Мемлекеттік бағдарламалардың игілігі барлығына ортақ болуы тиіс еді. Алайда Аққулы ауданының тұрғыны Қобыланды Шынасылдың жағдайында бұл қағида жұмыс істемей тұр. Ол елді мекенде кәсіп бастап, дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасына 3 жылдан бері қатыса алмай келеді.

Мәселені басынан баяндайық. Қобыланды Шынасыл Аққулы ауданына осыдан 6 жыл бұрын «Оңтүстіктен–Солтүстікке» бағдар-ламасы бойынша қоныс аударған. Жұбайы аудандық ауруханада терапевт болып еңбек етеді. Бүгінде бесінші сәбиін күтіп отырған көпбалалы отбасы.

Ауылда кәсіп бастамақ ниетпен жиған-терген қаражатына жер алып, азық-түлік дүкенінің құрылысын жүргізеді. Сауда орнының бір жағы тауар сақталатын қойма болса, екінші бөлігі – дүкен. Бүгінде нысанның құжаты толығымен дайын. Өкініштісі, кәсіпкердің мақсаты орындалмады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен несиеге қол жеткізе алмауы салдарынан дүкенді 3 жыл көлемінде аша алмай келеді.

— «Оңтүстіктен – Солтүстікке» бағдарламасы бойынша көшіп келіп, мемлекет тарапынан берілген қолдауды толығымен алдық. Жұбайым екеуіміз жұмысқа орналастық. Өзімнің мамандығым – мұғалім. Аудандағы өнер мектебінде еңбек етіп, өз еркіммен жұмыстан шығуға өтініш жаздым. Оған жеке кәсіпті қолға алуым себеп. Азық-түлік дүкені әлі ашылмағандықтан бос тұрмасын деп 6 қоймасын техникалық қызмет көрсету станциясына айналдыруға тура келді. Бұл жерде көліктің майын және дөңгелектерді ауыстырамын. Сонымен қатар, қолымнан келгенше ақауы бар көліктерді жөндеймін, — дейді кәсіпкер.

Қазіргі уақытта Қобыланды Шынасыл ауылдағы көліктерді жөндеуден өткізіп, жүргізушілерге қолынан келген көмекті көрсетуде. Техникаға қажетті сайман облыс орталығынан жеткізіледі. Көп жағдайда көлік жүргізушілері керек сайманды өздері сатып әкеледі екен.

— Күніне кем дегенде 2-3 көлікті тексеремін. Жұмыстың ауыртпалығына қарай қызмет бағасы да әртүрлі. Дегенмен, ауылда тұрғаннан кейін әр адамның жағдайын ескеріп, берген сомасын аламын. Айына кем дегенде 200 мың теңгеден астам табыс келеді.

Қазіргі уақытта Аққулы ауылының кіре берісінде техникалық қызмет көрсету станциясын ашу жоспарда тұр. Құрылысты жүргізуге қажетті құрылғылардың бәрі сол орынға жеткізілген. Алдағы жылы азық-түлік дүкенін ашу үшін бар күшімді саламын. «Ауыл аманаты» бағдарламасына құжаттарым өтпей келеді. Аудан басшылығы да бұл мәселеден хабардар. Келер жыл «Жұмысшы мамандығына» арналады дегенді естіп, қуанып едім. Біз сияқты еңбек етемін деген адамдардың тілегі орындалса екен деймін, — дейді кәсіпкер.

Қобыланды Шынасыл Түркістан қаласында тұрған үйлері сатылымда тұрғанын айтады. Егер сол баспана өтсе, қаражатты дүкен ашуға жұмсайтынын да жасырмады. Бастысы, үш жыл бұрын қолға алған мақсатының орындалғанын қалайды.

— Өз қаражатыма салған нысанда жұмыс жандандыру үшін қаржы болмай тұр. Мәселем үш жыл көлемінде шешілмей келеді. Соған қарамастан шама-шарқымша көлік жөндеу ісімен айналысып, нысанның қаңырап бос тұрғанын қаламадым. Билік тарапынан қолдау көрсетіліп, бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алсам деймін. Құжаттарым өтсе, кәсібімнің өрге бастайтынына сенімдімін, — дейді кәсіпкер.

Ауыл тұрғындарының игілігі үшін кәсіп бастаған Қобыланды Шынасылдың тілегі орындалып, құжаттары «Ауыл аманаты» бағдар-ламасына қабылданса екен дейміз. Басылым кәсіпкердің мәселесін назарда ұстайтын болады.

 

 Айдана ҚУАНЫШЕВА.

Аққулы ауданы.