Бүгінде интернет күнделікті тұрмыстың қажетіне айналды. Көп іс дәл осы ғаламтордың көмегімен бітетін болды. Ауа райы қолайсыз болса да, мектептерде оқу үзілмейді. Онлайн форматта оқытылады. Түрлі электрондық қызметті интернетсіз алу мүмкін емес. Хат-хабар алмасу да интернет байланысынсыз мүмкін емес. Сондықтан, бұл байланыс болмады ма, атқаратын тірлігіңіз де іркіліс табады. Қалалық мекендерде байланыс операторларын тұрғындар таңдап жүріп қосқызатын болса, ауылдық елді мекенде біреуінің өзі кідіріссіз, жоғары жылдамдықпен жұмыс істеп тұрғанының өзі бір бақыт. Жасыратыны жоқ, аймағымыздың бірқатар ауылына өркениет игілігі әлі де жетпей жатыр. Осы орайда, бұл ауылдарды байланыспен қамту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? Қашанғы олар байланыстан тыс болмақ? Міне, осы сауалдар төңірегінде облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әміринмен тілдескен едік.
— Ағыбай Қойшыбайұлы, қай істі алсақ та, интернетсіз бітпейтіні рас. Көп қызмет электрондық форматқа көшкені де белгілі. Осы орайда, облыстағы интернет байланысының қазіргі ахуалы қандай?
— Үш қаламыздың жайын білесіздер, байланыс бар. Ал ауылдарға келетін болсақ, бүгінде облыстың 352 ауылдық елді меке-нінің 343-і кең жолақты интернет желісімен қатылған. Өкінішке қарай, жалпы саны 824 азамат тұратын 9 ауыл желілі немесе мобильді интернетпен қамтамасыз етілмеген. Атап өтсек, Баянауыл ауданына қарасты Бүркітті (51 адам), Қарашоқы (124 адам), Белағаш (64 адам), Біржанкөл (52 адам), Қойтас (72 адам), Александровка (56 адам), Ақши (108 адам), Майкөбе (219 адам), Көкдомбақ (78 адам) ауылдары.
Елімізде іске асып жатқан «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясында бұл ауылдарға 2027 жылдың соңына дейін қолже-тімді интернет жеткізу жоспарланған.
— Биыл облысымызда қанша ауыл өркениеттің игілігін іркіліссіз пайдаланады? Яғни, байланысты жақсарту бағытында қандай жұмыстар атқарылады?
— 2025-2027 жылдары «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясында облыс бойынша 214 ауыл-
дық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған. Мәселен, 2025 жылы 83 ауылдық елді мекен қамтылса, 2026 жылы 90 ауылға жетеді. 2027 жылы 41 елді мекен іркіліссіз байланыс жүйесіне қосылады.
— Ұлттық жоба аясындағы былтыр атқарылған жұмыстар мен ағымдағы жылға жоспарланған басты бағыттарды атап өтсеңіз…
— Ұлттық жоба шеңберінде талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарлануда. Бұл халқы аз ауылдарды жоғары жылдамдықты желілі интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде аймағымызда 2027 жылға қарай елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту көрсеткіші 99 пайызға жетеді деп межеленіп отыр. Сондай-ақ, аталмыш жоба шеңберінде ұялы байланыс операторлары (Beeline және Tele2) 2025-2026 жылдары 250-ден астам халқы бар 21 ауылды байланысқа қосады. Екі жылға арналған лицензиялық міндеттемелерді орындаудың жол картасы әзірленді. Нақтыласақ, Beeline байланысы 15 ауылда пайда болады. Олар – Ақсу қаласының ауылдық аймағы Айнакөлде, Баянауылдың Үшқұлынында, Железин ауданының Захаровка, Озерное, Ертістің Қызылқақ, Қараағаш, Сілеті елді мекендерінде, Аққулының Жамбыл, Шабар, Қызылқоғам ауылдарында, Павлодар ауданының Қарағол, Сычевка, Успенканың Белоусовка, Богатырь ауылдарында, Шарбақтының Сынтас елді мекендерінде қосылады. Теле2 операторы алты ауылды қамтуы тиіс. Ақтоғайдың Әуелбек, Ертістің Луговое, Қосағаш ауылдарында, Павлодар ауданының Бірлік, Әйтім ауылдарында, Успендегі Таволжан елді мекендерінде аталмыш байланыс түрі іске қосылады.
Сонымен қатар, Павлодар облысының халықаралық және республикалық маңызы бар жолдары бойында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында биыл 12 антенналық-діңгекті қондырғы орнату көзделген. Мұндай қондырғылардың үшеуі Баянауыл ауданында, үшеуі Аққулы ауданында, Тереңкөл ауданы мен Екібастұз қаласының ауылдық аймағында екіден, Железин мен Май аудандарында бір-бірден орнатылмақ.
Тағы бір айта кетерлігі, былтыр облыстың 33 мектебінде интернет желісінің жылдамдығын арттыру мақсатында төмен орбитиалды StarLink спутниктік желісінің қондырғылары орнатылды. Биыл тағы 52 мектепке орнату жоспарланып отыр.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.