Баянауыл ауданына қарасты бірқатар елді мекенде шешімін таппаған мәселелер әлі де баршылық. Бұл туралы аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен өткен кездесуінде сөз болды.
— Қаратомар және Жаңатілек ауылдарына іссапармен бардым. Жергілікті халықпен кездесіп, сауалдары мен ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрдім. Қаратомар ауылының халқы интернет желісін іске қосу, су құбырындағы ақауды жою туралы мәселе көтерді. Аудандық маңызы бар Қарашат-Новая Жайма автожолының Жаңатілек-Қаратомар учаскесінде 40 шақырым жолға асфальт төсеуге талап қойып отыр. Бұл бағытта жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні 11 км және қосымша 15 км жол жөндеу бойынша жоба дайын тұр. Мемлекеттік сатып алулар жүргізілуде, — деді аудан әкімі Ардақ Кісентаев. Оның айтуынша, Қаратомар ауылына көше жарықтарын орнату ісі де осы жылдың жоспарына енгізілген. Бұл мақсатқа бюджеттен 48 млн теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алулар жүргізілді. Көп кешікпей көшелерді жарықтандыру ісі басталмақ. Сондай-ақ, Жаңатілек ауылында да «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында құрылыс және жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Н.ШОДЫР.