Баянауыл ауданында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша бірқатар жаңа жобалар жүзеге асуда. Бұл бағыттағы жұмыстар әкімдік тарапынан жіті бақылануда.
Жақында аудан әкімі Ардақ Кісентаев мемлекеттік бағдарлама аясында Жаңатілек ауылында атқарылып жатқан жұмыстармен таныс болды. Оның айтуынша, аталмыш елді мекенде жергілікті тұрғындардың сұрауы бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтермек. Сонымен қатар, ауылішілік жол салынуда.
— Биыл 4,640 шақырым ауылішілік жол күрделі жөндеуден өтеді. Қазіргі таңда жұмыстар басталып кетті. Аталған ауылға өзім арнайы барып, іс барысымен танысып қайттым. Ауыл халқының өмір сапасын жақсарту мақсатында қолға алынып жатқан жұмыстардың ойдағыдай орындалуын тікелей өзім қадағалайтын боламын, — деп атап өтті аудан басшысы. Сонымен қатар, осы жылы Жаңатілек ауылында көшелерді жарықтандыру мәселесі де оң шешімін таппақ.
Н.ШОДЫР.