Жамбыл ауылдық округіне қарасты Әйтей ауылының тұрғындары бірлесіп, өз күштерімен Алла үйін салған. Бір жыл көлемінде асхана ретінде жұмыс істеген орын жақында мешіт мәртебесін алмақ.
Елді мекен тұрғыны Серік Қасымжанов ауылдан көшкен кезде өз шаңырағының құжатын ауыл ақсақалдарына тегін беріп кетеді. Жергілікті тұрғындар ақылдасып, бірауыздан Алланың үйін немесе намазхана ашуды жоспарлайды. Сөйтіп, бар болғаны 6 айдың ішінде ескі үйді бұзып, сол аумаққа мешіт тұрғызады. Ескі үйдің ағашын отынға пайдаланған. Өкінішке қарай, әу баста жаңа нысанға мешіт мәртебесін беруге рұқсат берілмеген. Сондықтан ауыл халқы бұл орынды асхана ретінде пайдаланып, ауылдағы жабдықтарды, ораза, Айт мейрамдарын өткізіп келген.
— Өткен жылы қараша айында ауыл халқының ұйымшылдығымен және демеу-шілігімен Алла үйі бой көтерді. Мешіт мәртебесін алуға рұқсат берілмегендіктен, асхана ретінде бір жыл көлемінде жұмыс істеді. Жақында ауыл үлкендері облыстық дін істері басқармасының басшысы Балтабай Қаппасовтың қабылдауына кіріп, жағдайды түсіндірдік. Ол кісі бір аптадан кейін асхананың жағдайымен танысып, мешіт ретінде ашуға рұқсат берді. Қазір қағаз жұмыстарын реттеудеміз. Бұл іс шешілген кезде асхана мешіт болып қызмет көрсетеді, — дейді Жамбыл ауылдық округінің
тұрғыны Жұмаш Жұмабаев.
Жұмаш Сәрсенұлы ауыл белсенділерінен құралған алқаның мүшесі. Бүгінде Әйтей ауылында 232 адам тұрады. Жаңа мешітте жергілікті тұрғындардың күшімен көмірқора, азық-түлік сақтайтын қойма, асүй, ыдыс-аяқ бөлмесі, жуынатын бөлме қарастырылған. Тіпті, бейнебақылау құрылғысымен де жабдықталған. Мешіт ішіне 150 адам сыяды. Бір жылдың көлемінде аудан орталығына қатынамай, жабдық өткізген адам көп.
— Ауылда жабдық өткізетін асхана, мешіт те болған емес. Көп жағдайда аудан орталығына қатынайтын едік. Оның өзінде көлік жалдап, жергілікті тұрғындар шығынға бататын. Бір жыл көлемінде жұмыс істеген асхана халықтың өз қаражатына салынғандықтан, тегін берілді. Жабдық, ауызашар, Айт кезінде кісі шақырған отбасылар садақа жәшігіне өз қалаулары бойынша ақша салады. Нақты бекітілген сома жоқ. Ыдыс-аяқ та тегін беріледі. Бастысы, дастарханды өздері әзірлеп, соңында жинастырып кетсе болғаны. Егер көмек қажет болса, асүйге көмектесетін әйелдер де бар, — дейді Әйтей ауылының тұрғыны Сапар Әлемханов.
Ауыл халқы тұрғызған мешітке жалпы сомасы 18 млн теңге жұмсалған. Алла үйі қаладағы заманауи мешіттерден кем емес. Іші кең. Бүгінде от жағатын адамды жұмысқа алған.
Осылайша ауыл халқы мақсаттарына жетіп, мешіт мәртебесін алатындарына қуанышты. Әу баста Алла үйі деп салынғандықтан, барлық жағдай қарастырылған. Тек қағаз жүзінде атауы ауыстырылса болғаны. Жабдықта, Айт, ораза мерекелерінде осы орында ас беру жалғасатын болады.
Атап өтерлігі, шағын ауылда 9-сыныптық мектеп бар. Биыл жаңа шағын футбол алаңы пайдалануға берілген. Өткен жылы балалар ойын алаңы бой көтеріп, жергілікті халық орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, ауыл халқының бұл игі бастамасы көпке үлгі. Жергілікті тұрғындарды осы ауызбіршіліктен айырмасын деген тілегіміз бар.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.