Ямышев ауылдық округіне қарасты Қызылқоғам ауылында тұрғындардың игілігі үшін жыл сайын ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Өткен жылы шағын елді мекен орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізсе, биыл кіре беріс жолға асфальт төселген. Келер жылы ауылдағы мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.

Ямышев ауылдық округінің әкімі Бақытжамал Рахметованың айтуынша, биыл жалпы ұзындығы 1244 шақырым кіре беріс жол жаңа кейіпке енген. Мұндай ауқымды жұмыс тұрғындардың тілегі бойынша орындалған. Бөлінген қаражат ауылға кіре беріс жолдан мектепке дейінгі аралықты асфальттауға мүмкіндік берді.

— Биыл бонустық трансферт есебінен ауылда екі жоба жүзеге асырылды. Оның бірі – шағын футбол алаңы. Бұған дейін ауыл балалары ашық алаңда шаңдатып доп тебетін. Енді заманауи футбол алаңында таңнан кешке дейін футбол ойнауда. Бұл бағытқа 11,6 млн теңге қаражат жұмсалды. Екінші жоба – Ямышев ауылындағы мектеп пен балабақша арасына кеспетас орнатылды, — дейді Б.Рахметова.

Ауылдық округ әкімі өткен жылы елді мекенде балалар ойын алаңы салынып, тұрғындар ауызсумен қамтылғанын айтады. Сонымен қатар, ауылдағы кіре беріс жол жарықтандырылып, елдімекендегі бір көшеге жарықтандыру жүйесі орнатылған. Биыл Қызылқоғам ауылында көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі екі отбасы жаңа пәтер кілтін алды. Бұл ретте республикалық бюджет есебінен екі ауылда екі пәтерлі үй салынған. Әр пәтер 3 бөлмеден тұрады. Екі пәтерлі үйдің тағы біреуі Ямышев ауылында салынған. Оның бір пәтері көпбалалы отбасыға, екіншісі 3 баланы асырап отырған жалғызбасты анаға тапсырылған.

— Ауылда 300-ден астам адам өмір сүреді. Шағын ауыл болса да, халықтың тыныс-тіршілігін жақсарту мақсатында жыл сайын ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Келесі жылы елді мекен «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасына енгізілмек. Осы орайда, жоба әзірлеудеміз. Оның аясында ауылдағы мектеп пен мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, 5 көшеге асфальт төсеу жоспарлануда, — дейді Б.Рахметова.

Ямышев ауылдық округіне қарасты Тілектес, Қызылқоғам ауылдарында ұялы байланыс жүйесі жақсы жұмыс істейді. Тұрғындар жоғары жылдамдықтағы ғаламторға қосылған. 2022 жылы Тілектес ауылында Теле2 байланыс желісі орнатылса, былтыр Ямышев ауылының тұрғындары билайн желісіне қосылған. Биыл аталған байланыс желісі Қызылқоғам ауылында да орнатылды. Осылайша үш ауыл ұялы телефонмен 100 пайыз қамтылғанын атап өту керек.

Бақытжамал Рахметова ауыл тұрғындарының ұйымшыл екеніне ерекше тоқталды. Әсіресе, елді мекендегі мектепті бітірген түлектер ауылдағы қызық-қуанышқа бір кісідей атсалысады екен. Жуырда ауыл тұрғындарының бастамасымен, жастардың, түлектердің демеушілігімен шағын футбол алаңының ашылу салтанаты өтіп, ауыл жастарынан құралған бірнеше команда футбол ойнап жарысқан. Демеушілік жасаған жігіттер қой сойып, үлкендердің батасын алған. Жеңімпаз командаларға сый-сыяпат көрсетілген.

Ауылдық округ әкімі ауылға ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған еске алу орны қажет екенін айтады. Ауылдағы қазіргі ардагерлерге арналған мұндай орынның аумағы шағын. Сондықтан болашақта ауыл халқының демеушілігімен елімізді жаудан қорғаған жауынгерлердің құрметіне шағын саябақ ашу ісі де ойға алынған.

— Ауылда атқарылып жатқан игі істі көріп қуанамыз. Жағдайымыз жыл сайын жақсарып келеді. Жас мамандар да ауылға келіп, еңбек етуде. Алдағы жылы жоспарланған жоба қолға алынып, мәдениет үйі мен мектеп жөндеуден өтсе, тіпті тамаша болады. Ауылдағы халыққа жағдай жасап отырған билікке де алғысымызды айтамыз, — дейді ауыл тұрғыны Шолпан Жұмаханова.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Аққулы ауданы.