Соңғы уақытта елімізде республикалық немесе аудандық маңызы бар жолдар ғана емес, ауылішілік жолдарға да ерекше мән беріліп келеді. Соның бір дәлелі — Май ауданындағы елді мекендердегі көше жолдарын ретке келтіру.
Мәселен, аудан орталығы — Көктөбе ауылында соңғы екі жылда ірі жобалар қарқынды жүргізіліп келеді. Мысалы, өткен жылы ауылішілік 9 көше жөнделсе, биыл 13 көшеге асфальт төселіп, қайта қалпына келтірілді. Осы жылы атқарылған жұмыстарға облыстық бюджет есебінен 291 млн теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары барысында жалпы ұзындығы 7650 шақырымдық 13 көше жөнделді. Мердігер — «Павлодар жолдары» ЖШС.
Көктөбе ауылының әкімі Әкімбек Темірғалиновтың сөзінше, аталған жұмыстар осы жылдың маусым айында басталып, шілде айының соңында аяқталған.
— Өткен жылы ауылымызда 9 көше жөнделді. Оған облыстық бюджеттен 216 млн теңге бөлінді. Ал биыл 13 көшеге асфальт төселді. Аталған жұмыстарды екі жыл қатарынан «Павлодар жолдары» ЖШС мердігерлік ұйымы атқарды. Жалпы, жұмысқа 17 техника және 6 адам тартылды. Жұмыстар 100 пайыз аяқталды. Барлық белгі қойылды. Келесі жылға 3 көшені жөндеуді жоспарлап отырмыз. Егер олар қайта қалпына келтірілсе, Көктөбе ауылындағы барлық көше толық асфальтталатын болады, — деп атап өтті Ә.Темірғалинов.
Көше жолдарының жөнделгенін көрген ауыл тұрғындары игі істің жүргізілгеніне қуанышты. Себебі, бұрын еш жөндеу көрмеген жолдардың әбден тозығы жетіп, шұңқырлар мен шұрық тесіктер көліктер мен адамдардың жүріп тұруына біршама кедергі келтірген.
— Осы ауылда тұрып жатқаныма 45 жылға жуық уақыт болды. Осы көшенің бойында тұрамын. Бүгінге дейін жолдың сапасыздығына қатысты бірнеше мекемеге шағымдар мен хаттарды жолдадық. Аталмыш мәселе шешімін биыл тапты. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жолдар оңалып, жолаушылардың жағдайы жақсарып қалды. Жүруге ыңғайлы. Жолдың жөнделуі – тұрғындар үшін бір қуаныш, — дейді ауыл тұрғыны Бәтима Сәрсенбекова.
Бетті әзірлеген — Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.
Май ауданы.