Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашев жұмыс сапарымен Лозовое ауылына барды. Онда көптен күткен дәріхана ашу мәселесін талқылады. Кездесуге кәсіпкерлер мен инвесторлар, медицина саласының мамандары қатысты.
Аталмыш жобаны жеке кәсіпкер Қанат Ержанов қолға алмақ. Лозовое ауылының тұрғындарының ыңғайлылығына орай дәріхана ашу идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын туған. Биыл ойдағыны жүзеге асырып, бұдан былай ауыл тұрғындары қажет дәрі-дәрмектерін жақын жерден ала алады.
Кездесуге Адам ресурстарын басқару және құқықтық қорғау бөлімінің басшысы, Успен аудандық емханасы, ауылдық қоғамдық кеңестің өкілдері қатысты. Олар жаңа жобаны талқылап, іске асатын күнін белгіледі.
Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашев бұл жоба инвесторлар, медицина саласының мамандары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының көмегімен сәтті басталып, уақытылы ашылуына сенім артуда.
Дәріхана ақпан айының соңында ашылады деп көзделуде. Бұл жоба ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып қана қоймай, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына да септігін тигізері анық.
С.ҒАББАС.
Успен ауданы.
