Железин ауданында Кузьмино деген шағын елді мекен бар. Кезінде жайнап тұрған ауылда халық саны жыл санап кеміп, мектебінің жабылу қаупі туындады. Аядай ауылды сақтап қалу үшін тұрғындар мен билік өкілдері түрлі жолын іздеуге кіріскен. Нәтижесінде, ерлі-зайыпты Иззат Қамзин мен Айжан Каркенова «Сен жалғыз емессің» жобасын қолға алып, ауылдың тынысына қан жүгірді.

«Сен жалғыз емессің»

Кузьмино елді мекені Башмачное ауылдық округіне қарайды. Аудан орталығынан 30 шақырым, Павлодар қаласынан 220 шақырым қашықтықта орналасқан. 20 шақты отбасы, барлығы 76 адам тұрады. Аталмыш ауылдық округтің әкімі Меруерт Мадағұлова шағын ауылда араға жылдар салып дүкеннің ашылуына да дәл осы жоба аясында көшіп келген отбасылар себепші болғанын айтады.

— Кузьмино сияқты шағын елді мекендерде мектеп жабылса, ауылдың да болашағы болмайтынын білеміз. Өткен оқу жылында мектепте бір ғана оқушы қалып, алдағы уақытта ауылымыз қысқарып кете ме деген қауіп төнді. Оңтүстіктен екі отбасы көшіп келгенімен, біреуі тұрақтамады. Өзге ауылға қоныс аударып кетті. Содан ауылды аман алып қалудың амалдарын ойлас-тыра бастадық. Ауылдастармен ақылдастық. Әркім азаматтық ұстанымын білдірді. Ал Айжан мен Иззаттың жобасы әлеуметтік желі арқылы кеңінен тарап, ауылға келіп, жаңа өмірге қадам басқысы қалайтындар табыла кетті, — дейді ауылдық округ әкімі.

Айжан Каркенова оңтүстіктен келген отбасылар көмекті көріп, кетіп қалатынына қапаланады. Бұл ретте, Айжан күйеуі Иззатпен ақылдасып, нақты мұқтаж, баспанасы жоқ адамдарды тарту керек деген тоқтамға келеді. Осы орайда, жалғызбасты аналар мен тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген жандарды құшақ жая қарсы алып, жаңа өмір бастауларына қол ұшын беруге бел буады. Осылайша, «Сен жалғыз емессің» жобасын ұйымдастырады. Айжан бұл ұсынысты әлеуметтік желі арқылы таратады. Яғни, тағдырдың қиындығына тап болғандарға баспана беріп, барынша тұрақтап қалуына жағдай жасайтындарын уәде етті.

— Ауылдан үш үйді сатып алдық. Ауылдастарымыз, мектеп ұжымы көмектесіп, өз қаражатымызға жөндеу жұмыстарын жүргіздік, — дейді жобаның алғашқы сәттеріндегі дайындық жайлы Айжан.

Иззат пен Айжан өздері үш бала өсіріп отыр. Сонымен қатар, бір баланы патронаттық тәрбиеге алған. Иззат — аталмыш ауылдың тумасы, ал Айжан Павлодар қаласында дүниеге келген. Ауылдық өмірге әлдеқашан бейімделіп кеткен. Күйеуімен бірге шаруашылық ұстайды. Ауылдары үшін жанын салуға дайын екі белсендінің «Сен жалғыз емессің» жобасы бойынша ұтымды ұсынысты қабыл алып, еліміздің түкпір-түкпірінен келуге ниет білдіргендер хабарласады. Алғашқы төрт ана балаларымен ауылға қоныс аударып үлгерген. Мәселен, бір ана Көкшетаудан, тағы бірі Қостанайдан, әрқайсысы үш баласымен железиндік ауылда алаңсыз күн кешуге шешім қабылдаған. Яғни, күйеуінің зәбірінен шаршап, балаларын да ауыр жағдайда өсіріп-тәрбиелеуді жөн көрмеген әйелдер жерлесіміздің жобасы аясында мейірімді азаматтардың аялы алақанын сезе бастады. Бұл отбасыларға ауылда бос тұрған үйлер жөнделіп, табысталған. Алғашқы отбасыға ауылдағы бос тұрған үйді Айжан мен Иззат өз қаражаттарына сатып алып, жөндеу жүргізген екен. Кейін Башмачное ауылдық округінің әкімдігі де қолдауға кіріседі. Аудан басшылығы да сәтті жобаға жәрдемдесуді жөн санайды. Шағын ауылға келушілер қыста отын-суына да алаңдамайды, кәсіпкерлер көмегін беруде. Әйелдер жергілікті мектепте, жеке қожалықтарда еңбекпен де қамтылып отыр. Иззат пен Айжан биыл аналарды жұмыспен қамту үшін жазда 1500 бас қаз сатып алыпты.

Ауыл тұрғындары да қатарларына қосылған жандардың жаңа мекенге сіңісіп, барынша жылдам бейімделіп кетуіне қолғабыс жасап, қолдан келген жәрдемін аямауда. Ең бастысы, ауылға тұрақтап, оның көркеюіне мүдделі болса, болғаны. Сонымен бірге, аналарды қабылдарда кемі үш баласы барларға басымдық береміз, дейді Айжан ханым.

Осылайша, кезінде екі жүзге жуық оқушысы болған мектепті ауылдастар билікпен бірлесіп, сақтап қалды. Биыл мектепте 11 шәкірт білім алуда. Осылайша, елі үшін елеңдейтін ерлі-зайыптылардың  жобасы бір ауылдың болашағына айтарлықтай әсер етті.

Аудан, ауыл әкімдіктері белсенді азаматтардың бастамаларына қашанда қолдау көрсетуге әзір. Мәселен, бос үйлерді сатып алу кезінде құжаттарын реттеуге, жаңа тұрғындарды жұмыспен қамтуға көңіл бөледі. Алдағы уақытта тағы да инвесторлар, жомарт жандарды әлі де тартуға ниетті. Әлбетте, әр жерде біреудің жатақханасы мен пәтерін жағалап жүргеннен, ауылда жеке баспанаңда өмір кешудің мәнін түсінгендер железиндік бірегей жобаға ағылатыны сөзсіз.

Бұл дүкеннің жөні бөлек

Сөйтіп, шағын ауылда аналар шаттыққа бөлене бастады. Жаңа мекенге тез үйренісіп кеткен. Тек ауылда дүкеннің жоқтығы қолайсыздық туғызса керек. Содан биліктен балаларына күнделікті азық-түлікті алыстан тасығанша, іргесінде дүкеннің болғанын қалайтындарын айтып, өтініш білдіріпті. Аудан әкімдігі ауылда бос тұрған үйдің бір бөлігін сатып алып, дүкен ғимараты етіп лайықтаған. Бұл тілектері де көптің көмегімен орындалыпты. Нақтысы, аудан орталығынан Николай Калюжный есімді кәсіпкер шағын ауыл тұрғындарының өтінішін жерге тастамай, қол ұшын созған.

— Ауыл азаматтарының көзінен қуаныш көрініп тұр. Иззат пен Айжанның белсенді азаматтық ұстанымдарының нәтижесінде Кузьмино ауылы жаңа тыныстай бастады. Біз де өз тарапымыздан қолдауды жөн көрдік. Кәсіпкерлер де жұмылды. Кейбір ауылға нан жеткізетін кәсіпкер таппай жатамыз. Оңай емес. Ал аталмыш ауылға өз еркімен дүкен ашып беруге ниет танытқан Николай Олеговичке алғысымыз шексіз, —  деді аудан әкімі Айтуған Шайхимов дүкеннің ашылуы сәтінде.

Дүкенді ашуға бірнеше ай жұмсалыпты. Көп болып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті сөрелері жеткізілген. Кәсіпкер азық-түліктің түр-түрін сөреге толтырды. Мұнда күнделікті қажеттінің бәрі бар. Ең бастысы, бағасын кәсіпкер аудан орталығындағыдай мөлшерде ұстап отыр. Себебі, іскер азамат азық-түлікті Павлодар қаласынан көтерме бағамен жеткізеді. Бұл сауда нүктесінде, қуантарлығы, арақ-шарап сатылмайды. Ауылдықтар осындай тоқтам жасапты.

Жан бітті

 Аталмыш ауылдың байырғы тұрғыны Мария Волкованың қуанышында шек жоқ. Көшеде арлы-берлі жүгіріп ойнаған балаларды көргенде өмірге деген құлшынысы арта түскенін жасырмайды.

— Кузьминода 1978 жылдан бері тұрамын. Ауылымызда тоқсаныншы жылдардан бері жеке дүкен болған жоқ. Үй-үйде кішігірім сауда-саттық жасалатын. Бірақ, аудан, қала орталығындай азық-түліктің түр-түрі қойылған қазіргідей дүкен бізде жоқ еді. Бұрын азық-түлікті аудан орталығынан көлік жалдап, жеткізетінбіз. Тасымалдаушылар күтіп тұрып, кері алып кететін. Кейде ойлап барған затыңның бірін ұмытып кетесің. Ондайда, амалын тауып, ол өнімсіз күнімізді кеше береміз. Ал енді іргедегі дүкеннен керегімізді кез келген уақытта сатып аламыз. Тіпті, дүкеннің Whatsapp желісінде жеке чаты ашылды. Мұнда күнделікті жаңадан түскен азық-түлік түрлері көрсетіледі. Жаңадан піскен тоқаш әкелсе де, жүгіріп жетеміз, — дейді М.Волкова.

Ол ауылында орын алған оң өзгерістер Иззат пен Айжанның «Сен жалғыз емессің» жобасының арқасында екенін атап өтті.

— Ауыл тұрғындары қатары сиреп, үлкендер ғана қалған едік. Көшеде топтасып ойнап жүрген бала көру арман боп қалды. Кәдімгідей ауылымыз құрып кетті. Мұндай көріністі көру ауыр, әрине. Биыл екі ауылдасымыздың бастамасының нәтижесінде ортамыз тола бастады. Шалым екеуіміз тұратын көшеде бізден басқа жан жоқ еді. Жазда үш баласы бар анамен көрші атанып жатырмыз. Терезеден оның балаларының ойнағанына қарап, балаша қуанамын. Көшіп келген көршім мектепке жұмысқа кірді. Түске дейін мектепте жұмыс істейді, түстен кейін дүкенде – сатушы. Үйіне су тартылып, су жылытқыш та орнатылған. Яғни, барлық жағдай жасалды. Бұл жұмыстарға ауылдастарымыз бір кісідей көмектесті. Ауылдың жігіттері қоныс аударған жандардың ағашын жарып, отынын тасып беруде. Жәрдемдесіп жатыр, — дейді Мария әжей.

Айжан ханым көктем шыға 2-3 үйді жөндеп, тағы отбасыларды шақыратындарын мәлім етті. Бастамашыл ерлі-зайыптыға қарап ауылдастары да бой түзеуде. Көктемде айналасын абаттандырып, ауылды көріктендіруге асық. Міне, шалғай ауылдың құрып кетпеуіне, қысқарып, жоқ болмауына ауылдықтар да барын салуда. Әйтпесе, елімізде болашағы жоқ, мектеп табалдырығын аттайтын бірде-бір бала қалмаған елді мекендер біртіндеп қысқарып жатқаны жасырын емес. Алысқа бармай-ақ, Железин ауданындағы Груздевка елді мекенін алсақ, өкінішке қарай, бұл ауыл келесі жылы өңірдің картасынан келмеске кетпек. Қазіргі таңда ауылды қысқартуға қажетті құжаттар әзірленіп жатқан көрінеді. Мұндай жағдайға жеткізбеу үшін әр ауылда Иззат пен Айжандай азамат табылса дерсің…

«Талбесікті» әзірлеген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Железин ауданы.