Ауылда өткен бәйге

Мам 22, 2025

Ямышев ауылында ұлттық құндылықтарды ұлықтаған ауқымды шара ұйымдастырылды. Ауыл тұрғындары мен қонақтары үшін спорттық жарыстар, жәрмеңке ұйымдастырылды.

Дала төсінде жиналған жұртшылық үшін концерттік бағдарлама да ұсынылды. Жергілікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып, көпшіліктің көңілін көтерді. Бұл күні ұлттық рухты айшықтаған бәйге де өткізілді. Әр ауданнан жиналған шабандоздар сәйгүліктерімен жүйткіді.

— Ямышев ауылдық округінде ұйымдастырылған ауқымды шараны Тілектес және Қызылқоғам ауылдары бірлесіп ұйымдастырды. Елді мекен азаматтары мен «Тұз қала тұлпар» ат спорт клубының мүшелері демеушілік жасады. Ересектер мен балалр үшін арқан тарту, садақ ату, қол күрес, кернеге тартылу және бес асық ойындарынан жарыс өткізілді. Бәйгеге аймағымыздың түкпір-түкпірінен 50-ге жуық шабандоз қатысты. Оның ішінде Екібастұз қаласы, Баянауыл, Ақтоғай аудандарынан келген қонақтар болды. Шабандоздар Құнан бәйгесінде 8 шақырым қашықтықта, Аламан бәйгеде 16 шақырым қашықтыққа шапты. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтарға ие болды, — дейді Ямышев ауылының тұрғыны Дәурен Жүнісхан.

Атап өтерлігі, ұлттық дәстүрді ұлықтаған мұндай шара ауылда екінші мәрте ұйымдастырылған. Кеш соңында жиналғандар үшін ас берілді.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.