Биыл Алакөл ауылдық округінің жергілікті бюджеті айтарлықтай ұлғайып, елді мекеннің қажетін өз қаражатына жасауға жарапты. Нақтысы, жергілікті қазынаға түскен қаржыға ауылда бейнебақылау камералары орнатылған.
Алакөл ауылдық округінің әкімі Татьяна Метлушконың айтуынша, биыл жерді жалға алудың пайыздық мөлшерлемесі артқан. Сәйкесінше, елді мекеннің аумағына енетін жер телімдері үшін төлем ауылдық қазынаға түседі. Аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі «Пахарь» ауыл шаруашылығы кәсіпорнына тиесілі төрт егістік алқабы дәл осы Алакөл ауылы аумағында жатыр. Міне, осы жер телімдері үшін шаруашылық жергілікті бюджетке салық төледі. Одан бөлек, мүлік, жер салықтары да түскен. Аталмыш ауылдық округ ағымдағы жылы жергілікті бюджетті жоспардан артық орындаған. Айта кетсек, 8 млн теңгеден астам қаражат түскен. Бұл қаражат елді мекеннің қажеттіліктерін өтеуге жұмсалуда. Мәселен, 2 млн теңгеден астам қаржыға ауылда бейнебақылау камералары орнатылған. 920 мың теңгеге камераның тіркеуіштері, ал 1,4 млн теңгеге камералар қойылған. Аталмыш ауылда 567 адам тұрады. Осылайша, алакөлдік тұрғындар елді мекенде қауіпсіздік шараларымен қамтылды.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.