. Нысанды 2023 жылдың 1 қазанына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Жалпы алғанда, шалғай аудандардың бірі саналатын Железин ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігінің дамуы келешекке деген сенімді ұлғайтады.
Торғын ОРАЗАЛЫ,
Железин ауданы.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.